«Соңғы жылдары елімізде көптеген ата-ана баласын ресейлік білім беру платформаларында қашықтан оқытып жатқаны құпия емес. Ресейде білім беру платформалары мектептермен келісімге отырады да, бала автоматты түрде сол мектептің оқушысы атанады. Оқушы мектеп бітірген кезде қолына Ресейдің аттестатын алады», – дейді журналист әрі бизнес тренер Ольга Аринбасарова Қазақстан баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, көрші ел 15 жылдан бері оқушыларын осы тәсілмен оқытып келеді. Яғни, ата-анасы баласын кәдімгі мектепке беруіне немесе қашықтан оқытуына болады. Білім бағдарламасы – ортақ. Қашықтан білім алу шалғай аудандарда тұратын немесе жарыстарға жиі баратын спортшы балаларға ыңғайлы. Ал қазақстандық балалар тек елімізде лицензия алған мектептерде ғана білім алуы тиіс. Оның пікірінше, бұл жерде құқықтық вакум пайда болып отыр. Қазіргі уақытта қазақстандық қанша баланың Ресей білімін алып жатқанын дөп басып айту қиын, себебі ата-аналар бұл мәселені жарияламауға тырысады екен. «Дегенмен менің ойымша, қазір тек Алматы қаласында ғана мыңнан астам бала ресейлік платформаларда білім алып жатыр. Ал республика бойынша олардың саны тіптен көп. Санап шығу мүмкін емес», – дейді ол.
Айдана БЕГІМ