Сақтандырушының сергелдеңінен сақта!
Сақтандырушының сергелдеңінен сақта!
142
оқылды
 

Жөнделмегенге жаза бар

Бұл секторда клиенттер құқығы жиі бұзылады. Тиісінше, биылғы жыл басталғалы сақтандыру компанияларына жалпы сомасы 24 миллион теңге айыппұл салын­ған. Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігінің мәлі­ме­тінше, 2020 жылдың бірінші жар­тысында қаржы қызметтерін тұтынушылар құқығын қорғау аясында сақтандыру ұйымдарына қатысты 22 жаза қолданылыпты. Нақтылай кетсек, оларға 15 әкім­шілік айыппұл салынған. 6 рет жаз­баша ескертпе жасалған. Біреуінің лицензиясы тоқтатылды. Жүргізілген талдау көрсет­кен­дей, сақтандыру компаниялары қылмыстық жолмен табылған табыстарды заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарын сақ­тамайды екен. Егжей-тегжейін жауапты агенттік айтпады. Жалпы, бірінші жартыжыл­дықта қаржылық реттеуші оларды 24,4 миллион теңге әкімшілік айыппұлмен жазалады. Ең көп айып­пұлды «Астықты сақтан­дыру компаниясы» арқалады: ол 8,3 миллион айып төледі. Бұған қоса, 13 наурызда пруден­циал­дық нормативтер талабын орын­дамағаны үшін бұл компанияның лицензиясы 6 айға тоқтатылған. «Салынған айыппұл сомасы бойынша антилидерлер қатарына, сондай-ақ 3,9 миллион теңге айыппұл салынған «Сентрас Иншуранс» және 3,1 миллион теңге «арқалаған» Jýsan Garant кіріп отыр. Активтерінің көлемі жөнінен еліміздің ең ірі бестігіне кіретін сақтандыру компаниясы арасында «Халық» сақтандыру компаниясы» АҚ (1,1 млн теңге) және KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ (1,7 млн теңге) секілді ұйымдар айыппұл түрінде жаза тартты», – дейді Finprom сарапшылары. Бұдан бөлек, осындай әкім­шілік жауапкершілік санкциясы биыл «ТрансОйл» (2,2 млн), «Интертич» (2 млн), «АСКО» (855,6 мың), «НСК» (777,8 мың) және «Еуразия» сақтандыру ұйым­дарына қолданылды.  

Триллиондық межені бағындырды

Қазіргі кезде елімізде 28 сақ­тандырушы компания ғана бар. Оның ішінде тек 9-ы адам өмірін (мысалы, коронавирустан) сақтандырумен айналысады. Сақтандыру агенттерінің жалпы саны 10 мыңнан асады. Сарапшылар Қазақстанда сақтандыру нарығы жылдам қар­қын­мен өсіп келе жатқанын айтады. Кейінгі 5 жылда олардың жалпы активінің көлемі жыл сайын орта есеппен 16,5%-ға артып отырды. Бүгінде сақтандырушылардың ауқат-активі 1,5 триллион теңгеге жуықтады. Бұл былтырғыдан 23,2%-ға көп. Салыстыру үшін айтсақ, 2015 жылы олардың жалпы активті небәрі 651,9 миллиард теңге ғана болған. 2016 жылы нарық 30 па­йызға немесе 847,5 миллиард тең­геге дейін өсті. Содан бері тек өрлеуде: 2017 жылы – 894,1 млрд, 2018 жылы – 993,2 млрд, 2019 жылы 1 триллион 120 миллиард теңгені құрады. Ал коронавирус пандемиясы кезеңінде шамамен төрттен бірге бірден ұлғайды. Әрине, бұл шегі емес: қазіргі заманда әлемде апаттар, түрлі тәуекелдер және кесірлер саны артуда, олар қордалана келе адам­затты айтарлықтай экономикалық шығынға батырады. Сондықтан қазақстандық қоғам да сақтан­дыруды табиғи апаттардың, эпиде­мияның, өнеркәсіптік апаттардың экономикалық салдарын азайту үшін пайдалана бастады. Сол ар­қылы адамдар өзі және отбасы мүддесін қамтамасыз етуге тыры­сады.  

