– Коронавирус пандемиясы тек біздің мемлекетте емес, әлемде көптеген өзгеріс алып келді. Үйреншікті өміріміз үлкен өзгеріске ұшырады және біз денсаулық сақтау саласында, цифрландыру бойынша мемлекетіміздің осал тұстарын өз көзімізбен көрдік. Сол осал тұстардың салдарынан көптеген қайғылы оқиғалар орын алды. Оған көзді жұмып қарауға болмайды. Өзім наурыз айында төтенше жағдайға байланысты карантин енгізілген сәттен бастап волонтер ретінде жұмыс істеп, осы жағдайдың бәрімен күнделікті бетпе-бет келдім. Халықпен тығыз байланыста болғаннан кейін олардың мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін, жағдайдың қаншалықты қиындап кеткенін көріп, сезіндік. Халық арасындағы билікке деген сенімнің төмендеп, қоғамда көңіл күйдің күрт өзгеріп кеткенін көзбен көргеннен кейін праймеризге қатысуға шешім қабылдадым. Бұл – үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, оны шешуге үлес қосамын деген мақсатым бар, – дейді үміткер. Мәди Ахметов «Nur Otan» партиясы елімізде тұңғыш рет партияішілік сайлау бәсекесін ұйымдастырып отырғанын, сондай-ақ бұл жерде жастарға ерекше көңіл аударылып, орын берілгенін айтады. Ол жастарды алдыңғы шепке қойып, мүмкіндік беріп, әлеуметтік сатыны іс жүзінде көрсетіп отырған бірден-бір партия екеніне тоқталды және бұл жерге жаңа, жас толқын, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген азаматтар келуі заңдылық деген пікірде. – «Jas Otan» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы жетекшісі болғандықтан, жастармен үнемі жұмыс істеп жүргендіктен, оларға не қажет екенін жақсы білеміз. Біз арнайы бағдарламамызды әзірлеп жатырмыз. Ондағы басты мәселе – жастарды жұмыспен қамту. 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы қабылданады. Менің бағдарламам осы бағдарламаға негізделіп жасалған. «Алматы жастары 3.0», «Бақытты отбасы», «Жастар практикасы» бағдарламаларының сапалы түрде жүзеге асуын қамтамасыз ету арқылы жастар мәселесін шешуге ықпал еткім келеді. Қазір студенттер қашықтан оқып жатса да, бәрібір Алматы – үлкен мегаполис. Мұнда 39 ЖОО, 80-нен астам колледж бар. Осы оқу орындарында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қаламызда 30-ға жуық жатақхана салынуы тиіс. Бұл жыл да аяқталуға таяды, дегенмен әлі күнге бағдарлама толыққанды жүзеге аспай отыр. Осы мәселені көтеріп, оның шешілуіне мұрындық болғым келеді. Өйткені студенттік жатақхана, оларға жағдай жасау және сапалы білім алуын қамтамасыз ету басты орында деп есептеймін. Құрғақ сөз, флешмоб, мағынасы жоқ акциялардың дәурені өтіп кетті. Жастарға өз кәсібін ашуға, гранттың санын көбейтуге көмектесуіміз қажет. Бизнес өкілдерімен бірге осы мәселеде нақты жұмыс істеуге болады деп ойлаймын. Мен бағдарламамды жастардың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі замандастарымның мәселесін шешуге бағыттаймын. «Кедергісіз келешек» «Бақытты отбасы, «Жастар – Отанға!» партиялық бағдарламаларын негізге ала отырып, жұмыс істегім келеді, – дейді ол. Мәди Абылайұлының басты ұстанымы – халықтың аманатына қиянат жасамай, қанша уақыт болса да сапалы түрде жұмыс істеп, түйткілді мәселелердің шешілуіне себепкер болу. Ол халыққа пайдасын тигізгісі келетін адам ақшалы болуы міндетті емес деп есептейді, ең бастысы – ниет, екінші – сенімділік, үшінші – жауапкершілік. – Егер мәслихат депутаттығына өтіп жатсам, бұл – қоғамдық жұмыс, бұл жұмысқа ешқандай жалақы төленбейді. Мен жергілікті жердің мәселелерін көтеріп, соның шешілуіне себепкер болсам деймін. Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесімін. Бұл кеңесте де қаланың тыныс-тіршілігі, жасалып жатқан жобалардың дұрыстығы мен бұрыстығы жайлы талқылаулар өткізіп, жалпы мәселелермен танысып, тыныс-тіршілікті көріп отырмыз. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды деп ойлаймын, – дейді ол. Мәди Ахметов праймеризге қатысып, бағын сынап жатқан үміткерлердің бәріне сәттілік тілейді. Праймериздің әділ және ашық түрде өтіп, ел сенімін арқалаған азаматтар мемлекетіміздің нығаюына, кемшіліктерді түзеуге, ашық қоғам, еститін мемлекет қалыптастыратынына сенімді.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