Бес күннен соң түрмеге қайта қамалды
Бес күннен соң түрмеге қайта қамалды
150
оқылды
Мерзімінен бұрын босап шыққан Мүсілім Оңдағановты арнайы жасақ үйіне баса-көктеп кіріп, қайтадан алып кетті. Бюжеттің 200 миллион теңгесін талан-таражға салып сотталған экс-шенеунік мойнындағы қарызын толық өтемеген екен. Енді мемлекетке миллиондардың қайтқанын айтып, сотқа жалған ақпарат берген сот орындаушысы да істі болып жатыр. Экс-шенеунік араға алты жыл салып, қайтадан жанжалға себепкер болды. Оңдағановты мемлекеттің 200 миллион теңгесін талап-таражға салғаны үшін тура алты жыл бұрын дәл осылай сот залынан алып кеткен болатын. Бұл жолы да экс-шенеунікпен ешкім санасып тұрмады. Үйіне баса-көктеп кірген анайы жасақ әйелі мен бала-шағасының көзінше қолын қайырып әкетті.
М. Оңдағановтың адвокаты Абзал Құспан: «Қарсылық көрсету тіпті ойымызға да кіріп шыққан жоқ. Олар келіп, есік қақса, біз немене, іштен оқ атамыз ба? Есікті бұзып кіріп, автоматпен, бүкіл бала-шағаны жылатып, 64 жастағы зейнеткер адамды жерге құлатып, басына автомат тақап...», – дейді.
Бастапқыда Оңдағанов мемлекеттен жымқырған миллиондарды толық қайтарды, сол үшін де уақытынан бұрын босап шыққаны айтылған. Алайда арада төрт күн өтер-өтпестен, сот орындаушының сотқа жалған мәлімет бергені анықталды. Экс-басшының әлі төленбеген 67 миллион теңге қарызы бар екен. Десе де, Оңдағановты «айыпты емес» деп, атына шаң жуытпай сотта алты жыл бұрын қорғаған адвокаты бұл жолы да мұны «барып тұрған араңдатушылық» деп отыр. Айтуынша, қарыз тек ішінара өтелген. Облыстық судья да, түрме басшылығы да ол туралы білген.
М. Оңдағановтың адвокаты Абзал Құспан: «Бұл сот орындаушы Папашеваның жазған екі бет қағазы. Мұнда ішінара орындалғандығы туралы жазылған. Мынау Қостанай облыстық сотының қаулысы, осының негізінде ол босатылды. Ешқандай құжатта Папашева қате жазып, түгел өндірілді деп көрсетілмеген», – деді.
Дегенмен Оңдағанов мемлекеттің миллиондарын қайтарды деп сотқа жалған ақпарат берді делінген сот орындаушының өзі қазір істі боп жатыр. Ал мерзімінен бұрын босату туралы шешім мүлде күшін жойды. Мүсілім Оңдағанов жымқырған миллиондарды мемлекетке қайтарған күннің өзінде ертерек босап шығуды ұмыта берсе болады. Себебі, жуырда ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлар мен мемлекет қаржысына қол салғандарды мерзімнен бұрын босатпауды тапсырған.