Атырау облысындағы 3 қорғаннан 560 жәдігер табылды
Атырау облысындағы 3 қорғаннан 560 жәдігер табылды
394
оқылды
Мемлекеттің тарихы мен мәдениетіне археологиялық саланың қосар үлесі зор. Жер қабатында қалған құнды қазбаларды табу мен оны зерттеу археология мамандарынан тынбай еңбек етуді талап етуде. Атырау тарихи-өлкетану музейі елдегі Пандемияға қарамастан, сақтық шараларын сақтай отырып, тарихи қазбаларды зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Республика көлеміндегі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арналған 2020 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Қызылқоға ауданы орталығы Миялыға қарасты Жангелді қорғандар тобының 3 қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Жәдігер – Атырау облысы (1) Миялы қорғандар тобы Қызылқоға ауданы, Миялы селосынан солтүстік шығысқа қарай 6 шақырым, Жангелді елді мекенінен 2 шақырым қашықтықта орналасқан 18 үлкен, орта және ұсақ үйінділерден тұратын қорғандар кешені шығыс-батыс осі бойынша орналасқан. Мамандардың айтуынша, ұзындығы 1,200 км. Обалар б.э.д II ғ. - б.э XI ғ. аралығын қамтиды. Обалар негізінен жергілікті биіктеу жал жер қыртысына орналасқан. Жер жынысы құмайтты топырақтан тұрады. Қорғандар оңтүстіктегі 1 км қашықтықтағы жер беті қыртысының жалаңаштау учаскелерімен салыстырмалы түрде қарасақ, жұмсақ «биік» беткейге орналасқан. Ескерткіштерді алғаш рет 2017 жылы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі экспедициясы тауып тіркеген. Далалық маусымда зерттелген №1, №2, №17 қорғандарының үстіңгі бөлігінен шамамен X-XI ғасырларда Солтүстік Каспий маңын мекен еткен көшпелі тайпаларға тиесілі, астыңғы бөлігінен б.з.д. II ғ. ерте темір дәуіріне тиесілі қорғандар шықты. Үш қорғанға жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 560 жәдігер табылған болатын. Атап айтқанда, сары түсті метал жапсырмалары (алтын) – 96 дана (пирамида, дөңгелек, дөңесті, фалга, жіп), күміс – 182 дана, онда ат әбзелдерінің жапсырмалары, адам белбеуі, сырға, білезік, әшекей, қола айна, жебе ұштары, жапсырмалар бар. Барлығы 254 дана қола бұйымдары: төрт керамика құмыралар, әйнек пен темір, сүйек, ұршық тас пен өнделген тас, қорғасын бұйымдары мен киім қалдықтарынан маталар табылған. Жәдігер – Атырау облысы Осы аталған құндылықтардың бір бөлігі Қызылқоға ауданының орталығындағы аудандық музей қорына тапсырылатын болады. Археологиялық қазба жұмыстарының жетекшісі музей басшысы Рашида Харипованың айтуынша, тарихи жәдігерлердің құндылығын жойып алмау үшін биылғы жылы Қызылқоға қорғанынан табылған, тоналмай шыққан ер адам жасауларымен, атап айтқанда, темірден жасалған сауыты мен ұзындығы 1 метр семсер және патера табылуына байланысты арнайы тасымалдау арқылы музейге әкелінді. Қазіргі уақытта қабір толық ашылған жоқ. Алматы қаласынан қалпына келтіруші Қырым Алтынбековтың қатысуымен аталған жұмыс жасалатын болады. Мұндай құндылық бұрын соңды археологиялық қазбалардан толығымен шықпаған екен. Сонымен қатар, өлкемізде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде X-XI ғасырларда өмір сүрген тайпалардың құнды дүниелері алғаш рет табылуына байланысты, сақталған бас сүйектерін қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілетін болады. Жобаның ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов. Қазба жұмыстарына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доктаранты, археолог Амангелді Зайнов, топограф Дидар Төлеуов, отряд жетекшілері археология ғылыми-зерттеу секторының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистірі Айдос Қалшабаев, тарих ғылымының магистрі Ерлан Тілекқабылов, музей маманы Баубек Жұмабай және Ернар Жақсылықов қатысты. Қазба жұмыстарына Миялы және Жангелді елді мекендерінің жастары да қатынасқан қазба жұмыстары олжалы болды. Қазіргі күні қазба орындарын табу, зерделеу жұмыстары жалғасуда.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы.