Әрине, қоғамдағы жағдай әркімді де алаңдатады. Десе де, сары уайымға салынудан сақ болғайсыз. Дамыған елдерде әрбір адам жарты жыл сайын психологқа барып сөйлеседі, қандай да бір дүниеге көңілі алаңдаулы болса, жан дүниесін қалыпқа келтіруге тырысады. Ал біздің қоғамдағы көзқарас басқаша екені сіз бен бізге белгілі. Осы орайда психолог маман Жұлдызай Әлиевамен сұхбаттасып, кеңесін тыңдаған едік. – Әлемдегі қазіргі ахуал адамдарға медициналық көмекпен бірге психологиялық қолдау керек екенін көрсетіп отыр. Келісесіз бе? – Иә, қазіргі мәселені үш фактордың негізінде қарастыруға болады: әлеуметтік, биологиялық, психологиялық. Қазір адамзатқа психологиялық тұрақтылықты сақтау маңызды болып отыр. – Елімізде адамдардың күйзелістен арылуына көмектесетін арнайы сайт ашылды. Іріктеліп алынған психолог мамандардың ішінде сіз де барсыз. Көмектеріңізге жүгініп жатқан адам көп пе? – Әрбір мемлекет халқын сақтап қалу үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, адамдарға психологиялық көмек беретін мемлекеттік деңгейдегі сайтты ашты. Мұнда еліміздің әр өңірінен 61 тәжірибелі маман жұмыс істеп жатыр. Сайт 4 сәуірден бастап жұмыс істеп келе жатыр. Осы уақытқа дейін шамамен 263 адамға психологиялық көмек көрсетілді. Бұл жұмыс ары қарай жалғаса береді. – Көбіне қай жас шамасындағы адамдар психологиялық көмекке мұқтаж? – Көбіне 35-40 жастағы адамдар хабарласады. Негізгі себеп – эмоционалдық тұрақсыздық, қобалжу. Ата-аналарға келсек, олар баласымен бірге көмек алады. Жан күйзелісіне тап болған адамдармен жұмыс істеуіміз оң нәтиже беріп жатыр. Тегін қызмет көрсетіп жатырмыз. Маманның жұмыс өтілі, қай тілде қызмет көрсететіні т.б. ақпарат жазылып тұр. Адам өзі таңдаған маманмен байланысқа шығып, психологиялық көмек ала алады. – Қандай жағдай күйзеліске алып келеді? – Әртүрлі адам болады. Оның ішінде негативті тез қабылдап, уайымға беріліп, стреске тап болатындар бар. Әлеуметтік жағдайдың да әсері болады. Жұмысынан айырылып қалған адамдар бар, мысалы. Банкте қарызы болуы мүмкін. Отбасындағы, ерлі-зайыптылардың, ене мен келіннің арасындағы жағдай болуы мүмкін. Олар бұрын таңертең жұмысқа кетіп, кешке бір-бірін көретін еді. Ал қазір бәрі үйде. Өзара қарым-қатынас кезіндегі қысым да стрестік жағдайға алып келуі мүмкін. – Бізге стреспен жұмыс істеуді жүйелеу керек деп ойлайсыз ба? Негізі, бұл – шетелдік тәжірибеде бар дүние. – Әрбір адамда психологиялық иммунитет қалыптасуы керек. Бұл дегеніміз – стреске тұрақтылық. Күнделікті тіршілікте түрлі жағдай болады. Үйде, жұмыста. Қазір стреспен жұмыс істеу керегін терең түсініп, қолға алып жатырмыз. – Адам вирус жұқтырғанын білсе, бірден бойын қорқыныш билейді. Ондай кезде не істеу керек? – Жалғыз қалмауға тырысу керек. Ауырып қалмасаңыз да, «Сізге ауруханаға жатып, емделу керек» десе, қуана келіспейсіз ғой. Сондықтан адам өзін қолдайтын адамдармен бірге болуы керек. Адам өзін толғандырған мәселені, ойды сыртқа шығармай, іште ұстаса ауырлық басып, өзін төмен тастап жіберуі мүмкін. Оймен біраз жерге барып қалады, өзіне ойша диагноз қойып тастауы да мүмкін. Сондықтан оқиғасымен, мәселесімен бөлісуі керек. Оны айтқаннан кейін жағдайды жеңіл қабылдайтын болады. Дәрінің өзін уайыммен ішпеуге тырысу керек. Стресті адам бірінші физикалық түрде сезінуі мүмкін. Басы ауырып, ұйқысы бұзылуы мүмкін, тамаққа тәбеті болмайды. Күнделікті істеп жүрген жұмысын құлықсыз істеуі мүмкін. Іштей өзін жалғыз сезінеді т.