«Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған отандастарымызбен оңалту орталықтарында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанынан бәріміз хабардармыз. Бірақ бейімдеу орталығындағы әрбір кейіпкердің шетел асып, жат ағымның жетегінде кету хикаясы әртүрлі. Осы орайда Сириядан оралған қазақстандықтармен оңалту орталығында жұмыс істеген дінтанушы – Балғабек Әбдіқайымұлымен болған сұқбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Балғабек мырза, Оңалту орталығында жұмыс істеген дінтанушы мамандар сұхбаттарында Сириядан орағандарға ортақ сипаттама беріп жүр. Олардың әрқайсысының хикаясы әртүрлі десек, солардың біріне толықтай сипаттама беріп, жат елге кетуіне не түрткі болды, нендей сұрақтардың жауабын таба алмаған, қазіргі таңда ол адаммен қай бағытта жұмыс жүргізілуі керек екенін тарқатып айтып бере аласыз ба?
Ең алдымен айтар болсақ, осы Сирияға жат ағымның жетегінде кеткендердің ең басты кемшілігі – өздерін діндар санағандарымен олардың Құранның мәні мен мазмұнын түсіне алмағандары және діннің адамгершілік құндылықтарын сезіне алмағандары байқалып тұрады. Олар діннің сыртқы формасын қабылдайды, 5 уақыт намаздарын оқиды, 30 күн оразасын тұтады. Алайда, адамгершілік қасиеттерге келгенде олардың көпшілігінің бойынан жылулық көре алмайсың. Кейде мүмкін олардың жүректері жүрек емес роботқа айналып кеткендей ме қалай деп те ойлаймын. Бойында жалпы адамға деген жанашырлық, мейрімділік, жылылық болмаған соң, тек қана робот құлшылықпен жұмаққа барамыз деген менің ақылыма сыймайды. Қазақ атамыз «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп бекер айтпаса керек. Мұсылман адамның өтірік айтуына, алдауына, жалған сөйлеуіне болмайды деп тұрып, қарсысындағы адамды шатастыруға тырысып отырғандары да көрініп қалады.
Жалпы жұмысымызға тоқталар болсам, орталықтағылармен сұқбаттасу барысында олардың әрқайсысымен Ислам дінінің негізгі тақырыптары, соның ішінде сенімдік мазхабтар, ислам құқығы, Матуриди ақидасы, Ханафи мазхабы, Құран мен Хадис тақырыптарында әңгімелесулер болды. Қазір Сізге солардың ішінде бір кейіпкерімді аты-жөнін айтпай-ақ толықтай сипаттап беруге тырысайын. Ол кісі Батыс Қазақстан облысының тумасы, жасы 54-те. Ислам діні туралы ілімді 40 жасқа келгенде үйрене бастаған. Құран оқуды білгенімен, оның арабша мағынасын түсінбейді. Құран аудармаларын дұрыс емес деп қабылдайды. Бірақ Құранның арабша мағынасын түсіне алмай тұрып, Хижра жасау туралы «Құраннан білдім» дегені логикаға сыймайды. Сирияға Ақидаға қатысты мәселеге бола кетіп қалғандай көрсетуге тырысты. Ол жаққа (Сирияға) Ыстамбұл-Газиантеп маршруты бойынша жеткен. Жол-жөнекей қай жерде қандай көлікке міну керек, қалай жүріп-тұру керек деген тұстарын Осман деген азамат координатор болып реттеп отырған. Ыстамбұлда 3-4 күндей күткен. Сол жерден автобуспен Түркияның батысынан шығысына қарай 2 мыңнан астам шақырым жол жүріп, Газиантеп қаласына жетіп одан әрі қарай Сирияға өткен. Осының өзінен ақ олардың астыртын жүйелі жұмыс жасағандары көрініп тұр. Бұл кісі «Жусан» операциясымен елге жеткізілгендіктен, бұдан бұрын елге келген таныстары арқылы өздерін қандай жағдай күтіп тұрғанын шамалап білген және соған қарай дайындықпен келген деп айта аламын. Сөйлесу барысында «қабір әлемі ханфи мазхабында қалай түсіндіріледі, музыка тыңдау харам ба?» деген сұрақтар толғандыратынын айтты. Екпеге қарсы емес. Қазақстанға келгеніне қуанышты. Сирияға мұсылмандар халифатта өмір сүру керек деген ұстаныммен барған.
– Сонда ол құранды оқымаған болса, діни ақпаратты қайдан алып жүр?
– Ақпараттарды интернеттен алған. Бұл жақта жүргенде алған ақпараты мен Сирияға барған кездегі көргендері жер мен көктей айырмашылық болған. Ең алдымен Аққу–Сұлтан окульттік тобымен байланысқанын айтты, кейінірек мешітте жұма уағызында имамның ол топ туралы теріс пікір білдіргенінен кейін бойын олардан аулақ ұстаған. Ширк жасадым деп уайымға берілген. Осы топтың ұстанушылары мұсылман емес деп қабылдайтынын айтып қалды. Қабір әлемі, музыка харам деген ұстанымы бар. Мазхаб Ақида бойынша діни білімі жоқ, ол тақырыптарға қызығушылық танытпады.
Сапарда жүргенде намазды қалай оқу керек, сүннеті оқып-оқымаудың үкімі туралы сұрады. Діни мәліметтерді орыс тілді деректерден алып отырған, «Пророк миров мира» деген кітапты оқыған. Орал қаласында туған қызы тұрады, тұрмыста, төрт баласы бар екен. Күйеу баласы би өнерін меңгерген екен, бірақ оның мамандығын ауыстырғанын қалайтынын жасырмады. Жалпы алғанда, әңгімелесу барысында қарсысындағы адамды мүмкіндігінше хижра тақырыбынан бұрып, шариғи мәселелерге тартуға тіпті шатастыруға тырысты. Мемлекетке, билікке деген наразылығы бар екені сөздерінен байқалып тұрады. Атап айтқанда: «мемлекет исламнан басқа да діндердің таралуына мүмкіндік беріп отыр, бұл дұрыс емес» деп есептейді. Мемлекеттің зайырлы сипатының маңыздылығын, заң талаптарының бар екендігін білмейтін болып шықты.
