Құжат қабылдаудың алғашқы күндері Ақтөбе қаласы мен Алға, Мұғалжар, Қарғалы аудандарының тұрғындары белсенділік танытқан. Тіркелгендердің 78-і – әйелдер, 89-ы – ер-азаматтар. 53 үміткердің жасы 35-ке жетпеген. 48 партиялық бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса, 119 адам өз еркімен қатысып отыр. – Праймериз – партияішілік сайлау. Оның мақсаты – Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, оларды мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде мықты көшбасшыларды анықтау, – деді Ербол Данағұлов праймериздің мақсаты мен міндетін түсіндіргенде. Оның айтуынша, осы саяси науқанды өткізу үшін Ақтөбе облысы филиалының қадамдық жоспары әзірленген. Ол 5 негізгі кезеңнен тұратын іс-шараларды қамтиды. Осы қадамдық жоспар бойынша облыста 25 жерде жария дебат ұйымдастырылады. Ол 3 деңгейде: үгіт-насихат барысында, партияның аудандық, қалалық және облыстық филиалдарының конференциясында өтеді. Барлық кандидаттар түгелімен дебаттарға қатысуы қажет. 1-3 қазан аралығында облыстағы 33 мыңнан астам партия мүшесінің дауыс беруі үшін 136 дауыс беру учаскелері белгіленді. Интернет байланысына қосылмаған 42 участокта дәстүрлі бюллетеньмен дауыс беру, 94 участокта онлайн дауыс беру жоспарланып отыр. – Праймериз – еліміздің дамуына мүдделі жігерлі, білімді, белсенді азаматтар үшін жаңа әлеуметтік саты іспетті. Ендеше өз күшіне сенімді, елімізді, облысымызды дамытқысы келетін ақтөбеліктерді праймеризге белсенді қатысуға шақырамын, – деді Ербол Данағұлов. Айта кету керек, кандидаттарды тіркеу кезеңі 28 тамызға дейін жалғасады. Ақтөбе қаласы тұрғындары Тургенев көшесі, 86 мекенжайы бойынша немесе 54-11-56 телефоны арқылы партия филиалына (ұйымдастыру комитетіне) хабарласа алады.
А.ЖАСАНҰЛЫ