Өз дәріміз неге тапшы?
Өз дәріміз неге тапшы?
 

«Ғалымдардың әлеуеті бар, қаржысы жоқ»...

Премьер-Министрдің ресми сайтында берілген мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда Қазақ­станда фармацевтика саласында 96 кә­сіп­орын жұмыс істейді. Оның ішін­де 33-і – дәрі-дәрмектер, 41-і – ме­дициналық бұйымдар, ал 22-сі меди­циналық техника бойынша жұмыс істейді. Биылғы 7 айдың қорытындысына келсек, пандемия кезінде фармацевтикалық кәсіп­орындардың өндіріс көлемі 23,2 пайызға артып, 70,2 млрд теңгеге дейін өскен. Қазақстанның фар­мацевтикалық кластерінің өсу қарқыны Алматы, Шымкент қала­ларымен қатар, Алматы, Қара­ғанды облыстарында жоғары. 80 жылдық тарихы бар Шымкенттегі «Химфарм» АҚ «SANTO компаниясы» сауда белгісімен та­ны­мал, ол еліміздегі ең ірі фар­мацевтикалық кәсіпорын болумен қатар, халықаралық Polpharma тобының құрамдас бөлігі болып саналады. Алдағы жылдары ком­пания Қазақстан дәрігерлерінің емдеу хаттамасына сәйкес, отан­дық дәрі-дәрмектермен қамта­масыз ету үшін 50 жаңа препаратты қол­данысқа енгізбек. Бір айта кетерлігі, SANTO көптеген дәрі-дәрмекті жеке R&D-талдамасы, яғни өздері ойлап тапқан өнім­­дер аясында шығарады. Қазақстанның фармацевти­касы кенжелеп қалған жоқ па? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «егер отан­дық фармацевтикалық сала ішкі сұранысты 50 процентке дейін жаппаса, онда бұл ұлттық қауіп­сіздікке қауіп төндіретінін» баса айт­қан еді. Сол себептен отан­дық дәрі-дәрмек шығаратын компаниялардың ендігі міндеті – ұлттық мүдделерді қорғаумен қатар, ел азаматтарының денсау­лығына жауапкершілікпен қарау, шетелден импортталатын дәрі-дәрмектердің орнын басуға тырысу. Отандық ғалымдар да елдің шетелдік дәрілерге тәуелділігін азайту мақсатында тың жобалар­ды қолға алып, сәтті жұмыс істеп келеді. Десе де, салада қорда­ланған мә­селелер де жоқ емес. Елімізде жантақ пен кермек өсім­дік түр­лерінен алхидин және ли­монидин отандық препараттарының жаса­луына жетекшілік еткен химия ғы­лымдарының докторы, профессор Жарылқасын Әбілов қандай да бір дәрі шығару үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуы тиіс деген ойда: – Қазақстанның дәрі шығару потенциалын арттыру үшін тек ғалымдар ғана емес, дәрігерлер де күш біріктіруі керек. Атап айтсақ, Білім және Ғылым, Ден­саулық сақтау министрліктері тара­пынан тиісті қаражат бө­лінсе, маңыз­ды жұмыстарды бір­лесе атқаруға болады. Елі­мізде елеулі медициналық меке­мелер баршылық, соның бірі – Алек­сандр Ильин басқара­тын «Ин­фек­цияларға қарсы препарат­тардың ғылыми орталығы» АҚ. Бұрын жасалған немесе жаса­лып жатқан дәрі-дәр­мектерді алатын болсақ, біздің ғалымдарымыздың өзінде шаң басып сөреде жатқан препараттар жетерлік. Солардың бәрін жи­нап, әрқайсысын жеке-дара қарастыру керек. Өкінішке қарай, ғалымдардың потенциалы бар, ақшасы жоқ, – дейді. Ғалымның айтуынша, қазіргі кез – химиктер, биологтар мен медицина қызметкерлерінің бас біріктіретін уақыты. Медициналық өнім шығарудың төрт фазасы бар, яғни оны зерттеп бастаудан адамға егуге дейінгі процестің өзі біраз уақыт алады. Профессор қандай да бір жаңа өнім шығарарда, әсіресе оның зиянды, кері әсерлерін бағамдап, аса ұқыпты жұмыс жасау керегін еске салады. Бұл орайда, Жарылқасын Әбілов: – Қазір біреулер «біз вирусқа қарсы дәрі жасадық, клиникаға дейінгі шараларды бітірдік», – дейді. Бұл шындап келгенде, «тышқандармен жұмыс жасап біттік» деген сөз ғой. Яғни, адамға қан­дай әсері боларын зерттеу үлкен жұмыс. Шетелдің өзінде дәрі-дәрмек жасау ісі ұзақ процесс. Біз­дегі жағдай одан бөлек. Дәрі шығару аздау. Жалпы, дәрі-дәрмек шығару үшін қаражат бөлуден бөлек, технологиялар мен реактивтер керек. Шындап келгенде, соның барлығы қолымызда бар деп айта ал­майтын шығармыз. Егер шетелдегідей жағдай жасалса, мүмкіндік ашылады, – деп ойын түйіндейді. Бүгінде отандық фарма­цев­тикалық компаниялар алдына екі мақсат қояды. Біріншісі – көбірек отандық өнім шығарып, онымен халықты қамтамасыз ету. Екін­шіден, көршілес нарыққа шығып, пай­да табу. Бұл өз кезегінде бұл салаға инвестицияны көптеп тар­туға мүмкіндік туғызады.  

