«Мойынқұм ауылына Жазылбек Қуанышбаевтың есімін бергіземін»
«Мойынқұм ауылына Жазылбек Қуанышбаевтың есімін бергіземін»
«Nur Otan» партиясы праймеризіне Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан өтінім берушілердің қарасы күн санап артуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 19 адам құжаттарын өткізіп, бақ сынауға ниет білдірген. Олардың қатарында 23 жасар Марапат Мұратұлы да бар. Марапат «Nur Otan» партиясы Мойынқұм аудандық филиалының жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы. Жиырманың асуынан енді асқан жас праймеризге түсудегі нақты ұстанымын айтып отыр. – Егер аудандық мәслихаттың депутаттығына өтетін болсам, сөзден гөрі іске басымдық беремін. Ең бірінші, ауыл тұрғындарының талай жылғы базынасына айналып жүрген көгілдір отын мәселесін шешкім келеді. Себебі Мойынқұм ауылы облыс орталығынан 360 шақырым қашықтықта жатқандықтан біз жақтың қысы суық. Халық көмірмен үйін жылытып, күнелтуде. Осы түйткілдің түйінін тарқатсам деймін. Екінші мәселе – жуырда ауыл тұрғындары тарапынан Мойынқұм ауылына екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдау білдіргенін естідік. Енді осы мәселені аяғына дейін апарып, ауылымыздың аты шопан атамыздың атымен аталуына күш салғым келеді. Үшіншіден, аудандағы жұмыссыздықпен күресті күшейтсем деймін. Ол үшін Мойынқұм ауданында барлық ресурс бар. Тек тірліктің тетігін тауып, жастарды бірлік пен еңбекқорлыққа шақыру керек. Бұдан бөлек те, жоспарлап отырған мақсат-міндеттерім аз емес. Егер праймеризден өтіп жатсам, осы жоспарларымды жүзеге асыруға барымды саламын, – дейді Марапат.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы