Билік тарихи «цифрлық межеге» әзірленуде

Билік тарихи «цифрлық межеге» әзірленуде

Вице-министр Дарын Тұяқовтың ай­туынша, меморган күн сайын Білім және ғы­лым министрлігінің жауапты жетек­ші­лерімен, Білім басқармалары бас­шы­ларымен, облыс әкімдері орынбасар­ла­рымен, аудан әкімдерімен және байланыс опе­раторларымен бірге онлайн режимде әрбір өңір, аудан, әсіресе шалғай ауыл­дардағы интернет мәселесін және оны ше­шу жолдарын жан-жақты талқыға са­луда екен. Оның барысында аудандардың әкім­дігі мен Білім басқармаларының өкілдері өз өңіріндегі интернетке және байланыс­қ­а қатысты проблемаларын түсіндіруі қа­жет. Ал байланыс операторлары ми­нистр­лік өкілдерінің көзінше ол кем­ші­лік­тер мен ақауларды қалай жоятынын, бай­ланыс арналарының өткізу қабілетін күшейту мақсатында нақты қандай қадам жа­салып жатқанын айтады. Ауыл-аумақ бас­шыларына, сала маманы болма­ған­дық­тан, байланыс операторының тех­ни­ка тіліндегі жауабының мәнін ұғыну қиын болар. Алайда жергілікті жұрт­шы­лыққа неге интернет жоғын түсіндіретін – осы әкім­дер. Оның үстіне, операторлар жоқ себепті айтып, шығарып салма, жалтарма жауап бере салуы мүмкін. Ендеше келіс­сөз үстеліне отырған екі тарапқа Цифр­лық министрлік араағайын болып, өзара тү­сінісуіне ықпал етуі тиіс. Барлық облыспен арада осындай он­лайн кездесу өткізіліп, оқушыларды қа­шықтан оқытуға дайындық деңгейі анық­­­­­­талды. – Біз жергілікті әкімдіктерден ин­тернет мәселесі шешілмеген ауылдар­дың нақ­ты тізімін сұраттық. Осы ауылдарға жыл­дамдығы жоғары интернетті тарту үшін инфрақұрылым қажет. Байланыс операторлары қазір тартып жатқан тал­шықты-оптикалық желі (ТОЖ) дәл осы мәселені шешеді. Бұл мобильді опе­раторларға ТОЖ-ға қосылып, елді са­палы интернетпен қамтуына жол ашады. Осылайша, тек бір ауыл ғана емес, оған көршілес ауылдарда да 3G/4G мобильді технологияларын немесе сымсыз кең жо­лақты байланыс технологиясын пай­далану мүмкін болмақ, – дейді Цифрлық даму вице-министрі Дарын Тұяқов. Парадоксты жағдай қалыптасуда: кей жер­де мемлекет интернет жеткізуге құл­шыныс білдіргенімен, оның ұмтылысын жер­гілікті әкім бұғаттап тастайды екен. Мы­салы, жер бермейді. «Сондықтан бұл жерде базалық стан­саларды орнату, электр беру желілерін тұр­ғызу үшін жер телімін бөлуде жер­гілік­ті әкімдіктің қолдауы қажет екенін атап өткен жөн. Өз кезегімізде біз бай­ла­ныс операторларымен жеке келіссөз жүр­­гізіп, ұялы байланыс стансаларының қуа­тын күшейту, интернет желісін кеңей­ту, сапасы мен жылдамдығын арт­тыру мәселелерін талқыладық. Жүр­гізіл­ген тал­дау нәтижесінде мектептердегі интер­неттің жылдамдығын секундына 8 Мбит-ке дейін арттыруға мүмкіндік бары анық­талды. Ол бойынша тиісті ақпарат жер­гі­лік­ті әкімдіктерге жолданды, – деді ви­це-министр. Жалпы, министрліктің мәліметінше, 2020 жылы осы салада 2 ірі жоба аяқталуы керек. Соның арқасында Қазақстан хал­қы­ның 99,3%-ы ұшқыр мобильді интер­нет­ке қол жеткізеді деп жоспарланып отыр. Нақты тоқтала кетсек, МЖӘ жо­басы аясында байланыс операторлары еліміз бойынша жалпы ұзындығы 20 мың ша­қырымнан асатын оптикалық бай­ланыс кабелін төсеп шығатын болады. Жоба ауқымын ұғыну үшін салыстыра кет­сек, бұл ұзындық Нұр-Сұлтаннан Нью-Йоркке дейін бару және одан кері қайту кезіндегі арақашықтыққа тең! Мұн­дай ұзын интернет-магистраль қазақ тарихында болмапты. Бұдан басқа, жыл басынан бері 1 026 шалғай ауыл кең жолақты интернет же­лісіне қосылды. Іске асырылып жатқан екін­ші жоба аясында 2020 жылдың соңы­на дейін байланыс операторлары 1 250-ден астам ауылды сапалы интернетпен жаб­дықтайды деп жоспарлауда. Мем­лекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзе­ге асырылып жатқан жобаның басты мақ­саты – 3 700-ден астам меморган мен бюд­жеттік ұйымды, соның ішінде мек­теп­тер, ауруханалар, әкімдіктер және ба­с­қа да стратегиялық нысанды жылдам ин­тернет желісімен қамту. Сондай-ақ министрлік талшықты-оп­тикалық байланыс желісіне қосылған мек­тептер мен ауыл әкімдіктеріне, меди­ци­налық пункттерге роутер жеткізу мә­се­лесін де пысықтауда: бұл ауылдардағы мұғалімдер мен оқушыларға интернетті Wi-Fi арқылы тегін пайдалануға мүм­кін­дік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 250-ден астам тұрғыны бар барлық ауыл­ға интернет баруы тиіс деген жаңа міндет қой­ды. Мұндай белес-меже де ел тари­хын­да бұрын-соңды кездеспеген. Осыған орай, 2020 жылғы 3 шілдеде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі мен отандық ұя­лы байланыс операторлары мемо­ран­дум­ға қол қойды. Меморандум тұрғын саны 250-ден көп 928 ауылды мобильді кең жолақты интернетпен қамтуды көздейді. Оның ішінде 635 ауылда – 3G немесе 4G тех­нологиялары, ал 293 ауыл – FWA ра­диотехнологиясы бойынша жылдам-дығы жоғары интернетке қосылмақ. Осы та­мызда – 59, қыркүйекте – 150, қазанда – 205, желтоқсанда 476 ауыл интернет игі­­­лігін көре бастайды деп ха­бар­ланды. Цифрлық министрлік бүгінде бас­шы­сыз жұмыс істеуде: ведомствоның ресми сай­тында «министр» деген орын бос тұр, еш­кімнің фотосы қойылмаған. Сарап­шы­лардың байламынша, егер 250 тұрғы­ны бар ірілі-ұсақты барлық ауыл интер­нет­ке қол жеткізсе, Бағдат Мусин «бірін­ші вице-министр» және «министрдің уақытша міндетін атқарушы» айқын­дауы­шынан құтылып, толыққанды «ми­нистр» мәртебесін иеленуі мүмкін.  

Айхан ШӘРІП