Пандемия салаға қалай әсер етті?

Әлемді жайлаған корона­вирус індеті адамзатты жаңа санитарлық-гигиеналық талап­тармен өмір сүруге мәжбүр етті. Бетперде та­ғып, қолды ан­ти­септик, сани­тай­­зер­лермен жиі-жиі таза­лап отыру – күн­­­­делік­ті қа­лып­ты жағ­дай­ға ай­­нал­­ды. Ма­мандар елі­мізде өн­дірі­­­ле­тін дезин­фекция­­лық өнім­дердің кей­­бірі стоматоло­гиялық құрал-жаб­дықтарды тазалауға әлі де икем­дел­мегенін алға тартады.   Стоматологиялық клиника дирек­торы Марианна Сахно: – Өкінішке қарай, стомато­логия саласында қазақстандық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәр­мектер жоққа тән. Болмаса отан­дық өнімге не жетсін?! Мәселен, құрылғыларды Германия, Фран­ция, Аустриядан аламыз. Ал емдеу материалдары Жапония, АҚШ, Испания мен Кореядан әкелінеді. Қазақстандық өндіріске келсек, бетперде мен бірреттік халаттарды алғанбыз. Бірақ отандық бет­перденің сапасы төмен. Мәселен, құлаққа ілетін бауы жиі түсіп қалады. Енді осы майда-шүйденің бәрін Малайзиядан алуға тура келеді. Антисептиктерге келсек, отандық және француз өнімдерін салыстырып жатамыз. Енді қа­раңыз, отандық өнімнің сапасы төмендеу, бағасы еуропалық дең­гейде. Әрине, отандық өндіру­шілерді барынша қолдауға ты­рысамыз, бірақ сапа жағына мән бер­се екен деген тілегіміз бар. Се­бебі медициналық құрыл­ғы­лар­ды та­залауға отандық өнім­ді қолданған орта буын маман­дарымыз аллергиялық реакция болғанын айтады. Яғни, әлі де та­залау концентраттарын дайындауда сапа мен баға жағына мән берген жөн, – дейді. Жалпы, пандемияға дейін елі­мізде санаулы ғана дезинфек­циялық өнімдер шығаратын ком­паниялар болған. Бірақ жағ­дайдың қиындауына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау комитеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен стандартына сәйкес елі­мізге теріге арналған антисеп­тиктерді тіркеуге рұқсат берген. Сол себептен қазір олардың түрлері 100-ден асып, тіпті алаяқтық фактілері де тіркеліп, «эталон мен гли­цериннен антисептик» жасап сатып жүрген пысықайлар да табылып жатыр. Егер пандемия дезинфекциялық өнімдер шыға­ратын компанияларға табыс әкелсе, фитоөнімдер шығаратын отан­дық кәсіпорындарға жаңа талап­тарды мойындап, жаңаша жұмыс істеуге итермелеген. Қа­ра­ған­дыдағы «Фитохимия» халық­аралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ-ның бас директоры Серғазы Әдікенов өзінің Facebook парақшасында: – Карантиндік шараларға қарамастан, Қарағанды облы­сының әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен «Фитохимия» холдингі мен Қарағанды фар­мацевтикалық зауыты бірлесе отырып, вирусқа қарсы жаңа фитопрепараттармен қатар, дезинфекциялық, бак­терияға қарсы өнімдер шығару ісін кеңейте түсті. Бұл қиын-қыс­тау кезеңде бәріміз әлеуметтік жауап­кершілікті терең сезіп, корона­вируспен күреске әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек, – деген еді. Айтпақшы, бүгінде Биология­лық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты ко­ро­навирусқа қарсы отандық QazCovid-in вакцинасын адамдарға егіп, зерттеу барысынан өтіп жатыр. Бүгінде әлем елдері пандемияның ушығуына байланысты жаңа препаратты бекітудің төрт фаза­сынан емес, екі фазасынан өтіп, жаппай иммундау кезеңіне аяқ басып жатыр екен. Жақында отандық сайттардың біріне сұхбат берген профессор Александр Ильин де өзі басқаратын ғылыми орталықтың FS-1 вирусқа қарсы препаратының дайындалғанын сүйіншілеген еді. Егер QazCovid-in вакцинасын ДДСҰ мақұлдап үлгерсе, COVID-19-ға қарсы FS-1 өнімін ел ішінде тіркеудің өзі ұзаққа созылып кетіпті. Мамандар ел ішінде бәсекелестіктің болғанын жөн санайды, себебі бұл сапалы өнімнің шығарылуына бірден-бір себеп болмақ.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