Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған
Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған
Еліміздегі ерекше қа­жет­тіліктері бар балалар­мен жұмыс істеу әдісте­мелері негізінен ескірген, бүгінгі күні бұл мәселе қайта қарауды талап етіп отыр. Nur Otan партиясы жанындағы Бала құқық­тарын қорғау республи­ка­лық кеңесі осындай қоры­тынды жасады.

Соңғы жылдары айрықша кү­тімді қажет ететін, денсаулығында кінәраты бар балалардың саны артып келеді. Статистика дерек­теріне сүйенсек, республика бо­йынша 80 мыңнан астам бала мү­гедектігіне байланысты тіркеуге алын­ған. Бұл мәселе жақында Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында да айтылып, үкіметке ДЦП диагнозы бар жет­кіншектерге медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақ­сарту шараларын жасау тапсы­рылды. Президент барлық өңір бо­йынша орташа оңалту орталық­тарының желісін салу үшін алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөліне­тінін айтып отыр. Қаржы көзі қай­дан қарастырылатыны да бел­гілі болды. Дегенмен аталған әлеу­меттік салада шешілмеген мәселе көп. Соның бірі – маман дайындау ісі. Балалар үйіндегі бұрынғы ке­ңестік әдістемелер қазір ескірген. Ерекше қажеттілігі бар балаларға қамқорлық пен күтім заманауи әдістемелерді енгізуді қажет етуде. «Ең алдымен, мына конструктивке назар аудару керек – балалар үй­лерінің паллиативтік топтарында балаларды күту бойынша оқытуды ұйымдастырудың қазіргі заманғы стандарттарын әзірлеу қажет. Біз республикадағы осы сала маман­дарымен сөйлесіп, пікірлестік. Қазіргі уақыт ондай қажеттілігі бар баланы тез оңалтуды, оның отбасын табуын тезірек іздестіріп, ол істің қоғамдануын жылдам­датсақ дейміз. Бұл қоғам талабы» дейді Nur Otan партиясы жанын­дағы Бала құқықтарын қорғау рес­публикалық кеңесі төраға­сы­ның орынбасары Динара Закиева.

Күні кеше партия жанындағы бала құқықтарын қорғау респуб­ликалық кеңестің бастамасымен Қостанай облысы Рудный қала­сын­дағы Сәбилер үйі басшысының міндетін атқарушы Нина Смагина Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дом ребенка» мамандандырылған балалар үйіне келіп, әріптестерінің жұмысымен танысты. Елордадағы екі қабаттан тұратын ғимарат жа­қында күрделі жөндеуден өткі­зіліпті. Мекеменің директоры, жо­ғары санатты дәрігер Сәуле Кен­жебаева іші-сырты мұнтаздай жарқыраған балалар үйін арала­тып, жұмыс барысын және оның нәтижесін көрсетті. 100 орынға есептелген мекемеде жалпы саны 144 қызметкер жұмыс атқарады. Мамандандырылған балалар үйі ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу кезінде ең озық деген әлемдік тәжірибені басшылыққа алыпты. Қызметкерлер әрбір сә­бимен жеке дара жұмыс істеп, ойын сабақтарын өткізу, таза ауада серуендеу секілді жағдайлар жасайды.

Бір байқағанымыз, балалар үйінде Ержігіт, Саян, Ескендір сияқ­ты қазақша есім қойылған сәби саны көп екен. Мекеме қыз­мет­керлерінен білгеніміздей, олар­дың кейбірінен туа сала ата-анасы бас тартса, кейбір сәбилерге ерек­ше қажеттілік пен күтім керек. Сол се­бепті ата-анасы амалсыз арнайы мамандандырылған балалар үйіне өткізуге мәжбүр болады. Ал ондай балалардың күтімін жасауда ба­лалар үйінің қызметкерлерінің еңбегі орасан.