Жабайы күйден қазіргі қалыпқа

Қазақстанда сақтандырушылар қаптап кеткен кез де болды. «Өткен ғасыр соңында бұл нарық бізде жабайы сипат ал­ды. Алғашқы сақтандыру фирма­лары 1990 жылы пайда болды: бастапқыда олар кооперативтер мен серіктестіктер нысанында құрылды. Заңсыз табылған қара­жатты «тазартумен» айналысқаны да табылған. Кейін нарық өрке­ниетті сипатқа келгеннен кейін көбі акционерлік қоғамға айналып, ашық, жария жұмыс істеуге көшті. Бұл батыс елдері стандартына сәйкес келеді», – дейді экономика ғылымдарының докторы Кеңес Райымов. Мысалы, 1993 жылы сақтандыру ұйымдарының саны 900-ге жеткен. Осы жылы ел тарихында тұңғыш рет «Сақтандыру туралы» заң қабылданып, саланың заманауи дамуының негізі қаланды. Сонда нарықтағы ойыншылардың атауын­­да «сақтандыру» сөзі бол­ғаны­мен, шынында біразы кү­мәнді басқа істермен шұғылдана­тыны анықталды. Қаржыгер ғалым А.Шатанованың мәліметінше, сонда жаңа заң талаптарын тек 13 сақтандыру компаниясы ғана орындай алған. Ізінше тағы бір тобы талапқа сай деңгейге көтеріле алды. «Сол жылы 38 компанияның бастамасымен Қазақстанның сақтандырушылар одағы құрылды. 1994-1998 жылдар аралығында салаға қатысты заңнама жетіл­дірілді. Мысалы, Еуропа елдері­нің үлгісінде автокөлігі бар бар­лық қазақстандық өзі­нің аза­мат­тық-құқықтық жауап­кер­­шілігін сақ­тан­дыруға, қара­пайым тілмен айт­қанда, авто­полис сатып алуға мін­деттелді. Рес­публи­каның сақтан­дыру нары­ғын дамытудың бірінші тұ­жырым­дамасы қа­былданды. Сақ­тандыру ком­паниялары жар­ғылық капиталын 40 мың АЕК-ке немесе шамамен 20 миллион теңгеге жеткізуі тиіс болды. Ол кезде нарық ойын­шы­ларының саны 150-ге дейін жететін. Ал 1998 жылға қарай тек 72 сақтандыру компаниясы қалды», – дейді сарапшы. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында бұл нарықты біраз уақыт қар­жылық реттеу агенттігі реттеп келді. 1998 жылғы 30 маусымда Тұңғыш Президенттің Жарлығымен бұл сала Ұлттық банк құзырына берілді. Содан бастап 2004 жылға дейін талаптар қатайтылды, жаңа пруденциалды нормативтер мен міндеттемелер енгізілді. Оған лайықты бола алмаған ойыншылар лицензиясынан айырылды. Нәти­жесінде, тіркелген СК-лар саны 34-ке дейін қысқарды. Ал нарықтың қаржылық жағдайы одан бетер жақсара түсті. Әлгінде айтылғандай, бүгінде елімізде тек 28 СК ғана қалды. Көбін бәсекелесі жұтты, енді бірі тарауға мәжбүр болды. Негізінен, ірі ойыншылар қалды. Яғни, сала бірте-бірте монополияланып келеді.  

