Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Иорданияның Қазақстандағы елшісі Юсеф Абдельганимен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Сенат Төрағасы Иордания елі мен Король Абдалла II-нің Таяу Шығыстағы күрделі үдерістерді реттеуге қосқан зор үлесін атап өтті.
«Мемлекетіміздің жақын досы – Король Абдалла II-нің өз еліндегі қоғамдық-саяси өмірді және экономиканы реформалаудағы қызметін, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелер жөніндегі сындарлы ұстанымын жоғары бағалаймыз. Корольдің 2017 жылғы қараша айында Қазақстанға келген сапарының маңызы зор». Абдалла II-нің Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылық мәселелеріне қосқан күш-жігері ескеріліп, «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» алғашқы иегері атанған болатын.
Тараптар халықаралық және аймақтық көптеген мәселелер бойынша Нұр-Сұлтан мен Амман қалалары ұстанымдарының ұқсас екенін атап өтті. Сенат Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Хатшылықтың кезекті отырысына дайындық жұмыстары туралы айта келіп, форумға қолдау көрсеткені және белсенді қатысқаны үшін иорданиялық тарапқа алғыс білдірді.
Елші Иордания азаматтары үшін визасыз тәртіп енгізуді және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуды өтінді. Бұл сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, туризм әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді және Иордания студенттерінің көптеп келуіне жол ашады.
Дариға Назарбаева елшінің ұсыныстарына қолдау білдіріп, екі ел арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуда визасыз тәртіптің маңыздылығын атап өтті.