Мәселен, сәбилер үйіндегі 2 жас 7 айға толған Алдияр Ер­бол­ұлы­на жасалып жатқан көмекті көзімізбен көрдік. Дәрігер-педиатр Лидия Демидчиктің айтуынша, ерекше қажеттілігімен туылған сәбиге тек күнделікті күтімнен басқа қолдан келер дәрмен жоқ. «Бұл баланың диагнозы медицина тілімен айтқанда «дан комплекс» деп аталады. Яғни, туа бітті пато­логия. Бас миының дамуы шек­телген, қол-аяқ, бір сөзбен айт­қанда тірек қимылдарының дамуы шектелген, жетілмеген. Жағдайы өте ауыр. Шетелдік дәрігерлер, ғалымдар да келіп көрді. «Ештеңе істей алмайсыңдар, қолдан кел­генше күтіп көріңдер, қанша күнге демі жетсе, сонша күн өмір ке­ше­ді» дегенді айтты. Өзім де 30 жыл­дық жұмыс тәжірибемде мұн­дай диагнозбен өмірге келген баланы алғаш кезіктіріп отырмын. Қолы­мыздан келері – күнделікті күтімін жасау. Тамақты құтыға құйып, сұйық күйінде емізік ар­қылы береміз. Біздің қызметкер­леріміз қолдан келгенін жасап бағуда» дейді Л.Демидчик.

Мұның барлығын өз көзімен көрген Нина Смагина әріптестері қолданып жатқан озық тәжірибелер мен әдістемелерді тезірек жер­гілікті жерлерге енгізсе деген тілегін жеткізді.

«Әрине, ел астанасындағы ба­лалар үйінің материалдық базасын, жағдайын өңірлермен салыстыруға келмес. Дегенмен бұл тұрғыда біз де қарап жатқан жоқпыз. Жергілікті кәсіпкерлерден қолдаушы іздеп, бюджет ақшасын да тиімді жұм­сауға тырысамыз. Әйтсе де, маған ең ұнағаны бұл жердегі маман­дардың кәсібилігі. Қызметкерлер әр баламен жеке жұмыс істеуге дағдыланыпты. Елордадағы бала­лар үйінде әр сәбидің күтіміне же­ке жағдай жасалып, жеке бөлме­лер қарастырылған және сол бо­йынша жұмыс істеледі екен. Алдағы уақытта бұл әдістемені мен де өзіміздің балалар үйіне енгізсем деймін» дейді Рудный қаласындағы Сәбилер үйі бас­шысының міндетін атқарушы Нина Смагина.

Мамандардың айтуынша, бү­гінгі күні өңірлердегі балалар үй­лері арасында ынтымақтастық ор­нату өте маңызды. Әсіресе, рес­публикалық маңыздағы қала­ларда орналасқан үлкен мекемелер аймақтағы әріптестеріне әлемдік тәжірибені бейімдеудегі өзіндік әдістері мен ерекше тәсілдерін бөлісе алады.

Нұр-Сұлтандағы мамандан­ды­рылған балалар үйінің директоры Сәуле Кенжебаеваның айтуынша, баланы тез арада оңталтып, қатар­ға қосып, әлеуметтендіру ісінде мекеме біршама жетістікке жетіп отыр. «Былтырдың өзінде қызмет­керлеріміз 8 баланың денсаулығын жақсартып, олар жаңадан ата-анасын тапты. Қазір балалы бол­ғысы келетін жас отбасы көп. Тә­жірибеден байқағанымыз туа бітті кемістігі бар баланың тезірек оңа­лып кетуіне түрлі әдістемеден бөлек, ата-ананың алақаны, адам­ның мейірімі де көп көмектеседі» дейді маман.

Бұл әдістің тиімділігін Nur Otan партиясы жанындағы Бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева да айтып отыр. Егер тиімді жұмыс жүргізе алсақ, балалар үйіндегі жағдайға қоғам назарын аударамыз. Қоғам назары күшейсе ерекше қажеттіліктері бар балалардың, жетімдердің проб­лемаларын бірлесіп шешер едік. Бала асырап алушылар қата­ры да көбейер еді дейді ол.

Динара Закиеваның айтуынша, соңғы уақыттары бұл мәселенің ше­шімін табу үшін Nur Otan пар­тиясы түбегейлі кірісуді мақсат етіп отыр. Партия жанындағы Бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесінің бастамасымен өңір­лер­дегі балалар үйінің қызметкерлерін үлкен қалалардағы орталықтарға тәжірибе алмасуға жіберу, қайта оқыту ісі жалғасын таба бермек.