Соған сәйкес, жыл соңына дейін Алматы облысында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейін 90 пайызға жеткізу көзделіпті. Бұл біріншіден, тұрғындардың мемлекеттік қызмет алудағы уақытын үнемдесе, екіншіден, қызмет көрсетудің ашықтығына, қолжетімділігіне және жемқорлық деректерінің алдын алуға ықпал етері анық. Осы мәселелер Алматы облыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды. Соның ішінде жерге қатысты жағдайға баса назар аударылды. Облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Талғат Омаровтың айтуынша, қазіргі кезде Алматы облысының әкімдігі тарапынан 170 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 141-і, яғни 82,9 пайызы автоматтандырылған. Өңірлік геоақпараттық жүйе аясында Алматы облысында жер қатынастары мен сәулет салаларындағы 21 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Сол сияқты білім мен спорт саласындағы тағы 12 қызмет түрі автоматтандырылуда. Тұрғын үй-коммуналдық салаға, қоғамдық көлік қатынасына цифрлық жаңалықтар енгізу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынуда. Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Е.Мақажанов департамент тарапынан жасалған талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша бірқатар мәселелерді көтерді. – Жыл басынан бері Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 137 құқықбұзушылықты анықтаған, соның 75,2 пайызы немесе 103 заңбұзушылық – сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар. Осы мерзім ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне барғаны үшін 87 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы шығын 3,6 млрд теңгені құрап отыр, оның 2,8 млрд теңгесі немесе 80 пайызы өтелді, – деп атап өтті Е.Мақажанов. Қылмыстық жауапқа тартылғандар ішінде жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің үлесі – 42 пайыз. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу процестеріне, жер қатынастары саласында жер комиссиясы жұмыстарына ерекше қырағылықпен қарап, қажет болса комиссия құрамын түбегейлі жаңадан қалыптастыру қажеті айтылды. Бұл орайда, Е.Мақажанов жемқорлық қылмыстың алдын алу шараларына көбірек көңіл бөліп, әр мекеме өзінің ішкі бақылауын күшейтуі тиіс екенін атап көрсетті. Жиын барысында облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов та өздері тарапынан жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы айтып өтті. Оның мәлімдеуінше, 2015 жылы жердің 7 санаты енгізілген және жер учаскелерінің паспорттарын қарау мүмкіндігі бар электрондық карта жасалыпты. Қазіргі уақытта жер картасының қабаттары мен объектілерінің құрамы кеңейтілген. 2017 жылы электрондық картаны мемлекеттік тізіліммен және облыс басқармаларының деректер базасымен интеграциялау жүргізіліпті. Былтыр көрсетілетін мемқызметтерді цифрландыруға облыстық бюджеттен 508 млн теңге бөлініп, игерілген. Алматы агломерациясын қамти отырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің геопорталын, «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының ақпараттық жүйесін, халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесін интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 272,6 млн теңге сомасына бюджеттік өтінім беріліп, жұмыстар Алматы қаласына жақын орналасқан 5 аудан орталығында жүргізіледі деп жоспарланған. Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов оқылған баяндамалар мен айтылған ұсыныстарды қорыта келе: – Бүгінгі көтеріліп отырған мәселелердің бәрі де өзекті. Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен бірлесіп, жемқорлық әрекеттердің алдын алу, түсіндіру жұмыстарын үздіксіз, қажет болса департаменттен жан-жақты әдістемелік көмек ала отырып атқаруымыз керек. Әр мекеме-ұйым өзінің ішкі бақылауын күшейтуі керек. Аудан, қала әкімдеріне жер мәселесінде заңсыздықтарға жол бермеу туралы қатаң ескертемін. Орынбасарым Серік Тұрдалиевке аудан, қаладағы жер комиссиялары жұмысын егжей-тегжей зерделеуді тапсырамын. Кемшіліктерге, заңбұзушылыққа жол бергендердің комиссия құрамында қалуына жол берілмейді. Түгелдей қайта жасақтап, жаңарту керек. Расында, коронавирусқа байланысты шектеу кезеңі бізге цифрландыру ісімен түбегейлі айналысу қажеттігін айқын көрсетті. Қызмет түрлерін автоматтандыруды одан әрі үдетуіміз керек, - деді
Болат АБАҒАН, Алматы облысы