Көршінің татулығы – құт
Көршінің татулығы – құт

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз дамуы­ның 70 жылдығында «сяокан», яғни орта ауқаттылары ба­сым қоғам құру жолына түс­кен шың еліне тұңғыш мемле­кет­­тік сапарын жасады. Қы­­тай басшысы қазақ елінің жаңа Мемлекет басшы­сын ҚХР-ға сапарлап келуге бұ­­дан үш ай бұрын ШЫҰ-ның Біш­­кектегі саммитінде ша­қыр­ған болатын. Демек, өзара ынты­мақтастықтың өзекті мә­селе­ле­рінің сарабдал шешім­дерін табуға жол ашатын екі ел бас­шы­ларының жиі кез­десу дәстүрі жолға қойылуда.

Қасым-Жомарт Кемелұлын шы­ғыс көрші зор құрмет-қошеметпен күтіп алды. Бейжіңдегі Қытай көш­­басшысының резиденциясы алдындағы басты алаңда құрмет қарауылы салтанатты шеп құрды. Қ.Тоқаевты ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің өзі құшақ жая қарсы алды. Осыдан кейін Қазақстан мен Қытайдың әнұрандары орындалды. Мемлекет басшылары әлемде қалыптасқан дәстүр бойынша құр­метті қарауыл бастығының рапортын қабылдап, сымдай тартылған қытай­лық сарбаздардың қатарын аралап шықты. Артынша жоғары мәртебелі мейманның келу құрметіне зеңбіректерден дүркін-дүркін оқ атылды.

Салтанатты рәсім аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз залына кірді.

Көрші қату болса – бұл қауіп пен қайғының қайнары. Ал көрші тату болса – болашақтың жарқын болуының айғағы, өркендеу өрісі­нің кеңуінің кепілі. Сондықтан көршілес қос мемлекет басшылары келіссөздер барысында достық пейіл, ақ ниетін және ынтымақтастыққа ынталы екенін паш етті. Қ.Тоқаев ҚХР төрағасына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Қытай көшбасшысының досы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді.

– Біздің кездесуіміз ҚХР-дың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отыр. Мүмкіндікті пайдаланып, сізді және бүкіл қытай халқын айтулы тарихи датамен құттықтағым келеді. Қытай осы мерейтойға әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудағы зор жетістікпен жетті. Осы оқиға тек ҚХР үшін ғана емес, күллі әлем үшін үлкен тарихи мәнге ие деген ой­дамын. Сіздің мемлекетіңіздің дамуы – дүниежүзінің жіті назарында, – деді Қ.Тоқаев.

Оның айтуынша, осы жетпісжыл­дық жол Қытай үшін өте ауыр болды. 70-жылдар соңында Дэн Сяопиннің басшылығымен қолға алын­ған реформалар арқасында қытай халқы өркендеуде үлкен жетістікке жетті.

– Қытайдың табыстары мем­лекет­те­ріміз арасындағы ынтымақ­тас­тықты ілгерілету үшін берік негіз болады деп санаймыз. Бүгін біз Бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз және онда Қазақстан мен Қытай ұзақ мерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті да­мы­татынын растай­мыз. Жоғары деңгейде қол жеткізілген осы уағда­ластық ары қарайғы ынты­мақ­тасты­ғымыздың салмақты құ­қықтық және саяси базасына ай­налады, – деді Мемлекет басшысы.


Өз кезегінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанды «Орталық Еуразияда үлкен ықпалы бар Орталық Азиядағы ірі ел» деп есептейтіндерін айтты.

– Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдеріңіз зор табысқа жетті, ұлттық ерекшелікке негізделген даму үлгісін құрды. Сіз Президент болғаннан кейін сабақтастықты, әділетті және өрлеуді ұстын еткен төл бағытыңыздың үш қағидатын жарияладыңыз. Экономиканы да­мытуды, жұмыс орындарын ашуды, сыбайлас жемқорлықпен күресуді, әлеуметтік қорғау деңгейін көтеруді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз. Бұл Қазақстан халқының сұранысына жауап береді. Сіздің барлық бастама­ңыз осыған бағдарланған. Достас Қазақстан халқына бақ-береке және табыс тілеймін, – деді Қытай басшысы.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысында он құжатқа қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин өз қолтаңбаларын түсіріп, Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесін бекітті.

Он құжат арасында Авиациялық іздеу және азаматтық әуе кемелерін құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» құрылысын ұштастырудың ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыру жөніндегі өзара түсіністік туралы үкіметаралық меморандум, ҚХР Үкіметінің Қазақстан тарапына суперкомпьютер беру жобасы жө­ніндегі ынтымақтастық туралы келісім бар.

Мұның сыртында екі елдің ми­нистр­ліктері мен ведомстволары арасында ҚХР-ға Қазақстаннан экспортталатын сүт өнімдеріне және жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттамалар, зияткерлік меншік құқығын шекарамаңы қорғау саласындағы ынтымақтастықты ны­ғайту жөніндегі меморандум мақұл­данды. Қазақстанның шың еліне зығыр экспорттауына жол аша­тын құжатқа да қол қойылды.