б. Әр адамның жеке басына көп нәрсе байланысты. Қызығушылығы, өскен ортасы бар. Біз ауа райын өзгерте алмаймыз. Киімімізді соған сай өзгертіп, өмір сүре береміз. Адам әр жағдайды қабылдап, сүйікті ісімен айналысуы керек. Стрестік жағдайда физикалық жаттығу жасау, жаяу жүру, билеу көмектеседі. Отбасындағы жағдайға келсек, әрбір отбасы мүшесінің өзімен-өзі қалатындай мүмкіндігі болуы керек, яғни үйде өзінің бір кеңістігі болғаны жөн. Ең болмағанда, терезеге қарап, жалғыз өзі отыра алатындай болуы керек. Адам сол кезде ойланып, ары қарай не істеуі керегін жүйелей алады. Стреске түскенде адамның бойын үрей билейді, мазасызданады. Үйінде біреу ауырып қалса, «енді мен де ауырамын» деп қорқа бастайды. Осы қорқыныш арқылы өзінде әлі болмаған нәрсені сезінуі мүмкін. Осылайша, қорғаныш механизмдері әлсіреп қалады. Әрбір адамның өзінің жауапкершілігіне байланысты. Ақыл-есі түзу адам алдымен өзін қолға алуы керек. Коронавирусқа қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Оның шындыққа жанаспайтыны да кездеседі. Ал ол жердегі бір сөздің өзі стреске төзімділігі төмен адамға кері әсер етеді. – Қазіргі жағдай балаларға да оңай тиіп жатқан жоқ. Олармен қалай сөйлесу керек? – Жалпы, ата-аналар өздерінің психологиялық күйіне мән беруі қажет. Отбасында болған кикілжіңді балаға көрсетпеу керек. Егер бала мұндай жағдайды көрсе, одан вирустан бетер қорқып, ішкі әлеміне үлкен дақ түсуі мүмкін. Қазіргі жағдайға байланысты түрлі сұрақ қоюы мүмкін. Олардың бетін қайтарып тастамай, барынша сөйлесу керек. Баланың көзіне қарап, айтқанын соңына дейін тыңдаңыз. Өзіңіз басқа нәрсе істеп отырып, «айта бер» деп, басқа жаққа қарап отыруға болмайды. Оған кез келген уақытта көмек бере алатыныңызды, қолдайтыныңызды білдіріңіз. Санитарлық талаптарды үйретіңіз. Бала әке-шешенің мінез-құлқын, әрекетін қайталайды. Сондықтан өзіңіз істей жүріп, оған үйретсеңіз, ары қарай алып кетеді, нәтиже болады. Отбасындағы біреу қайтыс болған жағдай туралы да айтудан қашпау керек. Сұрақтарына жауап беруге қиналсаңыз, оған өтірік айтқаннан гөрі маманмен ақылдасып, шешім қабылдағаныңыз жөн. – Бізде көбіне алдайды ғой, «ұшып кетті», «басқа жаққа кетіп қалды» деп... – Мәселені жылы жауып қою балада көп сұрақтың туындауына себеп болады. Баланың қиялын білесіздер ғой. – Ауылдық жерде тұратын ата-аналардың маман көмегіне жүгінуге мүмкіндігі бола бермейді. Қандай кеңес бересіз? – Балаңызбен сөйлескенде жас ерекшелігін ескеріңіз. Өте кішкентай балалар сұрағына жауап беруді қатты талап етпейді, сондықтан ойын басқа жаққа бұруға тырысқан жөн. Кішкентайлар стрестік жағдайды жеңіл қабылдаса, жасөспірімдер әр нәрсені жанына жақын қабылдайды. Сезімтал келеді. Сондықтан олармен сөйлескенде ақиқатқа жақын ақпарат беру керек. – Әңгімеңізге рақмет!