Ақ тердің ақталғаны керек

Ақ тердің ақталғаны керек

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты бокстан бағытымен де, басқасымен де ерекше. Бастысы – Токиоға барар жол елордамен түйіседі. Жолдама арнайы спортшыға емес, жалпыкомандаға беріледі. Әлем көз тіккен байрақты бәсекеге 100 елден 1 002 спортшы қатысады.

Нұр-Сұлтан қаласында күрес түр­лерінен Әлем чемпионаты өте­ді. Грек-рим күресі, еркін және әйел­дер күресінен ел атынан бақ сы­найтындар белгілі болды. Сон­дай-ақ Рио Олимпиадасының же­ңім­пазы, канадалық балуан қыз Эри­ка Уибе, Украинаның 85 келіге дейінгі балуаны әрі депутаты Жан Беленюк келеді. Жанкүйерлер аме­рикалық Кайл Снайдер мен ре­сейлік Абдулрашид Садулаевтың кездесуін асыға күтеді. Еуропа мен Азия мектебінің таласын тама­шалауға асығатындар бар. Яғни, Роман Власов пен Ким Хен У бәсе­кесі жоғары белдесу көрсетеді деген болжам бар.

Грек-рим күресінен Қорлан Жа­қанша (55 келі), Мейрамбек Айнағұлов (60), Алмат Кебіспаев (63), Мейіржан Шермаханбет (67), Демеу Жадраев (72), Асхат Діл­мұ­ха­медов (77), Мақсат Ереже­пов (82), Азамат Құстыбаев (87) Ерулан Ысқа­қов (97), Мансұр Шадуқаев (130) сынға түседі.

Грек-рим күресінің білгірі Ас­пан­дияр Есенжоловтың айтуынша, тартысқа толы сайыс тама­ша­лай­мыз. «Өйткені Лондон мен Рио­да­ғы­дай емес, Токиоға бару талабы өз­гер­ген. Бұрындары бір салмақта 18-19 балуан күрессе, қазір 16 спорт­­шы жолдаманы сарапқа са­ла­­ды. Сондықтан елорда боз­кі­ле­мін­де ақ тердің ақталғанын қалай­мыз» дейді сарапшы.

Есенжолов 60 келі салмақ дәре­жесінде белдесетін Мейрамбек Ай­на­­ғұловқа сенім артып отыр. Өйт­кені Айнағұлов 2017 жылы Па­рижде өткен әлемдік додада күміске ие болды.   2015 жылы Лас-Вегаста өт­кен әлем біріншілігінде Алмат Кебіс­баев пен Досжан Қартықов қо­ла медаль алды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында көзіне жас алған Кебісбаевтың көрінісі ел есінде. Биылғы додада Алмат ба­рын салып, Токио жолдамасын қор­жынға салар. Сонымен қатар Париж­де Демеу Жадраев күміспен күп­телді. Аста­на­дағы ойында еш­кім­ге есе жібермей, сақ қимылдай­ды деп сенеміз.

Еркін күрестен құрама намы­сын Нұрислам Санаев (57 келі), Ра­сул Қалиев (61), Дәулет Нияз­бе­ков (65), Нұрқожа Қайпанов (70), Данияр Қайсанов (74), Ғалымжан Өсербаев (79), Әділет Дауланбаев (86), Нұр­ғали Нұрғайыпұлы (92), Әлішер Ерғали (97), Олег Болтин (125) қорғайды.

Сарапшылар әлем бірінші­лі­гі­нің күміс жүлдегері Нұрислам Са­наев пен қола медаль иегері Дәу­лет Нияз­беков жүлдеге ілі­ге­ті­ні­нен үміт­­ті. Рио олимпиадасында жар­ты­лай финалға шыққан Ға­лым­жан Өсербаев бұл жолы өзін дә­лелдеуі керек. Бапкер мен жан­кү­йер Өсер­баев­­­тың еркін күресте көсіл­генін қа­­лайды.

Әйелдер күресінен Валентина Ис­ламова (50 келі), Татьяна Ахме­това (53) Марина Седнева (55), Эмма Тисина (57), Мадина Бақ­бер­генова (59), Аяулым Қасымова (62), Айна Теміртасова (65), Ирина Казю­лина (68), Жәмила Бақбер­ге­но­ва (72), Эльмира Сыздықова (76) бақ сынайды.

Рио Олимпиадасында сәтті бел­дескен Эльмира Сыздықовадан медаль күтеміз. Әлем чемпио­на­тына қатысатын қыздардың біразы Шым­кентте өткен спартакиада топ жарған. Бабы мен бағы қатар шап­са, спартакиадағы жеңісті қай­та­лар.

– Барлық салмақ дәре­же­сін­де біздің жігіттер мықты дей алмай­мын. Деңгейі жоғары, дене бітімі мығым палуандар жетерлік. Бірақ белдесудің нәтижесі бозкілемде белгілі болады. Көңіл күй, ниет, қол­дау маңызды. Жанкүйер три­бу­на­­дан тоқтаусыз дем берсе, жігіттер барын салады деп ойлаймын. Меніңше, бәсекенің Нұр-Сұлтан қала­сында өткені жігіттерге оң әсе­рін тигізеді, – дейді бапкер Олжас Шыңғысбаев.

Бапкердің айтуынша, Қазақ­стан құрамасы жолдамаға да, ме­да­ль­ға да қол соза алады. Бастысы, Олимпиада жолдамасы санының көп болуы. Жолдама құрамаға бе­рі­­летіндіктен, кім баратыны ке­йін бел­гілі болады. Күрес түр­ле­рі­нен әлем чемпионаты 14-22 қыркүйек ара­лығында «Барыс Аренада» өте­ді.   


Айбике ЖАНАСЫЛ