Ұлыбританиядағы атақты букмекерлік кеңселердің бірі Ladbrokes кәсіпқой боксшылардың бір кездесуде ең көп дегенде қанша дәл соққы жасайтынын, әр соққысының қанша ақшаға татитынын есептеп көріпті. Олардың жүргізген зерттеуінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкин де бар. GGG британиялық Келл Брукпен өткізген жекпе-жекте 133 дәл соққы бағыттаған. Ал әр соққысының құны 29 675 фунт стерлингке (39 мың доллар) тең екен.
GGG-ДІҢ АДАМ СЕНГІСІЗ СОҚҚЫСЫ
Головкинді пәлен деп таныстырып жатудың өзі артық. Сонау 2004 жылы Афины олимпиадасында күміс медаль алғаннан кейін дереу кәсіпқой бокс әлеміне ат басын бұрған. Ол жақта да ә дегеннен жолы болды деуге келмейді. Біраз уақытын Германияда жоғалтты. Дегенмен 2010 жылдан бастап Головкин дәуірі басталғанына күллі әлем куә болды. Орта салмақтағы менмін деген мықтылардың барлығын құлатты. Осы күнге дейін 41 кездесу өткізіп, оның 39-ында жеңіске жетсе, 35 кездесуді нокаутпен аяқтады. Осының өзі-ақ оның қаншалықты күрзі жұдырықты боксшы екенін аңғартса керек. Кәсіпқой бокс Генаның соққысынан сескенеді. Шаңын қағамын деп келген талай боксшының шаруасын тәмам қылған – GGG-дің адам сенгісіз ауыр соққысы. Оның қарсыластарын осал деуге ауыз бармайды. Кассим Оума, Лахуан Саймон, Гжегож Прокса, Мэттью Маклин, Кертис Стивенс, Даниэл Гил, Мартин Мюррей, кіші Вилли Монро, Дэниел Джейкобс, Давид Лемье... Осылардың барлығы Головкиннің айқын бір соққысынан зардап шеккендер. Головкин «Канелоны» да аяған жоқ. Алғашқы кездесу бәріміздің есімізде. Жеңген сияқты еді, төрешілер тең түсті деп шешім шығарды. Екінші кездесуде тең түскен сияқты еді, төрешілер жеңілді деп пәтуә берді. Қалай болғанда да қисынсыз. Ал соққылары ше? Төрешілер қағазына үңілсек: Compubox мәліметтері бойынша, Головкин реванш жекпе-жекте 879 соққы жасап, соның 234-і діттеген мақсатына дәл жеткен. Ал Альварес барлығы 622 соққы жасап, соның 202-і Головкинге дәл тиген. Осы деректер-ақ кімнің көп таяқ жегенін анықтап беретін секілді.
Мигель Котто деген пуэрто-рикалық алапат боксшы бар. 47 жекпе-жектің 41-ін жеңіп, 33-інде қарсыласын ес-түссіз құлатқан. Төрт салмақ категориясы бойынша титул жеңіп алған бірегей боксшы. Міне, сол боксшымен бірге Головкин осыдан үш жыл бұрын соққы күштілігін сынап көрген. Nacion ESPN студиясында қонақта болған екі боксшыға арнайы автомат арқылы соққы күшін өлшеу ұсынылады. GGG-дің соққысынан кейін автомат 776 өлшемін көрсетсе, Коттоның соққысы 774 өлшеміне ғана жеткен.
Қазір Головкин украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы жекпе-жекке дайындалып жатыр. Кездесу 5 қазанға жоспарланған. Осы кездесу қарсаңындағы спаррингте Головкинге америкалық Антонио Уэйд көмектесуде. Калифорниядағы Big Bear лагерінде жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқан Уэйд қазақстандық боксшының ауыр соққысы туралы айтқан.
«Генаның соққысынан кейін денеңде қан жүрмей, жансызданып қалады. Сол хук арқылы иығымнан ұрып еді, тап сол жер жансызданып, қатты ұйып қалды» депті америкалық боксшы. Бұған дейін Головкиннен жеңілген Ванес Мартиросян да «Мен құдды пойыздың астына түсіп кеткендей болдым. Оның бір соққысы ғана емес, барлық соққысы осындай жағымсыз әсер сыйлайды. Оның соққысынан кейін бас көтеру мүмкін емес. Дәл бұлай ешкім мені ұрмаған» деп ағынан жарылып еді. Деревянченконың бапкері Гэри Старк те GGG соққысынан қауіптенетінін жасырмайды. «Оның керемет формада шығатынын білемін. Ол да осы белдікті (IBF) алғысы келеді. Ол өте талантты боксшы. Біз оны жеңу үшін өте ауыр жұмыс атқарып жатырмыз» дейді Старк.
ҚАРСЫЛАСЫН ҚАН ҚАҚСАТҚАН
TheCombatProject.com порталы Головкиннің соққысына қатысты арнайы зерттеу де жүргізіп көрген. «Ол соққылар тізбегін өте керемет байланыстырады. Қолының соншалықты жылдам емес екеніне қарамастан әртүрлі вариациядағы соққылар арсеналын паш етеді. Мысалы, онда жылдам джеб, күштік джеб бар, және уақыт өткен сайын жоғарғы джебті жиі пайдаланады. Қарсыласының орналасқан жері мен қорғанысына байланысты оң қолымен тікелей ұрады немесе оны сыртқа қарай итеріп, қорғанысты айналып өтіп, қарсыласты құлақтың аймағынан ұстап алуға шебер» дейді олар.
Головкиннің қай қарсыласы болмасын, оның соққысының ауыр екенін мойындауға мәжбүр. Жекпе-жек басталмай тұрып, қай-қайсының да іштей ығып тұратынын, сескеніп тұратынын байқау да қиын емес. Ал Головкин қай кездегідей сабырлы. Ол гонг соғыла салысымен мидағы ақыл мен күрзі соққысының астасып кетеріне түк те күмәнданбайды. Сондықтан да оның соққылары жыл өткен сайын ақиқаттан – тамсана айтар аңызға айнала бермек.