Дилетанттар жайлаған нарық

Әйткенмен, салада көптеген проблема сақталуда. Оны ке­меліне келген деп бағалауға бол­майды. Мысалы, сақтандыру ком­панияларының төл капиталы жет­кіліксіз, бұл оларды әртүрлі тәсіл­мен өз клиенттеріне сақтан­дыру төлемін төлемеуге немесе лайықты мөлшерден әлдеқайда аз төлеуге итермелейді. Бұған қоса, мамандардың айтуынша, отандық сақтандыру ұйымдары ірі тәуекелдерді 90%-ына дейін резидент емес ком­панияларда қайта сақтандыруға мәжбүр. Басқаша айтқанда, алдына келген ірі клиент-кәсіпорыннан айырылып қалмау үшін отандық фирма оны аса ірі сомаға сақ­тан­дырады алайда көтере алмас шоқ­парды белге ілгенін түсі­ніп, одан әрі өзі шетелдік ірі сақтан­дыру ұйымдары қызметіне жүгінеді. Сал­дарынан әлгі кәсіпорын төлеген сақтандыру жарнасы елден сыртқа кетеді, ал қазақстандық ұйымға тек делдал ретінде комиссиясы қалады. Сақтандырушылардың осы қулығын білетін меморгандар, ұлттық компаниялар мен хол­дингтер, сондай-ақ мұнай-газ, тау-кен металлургиясы алпауыттары, тіпті ірі кәсіпкерлер отандық нарықты айналып өтіп, Ресей, Швей­цария, АҚШ немесе Еуроодақ сақтандырушыларына тікелей жүгінеді. Қазақстанда сақтандыру на­рығына қызмет көрсететін ар­найы инфрақұрылым дамуда кенжелеп қалды. Ұлттық қайта сақтандыру жүйесінің жетілмегені нарықтың өркен жаюына кедергі келтіруде. Бұдан бөлек, тіпті апаттық комиссарлар, сюрвейерлер секілді дамыған сақтандыру на­рығының міндетті ойыншылары тек жақында пайда болды. Қазақстан қаржыгерлері қауым­дастығының сақтандыру және қор нарығымен байланыс бойынша басқарушы директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, 2019 жылы жан басына шаққан­дағы сақтандыру төлемдері (сыйақылары) Қазақстанда 61-ден 54 долларға дейін төмендеген. Бұл ретте сақтандыру сыйақыларының ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 0,65%-ға дейін азайды. Ал дамыған елдерде керісінше, сақтандыру төлемінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі жоғары болып келеді. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания және Жапонияда бұл көрсеткіш 8%-дан асады. Бүкіл әлемді сақтандырып отырған Швейцарияда – 7,5%, Германия мен Нидерландыда – ЖІӨ-нің 6%-ына тең. Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде халық әлдеқалай жағдай туа қалса, сақтандыру компаниясынан жақсы төлемақы алып, шығынын жабатынын, ауқатты өмірін жалғастыратынын біледі. Сондықтан өмірінің әр қырын сақтандыруға бұқара мен бизнестің өзі ынталы. Қазақстанда болса, сақтан­дырушылар қысқа мерзімде тез пайда табу және клиентке төлем төлемеу үшін әртүрлі заңгерлік, бухгалтерлік қулықтарды пайда­ланады. Бұл жерде олардың көбі ұзақмерзімді стратегиясына, яғни бедел-репутациясын сақтау жайына бас қатырмайды. Тіпті, ірілеу СК-лардың лицензиясының тоқтатылуы осыған дәлел. Сақ­тандырушылар клиентке келген шығынды толық көлемде мойын­дамай, онымен дауласып, соттасып жатқан жайттар көбейді. Мәселен, кез келген адам ипотека, басқа да қомақты кредит ал­ғанда банк оның өз өмірін сақ­тан­дыруды талап етеді. Өркениетті елдерде егер борышкердің өміріне нұқсан келіп, ол өмірден өтсе, сақтандыру төлемі қарызын толық жабады. Адам өзін-өзі өлтіргені анықталса ғана төлем берілмейді. Қазақстанда сақтандыру ұйым­дарының сараңдығы кесірінен қарыз алушы дүние салса, оның үлкен берешегі «мұрты бұзылмаған күйі» мұрагеріне, артында аңырап қалған жас балаларына, тіпті туыс-туғанына көшеді. Осыдан кейін халық сақтандырудан теріс айналмағанда қайтеді.  

АйханАйхан ШӘРІП