Келіссөздердің жемісті өтуі арқасында жылдар бойы қорда­лан­ған түйткіл шешімін табуы тиіс: кон­трабанда мен кедендегі корруп­ция кесірінен Қытайдан шыққан импорттың үлкен көлемі Қазақ­станда салықтан жалтарып кетеді. Енді екі елдің кеден органдары өзара мәлімет алмасып, шекараны қанша көлемде және қанша тұратын жүк кесіп өткені туралы бірін-бірі хабардар етіп отырмақ. Бұл уағда­ластық «ҚР мен ҚХР арасындағы ке­ден шекарасы арқылы алып өті­летін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратпен ал­масу жөніндегі техникалық специ­фикация» арқылы рәсімделді.

Екікүндік сапары аясында Қа­зақстан Президенті Қытай компар­тиясының ОК Саяси бюросының мүшесі Ян Цзечимен кездесті. Әңгі­ме кезінде Қ.Тоқаевтың оны бұрыннан білетіні, оның ҚКП Сырт­қы істер министрі лауазы­мын­дағы табысты қызметімен бұған дейін де жіті таныс екені анықталды.

– Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мем­лекет, әлемдегі екінші экономика деп санаймыз. Қазақстан бұл са­парға үлкен мән береді. Біз Қазақ­станның АӨСШК және басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қы­тайға ризашылық білдіреміз. Эко­номикалық ынтымақтас­тығы­мыз стратегиялық сипатқа ие. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев пен төраға Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтар ары қарай дами береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ҚХР Мем­лекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесуінде екі елдің қарым-қатынасы үдемелі дамып келе жатқанына, екіжақты әріп­тес­тікте сауда-экономикалық, көлік-логистикалық салаларда көптеген нәтижелерге қол жеткеніне назар аудартты. Ол Қазақстан мен Қытай­дың өзара сауда-саттығының қар­қынына оң баға берді. Өз сөзінде Ли Кэцян Қ.Тоқаевтың ҚХР-ға са­пары қазақ-қытай көп қырлы бай­ланыстарын одан ары нығайтуда зор маңызға ие екенін атап өтті.


Қасым-Жомарт Кемелұлы Бей­жіңде ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиыны тұрақты коми­тетінің төрағасы Ли Чжаньшумен жеке жүздесті. Әңгіме барысында екіжақты парламентаралық ынты­мақтастық жүйелі дамып келе жатқаны тілге тиек етілді.

Қазақстан Президенті сапа­ры­ның қорытындыларына қанағат­тануға барлық негіз бар екенін жет­кізді. Қос мемлекеттің парла­мента­ралық қатынастарын нығайту перспективалары туралы айтқан Қ.Тоқаев биылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өтетін Еуразия парла­мент­тері спикерлерінің IV кеңесінің маңызына тоқталды.

Ли Чжаньшу Қ.Тоқаевтың Қа­зақстан-Қытай қарым-қатынас­тарын дамытуға қосқан елеулі үле­­сін жоғары бағалап, оның Си Цзинь­пинмен келіссөздерінің нәти­желі өткенінен құлағдар екенін біл­дірді: «Сіздің Қытайға сапа­ры­ңыз үлкен жетістікпен аяқталды. Ал Қазақстан-Қытай қарым-қаты­насы жаңа тарихи кезеңге өтті» деді ол.

«Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның» дейді халық да­налығы. Мемлекет басшысы Бей­жің­де Қазақстан-Қытай Іскерлік ке­ңесінің 6-отырысына қатысты.

– Қытай – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және экономикалық серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлеліндей, елдеріміз арасындағы тауарайналым 2018 жылы 11,4%-ға артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақ­станға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Біз бүгінгі жиын­ды іскерлік және инвести­ция­лық әріптестіктің зор әлеуетін ке­ңірек пайдалануға мүмкіндік бере­тін маңызды шара деп қарас­ты­рамыз, – деді Қ.Тоқаев.

Ол ауыл шаруашылығын келе­шегі зор салалардың бірі ретінде атады.

– Қазақстан әлемде жоғары са­палы бидай экспорттаушылардың ондығына кіреді. Былтыр Қытайға өткізілген бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Біз бұл көлемді 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайта аламыз. Қазақстан тұзын ха­лықаралық нарықтарға экспорт­тау ауқымы артып келеді. Біз Қы­тай­ға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Сонымен бірге қытай нарығына сүт өнімдерін, құс еті, сиыр еті, қой еті, шошқа етін, ұнды, дәнді, бұршақ және майлы дақылдарды жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза тамақ өнім­де­рінің өндірісін және Қытайға экс­пор­тын өрістетуге ниет­тіміз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Іс-шара қорытындысында Қа­зақ­стан делегациясының өкілдері қытай бизнесмендерімен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды.

Қ.Тоқаев ҚХР-дың іскерлік орта өкілдерімен де жүздесті.

Қазақстан Президенті Бейжің­дегі Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды. Дәріс аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы осы елде оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгі­мелесіп, олармен бірге естелік су­ретке түсті.

Мемлекет басшысы сапары аясында Чжэцзян провинция­сын­дағы Ханчжоу қаласына да ат ба­сын бұрып, сондағы әлемдік на­рыққа инновациялық өнімдерді шы­ғаратын көшбасшы Hikvision компаниясының жұмысымен және Орталық Азияда қолға алған ком­мерциялық жобаларымен танысты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ханчжоу қаласының мәдени нысан­дарын аралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Alibaba Group компаниясының негізін қа­лаушы Джек Мамен кездесті. Жүз­десушілер әлемдік экономиканың көкейкесті мәселелері, кәсіпкерлік пен электронды коммерцияны ­да­­­мы­ту келешегі туралы пікір алмасты.