Жетісулықтар цифрландырудың игілігін көруде
Жетісулықтар цифрландырудың игілігін көруде
122
оқылды
Соған сәйкес,  жыл соңына дейін Алматы облысында мемле­кеттік қызметтерді автоматтан­дыру деңгейін 90 пайызға жеткізу көзделіпті. Бұл бірін­шіден, тұрғындардың мемлекеттік қызмет алудағы уақытын үнемде­се, екін­шіден, қызмет көрсетудің ашық­тығына, қолжетімділігіне және жемқорлық деректерінің алдын алуға ықпал етері анық. Осы мәсе­лелер  Алматы облыстық сы­байлас жемқорлықтың ал­дын алу мәселелері жөніндегі ведом­ствоаралық комиссияның оты­рысында айтылды. Соның ішін­де жерге қатысты жағдайға баса на­зар аударылды. Облыстық цифрландыру бас­қармасының басшысы Талғат Омаровтың айтуынша, қазіргі кезде  Алматы облысының әкімдігі тарапынан 170 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 141-і, яғни 82,9 пайызы автоматтандырылған. Өңірлік геоақпараттық жүйе ая­сында Алматы облысында жер қатынастары мен сәулет сала­ларындағы 21 мемлекеттік қызмет­ті автоматтандыру жұмыстары аяқ­талуға жақын. Сол сияқты білім мен спорт саласындағы тағы 12 қызмет түрі автоматтандырылуда. Тұрғын үй-коммуналдық салаға, қоғамдық көлік қатынасына ци­фр­­лық жаңалықтар енгізу мақ­сатында бірқатар жобалар қолға алынуда. Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Алматы облысы бо­йынша департамент басшысы Е.Мақажанов департамент тара­пынан жасалған талдау жұмыс­тарының қорытындысы бойынша бірқатар мәселелерді көтерді. – Жыл басынан бері Алматы облысы бойынша сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет 137 құ­қық­бұзушылықты анықтаған, со­ның 75,2 пайызы немесе 103 заң­бұзушылық – сыбайлас жем­қорлық сипатындағы қылмыс­тар. Осы мерзім ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне барғаны үшін 87 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы шығын 3,6 млрд теңгені құрап отыр, оның 2,8 млрд теңгесі немесе 80 па­йы­зы өтелді, – деп атап өтті Е.Мақа­жанов. Қылмыстық  жа­уап­қа тартылғандар ішінде жер­гілікті атқарушы ор­ган қыз­меткерлерінің үлесі – 42 пайыз. Әсіресе, мемлекеттік са­тып алу процестеріне, жер қа­ты­настары саласында жер ко­мис­сиясы жұмыстарына ер­екше қырағылықпен қарап, қажет болса комиссия құрамын түбегейлі жаңа­дан қалыптастыру қажеті айтылды. Бұл орайда, Е.Мақажанов жем­қор­лық қылмыстың алдын алу ша­раларына көбірек көңіл бөліп, әр мекеме өзінің ішкі бақылауын күшейтуі тиіс екенін атап көрсетті. Жиын барысында облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов та өздері тарапынан жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ша­ралары туралы айтып өтті. Оның мәлімдеуінше, 2015 жылы жердің 7 санаты енгізілген және жер учаскелерінің паспорт­тарын қарау мүмкіндігі бар эл­ек­трондық карта жасалыпты. Қа­зіргі уақытта жер картасының қабаттары мен объектілерінің құрамы кеңейтілген. 2017 жылы электрондық картаны мемлекеттік тізіліммен және облыс басқармаларының деректер базасымен интеграциялау жүргі­зіліпті. Былтыр  көрсетілетін мем­қызметтерді цифрландыруға об­лыс­тық бюджеттен 508 млн тең­ге бөлініп, игерілген. Алматы агло­мерациясын қамти отырып, ақпараттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, мемлекеттік жер ка­дастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің геопор­талын, «Жылжымайтын мү­лік тір­келімі» мемлекеттік де­ректер қо­рының ақпараттық жү­йесін, халыққа қызмет көрсету орталық­тарының ақпараттық жүйесін интеграциялау жұмыстары жүр­гізілуде. Бұл мақсатқа 272,6 млн теңге сомасына бюджеттік өтінім беріліп, жұмыстар Алматы қаласына жақын орналасқан 5 аудан орталығында жүргізіледі деп жоспарланған. Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов оқылған ба­ян­дамалар мен айтылған ұсыныс­тарды қорыта келе: – Бүгінгі көтеріліп отырған мәселелердің бәрі де өзекті. Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен бірлесіп, жемқорлық әрекеттердің алдын алу, түсіндіру жұмыстарын үз­діксіз, қажет болса департаменттен жан-жақты әдістемелік көмек ала отырып атқаруымыз керек. Әр мекеме-ұйым өзінің ішкі ба­қылауын күшейтуі керек. Ау­дан, қала әкімдеріне жер мә­селесінде заңсыздықтарға жол бермеу туралы қатаң ескертемін. Орынбасарым Серік Тұрдалиевке аудан, қаладағы жер комиссиялары жұмысын егжей-тегжей зерделеуді тапсырамын. Кемшіліктерге, заңбұзушылыққа жол бергендердің комиссия құрамында қалуына жол берілмейді.  Түгелдей қайта жасақтап, жаңарту керек. Расында, коронавирусқа байланысты шек­теу кезеңі бізге цифрландыру ісі­мен түбегейлі айналысу қа­жеттігін айқын көрсетті. Қызмет түрлерін автоматтандыруды одан әрі үдетуіміз керек, - деді  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы