Праймериз – саяси жүйені дамытудың алғышарты
Праймериз – саяси жүйені дамытудың алғышарты
17 тамызда еліміздің жетекші партиясы ішкі іріктеудің бас­талғанын хабарлаған болатын. Соңғы жылдары жаһандағы түрлі әлеуметтік, экономикалық өзгерістер мен процестер көшінен Қазақстан да қалыс қалмай, соған сай халықтың демократияға деген құлшынысы артып келеді. Осы орайда, «Nur Otan» партиясының праймеризі еліміздің саяси жүйесін эволюциялық тұрғыда дамытудың алғышарты ретінде қарастыруға болады. Сондықтан ішкі іріктеудің әділ және қоғам үшін ашық өтуі – өте маңызды. Өз кезегінде прай­мериздің әділ өтуі халықтың сені­мін нығайта түсері анық. «Nur Otan» партиясының Жақ­тастар лигасы праймериздің әділ өтуі бағытында жұмыстанады. Сайлаудың ашық өтуі үшін жер­гілікті билік, әкімдіктер тарапынан кедергі туындамауы тиіс. Сол себепті ішкі іріктеу кезінде бар­лығы бақылауда болғаны жөн. – Көптеген әкімдер әлі де ко­мандалық басқару арқылы жұмыс істейді. Кей жағдайда қоғамдық пікірді ескергісі келмейді. Праймериз – жастар үшін мүм­кіндік. Әр әкімді праймериздің әділ өту мақсатында үлес қосуға және ешкімге қысым жасамауға шақырамыз. Егер әкімдер қысым жасап, әділетсіздікке жол берер болса, партияның Жақтастар лигасы ол әкімдерді партия та­рапынан жазалап, партиядан шығару жөніндегі ұсыныс енгізетін болады, – деді Ерлан Сайыров. Сондай-ақ әкімдердің ықпалын ескере отырып, олар праймериздің әділ және ашық өтуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін Ғалым Байтук жасырмады. Сондықтан ол партия көшбасшыларына үлкен жауапкершілік жүктелгенін жеткізді. – «Nur Otan» партиясының Жақ­тастар лигасы өз алдына прай­мериздің өткізілуін жан-жақты бақылауға міндеттелді. «Nur Otan» партиясының көшбасшылары да үлкен жауапкершілікті сезінетіні түсінікті. Ішкі іріктеу әкімшілік ресурстың ықпалынсыз өтуі маңызды болып тұр. Жақтастар лигасы праймериз регламентін бұзуды қатаң түрде қадағаламақ, – деп атап өтті. Сонымен қатар жиында спикерлер қазақстандықтардың «Nur Otan» партиясының Жақ­тастар лигасының жұмысына үлкен қызығушылық танытып отырғанына назар аударып, лига мүшелерінің жұмысымен та­ныстырды. – Біз қазір саяси, эконо­микалық, қаржылық және әлеу­меттік салалардағы реформалардың негізгі аспектілері бойынша түрлі тәжірибелер жинақтап және оларды «Nur Otan» партиясына сайлау алдындағы бағдарламасына енгізу үшін ұсыныс дайындап жатырмыз. Менің ойымша, бұл ұсыныс қоғам мен азаматтар үшін өте қызықты болады. Жақтастар лигасының мүшесі болуға өңір­лерде қызығушылық артып келеді. Бүгінде барлық өңірлерде белсенді жұмыс істеп жүрген лиганың өкіл­дері бар, – деді Ерлан Сайыров. Қазіргі кезде Жақтастар лига­сының мүшелері өңірлерге шығуға дайындалып жатыр. Осы арқылы олар халықпен жүздесіп, күрмеулі мәселелердің шешімін табуда «Nur Otan» партиясымен бірге жұмыс атқармақ. – Өңірлердегі кездесулер ашық форматта өтеді. Біз ресми кездесулер өткізбейміз. Өңірлерде өкілдеріміз бар, мемлекеттік қызметшілерден тыс, қоғаммен тығыз жұмыс істейміз. Барлық облыстарда сыни ойлау қабілеті бар адамдар жетерлік, мұның бәрі белсенді азаматтармен бірлесе отырып жүзеге аспақ, – деп атап өтті Ерлан Сайыров. Одан бөлек, брифинг кезін­де спикерлер көпшілікті толған­дырған сауалға тікелей эфирде жауап берді.  

М.ТӨЛЕУ