«Сергек» сергелдеңге салып отыр ма?

«Сергек» сергелдеңге салып отыр ма?

«Сергек» – қазақстандық «Көркем Теле­ком» компаниясының өнімі. Ол бейнетіркеу модульдер желісін, бейнелерді жазу және тану жүйесін, ақпаратты өңдеу және талдаудың зияткерлік жүйесін қамтиды. Елімізде бұл жүйе 2017 жылдан бастап пайда болғанымен, сынақта еді. «Сергек» Алматыда 2018 жылдың қыркүйегінде пайда болды. Бейнебақылау жүйесі негізінен жылдамдықты арттыру, бағ­­даршамның қызыл түсті жарығына қара­мастан жолдан өту, стоп-линиядан асу және автобус жолағымен жүру сияқты ереже бұ­зуды нысанаға алады. Биыл жыл басынан бері бейнебақылау камералары арқылы жүр­гізушілерге айыппұл салына бастады. Не­бәрі 8 күннің ішінде жол ережесін бұзған ал­матылықтар 42 миллион теңге айыппұл ар­қалап, бұл жағдай қоғамда түрлі пікір ту­дырды. – «Сергек» бейнебақылау камерасы қо­йыл­ғалы қалада жүру қиындап кетті. Көп жерде жылдамдықты 40-тан асырмау талап етіледі. Қауіпсіздік үшін керек шығар, бірақ қатаң талап тәртіпті жүргізушілердің жұмысына кедергі келтіріп тұр. Біз таксист болғаннан кейін жұмысымызды тезірек бі­тіргіміз келеді. Клиенттер көбіне баратын жеріне тезірек жету үшін такси ұстайды. Ең бастысы, тұрғындардан ереже сақтауды талап ету керек. Айыппұл өте жоғары, – дейді алматылық таксист Еркебұлан Айтбеков. «Сергек» бейнебақылауы арқылы айып­пұл салына бастағаннан кейін көп ұзамай-ақ Ал­маты қалалық Кәсіпкерлер палатасына жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерден ұжымдық өтініш келіп түсті. Кәсіпкерлер палатасына барлығы 7 кәсіпкер жүгінді, оларға 160 мың теңгеден астам сомаға 21 ұйғарым жолданған. Барлық кәсіпкерлердің жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауға лицензиясы бар. Мәселені зерделей отырып, Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының ұсынған түсініктемелері мен келіп түскен нұсқамаларды заңсыз, негізсіз, бизнеске әкімшілік қысым көрсететін және әкімшілік тосқауыл деп санады. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті «Атамекен» ҰКП сауалына жауап ретінде: «Егер тасымалдаушы автомобиль көлігі саласындағы қолданыстағы заң­нама талаптарына сәйкес келсе, ол мар­шруттық көлік құралдарына арналған жол­ақпен қозғалысты жүзеге асыруға құ­қылы» деп хабарлады. Нә­тижесінде, авто­тасымалдаушыларға қатысты айыппұл жойы­лып, оларға қоғамдық көлік үшін жолдарды пайдалануға рұқсат етілді. «Сергек» бейнебақылау камера орнатыла бастағаннан қала тұрғындарын «Айыппұлдан түсетін қомақты қаражаттың иесі кім?» де­ген сауал мазалаған. «Сергек» жобасын әзір­леген «Көркем Телеком» ЖШС ай­мақтық директоры Руслан Асаубаев: «Біз­дің компания айыппұлдардан қандай да бір қаржы алады деген жалған ақпарат. Біз­дің оған ешқандай қатысымыз жоқ. Айып­пұлдар бірден жергілікті бюджетке түседі. Бізге жобаны жүзеге асырып, қызмет еткенімізге ақы төленеді» деп жауап берген. Оның сөзінше, қала әкімдігі Ішкі істер де­партаментіне қаржы бөледі. Департамент мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурс ұйымдастырады. Қазір Алматыда 404 камера іске қосулы. Әйтсе де, қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовтің айтуынша, қыркүйек айынан бастап тағы да 362 «Сергек» бей­небақылау камерасы орнатылады. Олар қала­дағы  жол  апаты  жиі болатын, жол жүру ережесі жиі бұзылатын орынға қойылады. Әкімшілік полиция басқармасы арнайы сараптама жүргізіп, осындай орынды анықтайды. Сон­дай-ақ Қанат Таймерденов Алматы қала­сының Полиция департаментіндегілер 6 айда бейнебақылау  камераларының   көмегімен 3 392 қылмыс ашылғанын, бейнебақылау ка­мераның заңбұзушылықтарды анықтауда тиімді екенін айтады. Қала көшелерінде бейнебақылауды кү­шей­тудің басты мақсаты – жол апатының алдын алу. «Көркем Телеком» ЖШС аймақтық ди­ректоры Руслан Асаубаевтың айтуынша, «Сергек» камераларының арқасында 2018 жыл­дан бастап Нұр-Сұлтанда жолдағы өлім 40 пайызға азайған. Нақтырақ айтсақ, жол-көлік оқиғаларына байланысты 2017 жылы – 60; 2018 жылы – 34; 2019 жылы  36 кісі өлімі тір­келген. Алматыда жол апатынан қаза табу оқиғалары әлі де азаяр емес. 2018 жылы – 134, ал 2019 жылы – 161 өлім тіркелген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мә­селелері жөніндегі кеңесте Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сергек» заңбұзушылықтарды тіркеу бөлігінде алдыңғы қатарлы технологиялардың мемлекетке қандай пайда әкелетінін көрсетті. Бұған қоса, ол қолының сұғы бар жол полицейлерін жемқорлық табыстарынан қақты. Барлық мемлекеттік органдар, бірінші кезекте әкім­діктер осы тәжірибемен қарулануы тиіс. Мұндай цифрлық шешімдер адами факторды алып тастап, жемқорлыққа сеп болатын жағ­дайды жояды», – деді. Ендеше жаңа тех­нологияның мүмкіндігін пайдаланып, жол ережесін барынша сақтауымыз керек. Сонда ғана ешқандай айыппұл арқаламайтын боласыз.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