Түркістаннан табылған сұрақ белгісіне ұқсас сырға қай кезеңге тән?
Түркістаннан табылған сұрақ белгісіне ұқсас сырға қай кезеңге тән?

Күлтөбедегі археологиялық қазба жұмыстары тың деректердің бетін ашуда.

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты ортағасырлық Күлтөбе қалашығында тарихшылар мен ғалымдар және археологтардың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Басқосудың мақсаты – қорық-музей аумағында атқарылып жатқан археологиялық қазба жұмыстары мен оның нәтижесі және археологиялық саябақ құру, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру.

Шараға Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков, Күлтөбе археологиялық саябағына арналған жобаның жетекшісі Андрей Хазбулатов, тарих ғылымдарының докторы, археолог Тамара Савельева, тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа, археолог Серік Ақылбек, археолог Гурсой Музаффар, «ERG Kөmek» корпоративтік қорының жетекшісі Сейітқали Рахымов және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің басшылығы мен қызметкерлері, реставраторлар мен БАҚ өкілдері қатысты.

– Күлтөбе қалашығын зерттеу және археологиялық саябаққа айналдыру жобасы «ERG Kөmek» корпоративтік қорының демеушілігімен жүргізіліп отыр. Осыны ескере отырып, өкілетті орган ретінде археологиялық жұмыстармен мәдениет және спорт министрлігі айналысады. Қазіргі таңда өкілетті орган ретінде жұмысты қабылдап, баға беру ерте. Зерттеу және археологиялық жұмыстар толық біткен кезде, комиссия қорытынды шығарғаннан кейін ғана объект қабылданатын болады, – деді Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова.


Күлтөбеден табылған алтын, темір және қоладан жасалған бұйымдар, қыштар мен тиындар, органикалық заттар, тандырлы пештері бар тұрмыстық бөлмелер, ыдыс-аяққа арналған көптеген плиткалар, балалардың ысқырық ойыншықтары әр кезеңнің көрінісін айқындап беруде. Сондай-ақ, жуырда ғана табылған қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары да ғұн кезеңінің жасалу технологиясынан хабар береді.

– Әдетте алтыннан жасалған жәдігерлер қаланың ортасында емес, сырттағы обаларда табылады. Күлтөбеден табылған сирек кездесетін жәдігердің де ерекшелігі осында. Мұның жасалу үлгісі сақ дәуірінде басқаша болған, қосымша тастарды әшекейлеп бетіне жапсыру болмаған. Бұл – ғұн, сармат кезеңдеріне тән, II-III ғасырға тән алтындар қатарын толықтырып тұр. Әр кезеңге тән бірнеше алтындар табылып отыр. Бізді қызықтырғаны – сұрақ белгісіне ұқсас сырға. Ол көбіне қыпшақтарға тән болған. Әрбір жәдігер ата-тегіміз бен салт-дәстүр ғұрпымыздан хабар береді, – деді тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа.

Сонымен қатар, Ясауидің ілімі тараған мәдени-рухани өлкедегі жер қойнынан табылған жәдігерлердің бірегейі – араб графикасында жазылған қос кітап. Жәдігерлердің бірі хумдан пештің ішіндегі құланды қыштар арасынан табылған.

– Күлтөбе – терең зерттеуді қажет ететін тарихқа толы өлке. Биылғы жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары бірқатар табыстарға қол жеткізді. Көңіл қуанады. Мұндағы мамандардың арнайы шақыруымен келіп, қазбадан табылған кітаптарды қайта жаңартып, қалпына келтіруге кірістім. Жәдігерлер ағаш ұнтағынан жасалған секілді. Себебі, сақталуы өте нашар. Кейбір фрагменттері ғана сақталып, үгітіліп тұр. Көп еңбек етуіміз керек. Қайта қалпына келтіріп болған соң ішіндегі жазуларды толықтай оқып, зерттеуге мүмкіндік аламыз, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков.

Археологиялық парктер – тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау мен зерттеудің кешенді жобасы. Түркістан қаласы – әртүрлі дәуірлердің археологиялық ескерткіштері тығыз орналасқан мекен. Сондықтан археологиялық саябақ құру жобасы үшін де ең қолайлы орындардың бірі. Осы орайда қолға алынған жобалар аясында консервация және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Түркістанға келген туристер Ясы келбетінің, қазақ тарихымен таныстырылады.

Айта кетсек, Күлтөбе қалашығындағы жұмыстарды Қазақ ғылыми-зерттеу институты «ERG Kөmek» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен жүргізуде. Институт құрамында белгілі археологтар мен ғалымдар, тарихшылар және реставраторлар жұмыс атқарады.