Қазақстан келесі аптаның сәрсенбісінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының жиынын өткізуге әзірленуде. Басқосу қарсаңында Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Иорданияның Қазақстандағы елшісі Юсеф Әбделғаниді қабылдады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан ары нығайту жайы, соның ішінде визасыз тәртіп пен тікелей әуе бағытын ашу мәселесі талқыланды.
Дариға Нұрсұлтанқызы Иордания елі мен Король ІІ Абдалланың Таяу Шығыстағы күрделі үдерістерді реттеуге қосқан зор үлесін атап өтті.
– Мемлекетіміздің жақын досы – Король ІІ Абдалланың еліндегі қоғамдық-саяси өмірді және экономиканы реформалаудағы қызметін, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелер жөніндегі сындарлы ұстанымын жоғары бағалаймыз. Корольдің 2017 жылғы қараша айында Қазақстанға келген сапарының маңызы зор, – деді ол.
Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылық мәселелеріне қосқан күш-жігері ескеріліп, ІІ Абдалла «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» алғашқы иегері атанған.
Тараптар халықаралық және аймақтық көптеген мәселелер бойынша Нұр-Сұлтан мен Амман ұстанымдарының ұқсас екені жөнінде ортақ ойға тоқайласты. Парламенттің Жоғарғы палатасының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Д.Назарбаева хатшылықтың кезекті XVIII отырысына дайындық жұмыстарына тоқтала келе, форумға қолдау көрсеткені және белсенді қатысқаны үшін иорданиялық тарапқа алғыс білдірді.
Өз кезегінде елші Иордания азаматтары үшін визасыз тәртіп енгізуді және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуды өтінді. Бұл сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, туризм әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді және Иордания студенттерінің көптеп келуіне жол ашады.
Сенат басшысы елші ұсыныстарына қолдау білдіріп, екі ел арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуда визасыз тәртіптің маңызына назар аудартты.
Дариға Назарбаева Палестина елшісі Монтасер Абу Зейдпен кездесуінде Қазақстанның Таяу Шығыстағы көкейкесті мәселелерді бейбіт жолмен шешуді жақтайтынын мәлімдеді.
– Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Таяу Шығыстағы өзекті мәселелерді бейбіт жолмен шешуді жақтап келеді және Палестинаны әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тезірек оңалтуға бағытталған халықаралық қоғамдастықтың гуманитарлық акцияларын қолдайды, – деді Сенат төрағасы.
Өз кезегінде дипломат Д.Назарбаеваға Жоғарғы палата басшысы қызметіне сайлануына байланысты Палестина Ұлттық кеңесінің құттықтауын жеткізді және оның алдағы уақыттағы қызметі табысты болуына тілектестігін білдірді.
М.Абу Зейд сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жайын сөз ете келе, Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болғалы тұрған көп салалы «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысының барысы жайында хабардар етті. Күні бүгінге дейін 76 қабаты салыныпты, қазан айының соңында онда Sheraton қонақүйі пайдалануға берілмек.
Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, Палестина азаматтары үшін виза тәртібін жеңілдету мүмкіндіктерін, сондай-ақ «Теңіз» мұнай кен орнындағы қақтығысты талқылады. Атыраудағы төбелес барысында Иордания мен Ливан азаматтары сыртында палестиндік жұмысшылар да зардап шеккені мәлім. Мәселелерді пысықтау үшін мекемеаралық комиссия құрылды.
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева шетелдік азаматтардың Қазақстан заңнамасын сақтауы, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауы қажетін қадап айтты.