Жалпы, облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, жәбірленуші жанжалды шығарған баланың пышақ сілтегенін, одан кейін ол оқиға орнынан қашып кеткенін айтқан. «Бұл факті Тараз қаласының полиция бөлімінде тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі, яғни «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы Тараз қаласының 15 жастағы тұрғынын ұстап, болған оқиғаға қатысты барлық қажетті шараларды қабылдауда, соның нәтижесі бойынша алдын алу шарасын таңдау мәселесі шешілетін болады» делінген департамент хабарламасында. Алайда аталған балалар кімдер? Пышақталған баланың қазіргі жағдайы қандай? Ұсталған баланың ата-анасымен қандай жұмыстар жүргізілуде? Бұл сауалмен облыстық Білім басқармасына хабарластық. – Негізі бір топ жасөспірім TikTok-қа видео түсірмек болып, «Жеңіс» саябағына барған. Сол сәтте арасындағы қыздың телефонына жігіті қоңырау шалып, арғы жақтан бөтен біреулердің дауысы шығып жатқанын естіген. Содан «қасыңдағылар кімдер, телефонды берші» деген. Қыз жақын тұрған баланың біріне телефонды ұстата салған. Ерегіс осыдан туып, әлгі пышақтаған бала бұларды «Ақбұлақ» шағынауданындағы «Балжан» дүкенінің қасына шақырған. Осы жерде телефонмен сөйлескен екі жігіт ерегісіп тұрғанда үшіншісі келіп ажыратпақ болады. Сол сәтте «сөйлесуге» шақырған бала қалтасынан пышақ шығарып, әлгі баланың жамбасына сұғып алады. Содан кейін бала қашып кеткен. Пышақтаған бала негізі мектеп оқушысы. Ал жәбірленуші колледждің студенті. Пышаққа іліккен бала дереу аурухана жеткізіліп, оған дер кезінде көмек көрсетілді. Қазір ем қабылдап жатыр. Өміріне төніп тұрған еш қауіп жоқ. Жасөспірімге қатысты іс болғандықтан, біз балалардың есімі мен оқу орнын айта алмаймыз. Мұның бәрі тергеу амалдары аяқталғаннан кейін белгілі болады. Алайда біз пышақтаған мектеп оқушысының ата-анасымен кездесіп, түсініктеме алдық. Сонымен қатар психолог мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Негізгі іс «Бұзақылық» бабы бойынша қаралып жатқандықтан, қылмыс жасаған баланың болашағы туралы ештеңе айта алмаймыз. Ақ-қарасын құзырлы орган анықтайды, – дейді облыстық Білім басқармасының маманы Мұхтар Амангелдіұлы. Міне, осылайша қарапайым TikTok-қа түсу төбелеске, арты пышақтасуға апарып отыр. Енді небәрі 15 жасар мектеп оқушысының болашағы не болары белгісіз? Екінші тарап кешірім берсе де, бұл іс сотта қаралатын түрі бар.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы