Праймеризге қатысушылар додаға түсудегі басты мақсатын айтты
Праймеризге қатысушылар додаға түсудегі басты мақсатын айтты
5,130
оқылды
«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаевтың қатысуымен онлайн режимде ерекше қажеттіліктері бар адамдармен кездесу өтті. Онда праймеризге қатысушылар додаға түсудегі мақсатын айтып, сайлау барысында өздерін алаңдатқан бірнеше сұраққа жауап алды. Конференцияны модератор ретінде Ләззат Қалтаева жүргізді. Онлайн отырыс кезінде праймеризді ұйымдастыруға қатысты мәселелер, сақтық шараларын қатаң түрде сақтай отырып, іс-шараларды өткізу барысы талқыланды. Өз кезегінде партия хатшысы Арман Қырықбаев праймеризге қатысу ережесінің басты мәселелері, партияішілік іріктеуді өткізу тетігі, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынудың рөлі және өзге де өзекті мәселелерді түсіндіріп өтті. – Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Nur Otan» партиясы бұл центристік ұстанымдағы бүкілхалықтық партия. Мүшелерінің саны, әлеуеті, қаржылық ұйымдастыруы, материалдық техникалық жағынан болсын, аталған ұйым еліміздегі ең жетекші партия саналады. Ал партия құрамының жаңаруы, заманға сай болуы – бүгінгі күннің басты талабы. Депутаттыққа үміткерлердің қатарында қолынан іс келетін, көптеген игі бастамаларды көтеріп жүрген, жетістіктерге қол жеткізген азаматтардың болуы – біз үшін ең маңызды мәселе. Бір-екі адам отырып, өзара шешім қабылдағаннан гөрі, оны талқыға салып, елдің алдында жүрген, елге сөзі өтетін азаматтардың ой-елегінен өткізіп қабылдауы халыққа пайдалырақ болады деп ойлаймын. Бұл «Nur Otan» партиясының ойдан шығарған дүниесі емес. Әлем халықтарының дамуы жолындағы жер жүзіндегі мемлекеттердің барлығының тарихын зерделеп қарайтын болсаңыздар, менің сөзімнің растығына көздеріңіз анық жетеді, – деді партия хатшысы Арман Қырықбаев. Праймеризге Шымкент қаласының атынан қатысып жатқан үміткер Дана Орманова қайырымдылық қоғамдық қорының жұмысын ары қарай жандандыруға бұл доданың пайдасы көп екенін жеткізді. – Мен біраз уақыттан бері мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге жұмыс істеп келемін. Зейнетке шыққаннан кейін қайырымдылық қоғамдық қорын аштым. Біздің жұмыс істеп келе жатқанымызға бақандай 6 жыл болды. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы қаншама аудандарда, облыстарда, республиканың бірнеше облыстарында ауқымды іс-шараларды өткіздік. Алдағы уақытта да маңызды шараларды қолға алу мақсатында елімізде тұңғыш өтіп жатқан праймеризге қатысып, партиямен бірге жетістіктерге жетуді көздеп отырмын, – дейді ол. Ал Түркістан облысынан байланысқа шыққан тағы бір үміткер Еркінбай Шалтан сөз арасында көмекке мұқтаж жандарға әр кез жәрдемдесіп, ел үшін аянбай еңбек етуді, халықтың алғысын алуды мақсат тұтатынын тілге тиек етті. – Қазақстанда болып жатқан ауқымды, айтулы науқанға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға атсалысып жүрмін. Праймеризге қатысқан себебім, Түркістан қаласында жаңа облыс, жаңа қала салынып жатыр. Кейбір өте нашар сапада салынып жатқан ғимараттарды көріп, сол мәселені қозғау үшін, оның сапалы жасалуына ықпал етсем деген мақсатпен праймеризге қатысып жатырмын.  Өзім 1 топтағы азамат болсам да, көптеген әлеуметтік жобаларды жастар мен мүмкіндігі шеутеулі жандарға арнап, келешекте оларға барлық жағдай жасауға бар күшімді саламын, – деп атап өтті Еркінбай Шалтан. Ал Маңғыстау облысынан конференцияға қатысқан Маңғыстау облысы «Nur Otan» партия филиалының «Кедергісіз келешек» жобасының комиссия мүшесінің төрайымымы Баян Жармағамбетова өзінің мақсат-жоспарларымен бөлісіп, партия хатшысына көкейде жүрген бірқатар сұрағын жолдады. – Мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жұмыс істеймін.  Праймеризге қатысатыныма қуаныштымын. Елбасының «Қазақстан кедергісіз аймақ болуы керек» деген керемет сөзі бар ғой. Біз соны жүзеге асыра білуіміз керек. Финляндия мен Швецияда дені сау адамдар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар бір мектепте оқып, бір партада отырады. Яғни ешқандай шектеу, дискринимация деген мүлдем жоқ. Ондай қоғамда өскен бала, инклюзивті өмір сүруді үйреніп, сол қоғамға үйренісіп, олардың  өмірге деген көзқарасы да өзгеше болады. Айтайын дегенім, инклюзивті қоғамдастықты дамыту бағытында көп күш жұмсасақ елдегі көптеген күрмеулі мәселелер шешімін табатын еді. Сондықтан да қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында кемсітушілікті болдырмау үшін жұмыс істеуміз керек, – деді Б.Өмірзаққызы. Конференцияға қатысушылардың алдағы мақсат-жоспарларын ден қойып тыңдаған «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев жиын соңында праймеризге қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, оларға сәттілік тіледі.  

Әбілмансұр ЖАСАН