– Енді бұл азаматты «тура жолға» салу үшін немесе деструктивті көзқарастардан арылту үшін не істеу керек?
– Ең әуелі, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ислам дінінің арасындағы ортақ тұстарын көбірек түсіндіру керек. Сосын, хижра жасау, кешірілмейтін күнәлар, құл ақысы дегенімізге нелер кіреді және Ханафи мазхабы бойынша намаз оқудың қажеттігі тақырыптарын тереңірек түсіндіру керек деп ойлаймын. Және, сұқбаттасу барысында кейбір азаматтар бойында мемлекетке, билікке деген наразылық бар екенін білдіріп қалады. Осы бағытта да жұмыстар жүргізу қажет.
– Оңалту орталығындағылардың көпшілігіне ортақ қандай мәселелер бар, олармен өткізілетін дәрістер көбінде қандай мәселелерге бағытталғаны дұрыс?
– «Келінге сәлем салу «ширк», Қазақстан кәпір мемлекеті, хижра жасап, халифатта (Даула, Балад деп те айтады) өмір сүру керек, кәпірлердің мүлкі мұсылмандарға халал, сақал өсіру мен оны алып тастаудың үкімдері қандай, тағдыр мен себеп-салдардың мәні, ата-анасы мен туған-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болу, мемлекеттің дін саласындағы саясатының мәні мен мақсаты, шариғат үкімдерін таратумен айналысуға кімдер құзыретті, Конституция, көк ту, қауымдар мен ұлттардың болуының керектігі тақырыбындағы лекцияларды көптеп беру қажет. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жалпы қызметі туралы да дәрістер керек ақ. Себебі, көпшілігі әлі сол баяғы түсінікте, имамдардың діни сауаты жоқ деген ойда қалып қойған. Қазіргі уақытта еліміздегі имамдарымыздың Египеттің, Түркияның басқа да ислам елдерінің танымал ислами оқу орындарын бітірген білікті мамандар екенін, елімізде мемлекеттің қолдауымен ислами білім беретін университет пен 10 медресе, қарилар дайындайтын орталықтар бар екенін біле бермейді.
– Балғабек мырза, жусандықтармен жұмыс істеу барысында өзіңізге ерекше әсер еткен кейіпкер немесе қандай да бір оқиға болды ма?
Кішкентай ғана жазықсыз періштелердің маған қойған сұрақтары біраз тосырқатты десем болады. Мысалы, соғыс аймағында болған 7 жасар бала менен: «Ахи, неге сенің сақалың жоқ, кәпірлер қырып тастады ма не?» деп сұрады. Әрине, бала өзіне үйреткенін айтады. Ал осы балаға сақалы жоқ кәпір
дегенді кім үйретті? Өкінішке орай, жалған жихад жолында адасып жүрген ата-аналары балаларының санасын осы секілді қате мәліметтермен толтырып тастаған. Сонымен қоса, балалар 6-7 жастарында қолдарына қару ұстап көргендерін, әкелері оны қалай пайдалануды үйреткендерін жарыса мақтанып айтып жатты. Ең ауыры олардың барлығының дерлік әкелері жоқ. Әкенің мейірімін сағынғаннан болар 4-8 жас арасындағы сәби балалар мені көргенде маған қарай жарыса жүгіріп біреулері арқама шығып, енді біреулері тіземе жастанып еркелегілері келіп жатты.
– Оңалту барысындағы жұмыстар кезінде Сириядан оралған отандастарымыздың бойынан тағы нені байқадыңыз және маман ретінде қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Біріншіден, Сирияға кеткен жат ағымдағы әйелдер күйеулерінің айтқанын екі етпейтіні көрініп тұр. Сирияға барамыз десе де, соғыс аймағынан қайтпаймыз десе де бәріне көне берген. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірге осы мәселеге жан-жақты жауап беретін «пәтуа» шығару маңызды деп санаймын.
Екіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, мешіт имамдарының беделін көтеретін шараларды теріс ағым өкілдеріне ұдайы жеткізіп отыру немесе шараларға қатыстырып отыру арқылы имамдарға деген сенімін күшейту керек.
Үшіншіден, Сирияда жүрген кезінде Қазақстандағы ата-аналары мен туыстарынан қолма-қол арқылы немесе Түркиядағы банкоматтар арқылы «делдалдармен» қаржы жеткізіліп тұрған. Сондай жұмыстармен айналысқан тұлғаларды анықтауға назар аударған жөн.
Төртіншіден, жоғарыда көрсетілген сұрақтардың тізбесін толықтыра отырып, білікті мамандарды тарта отырып сұрақ-жауап түріндегі арнайы кітап немесе кітапша дайындау орынды болады. Сұрақ-жауапты дайындайтын мамандардың тізімі дін саласындағы мүдделі мемлекеттік ұйыммен келісіледі. Дайындалған кітапша барлық мүдделі мекемелермен келісіліп барып шығарылуы қажет. Осындай кітап немесе кітапша теологтарға, имамдарға, дінтанушыларға теріс ағымдарда жүргендерді оңалту бойынша жұмыс жүргізуге таптырмайтын құрал болады.
Бесіншіден, Сириядан және басқа да елдерден келген, қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматшалардың қоғамның арасында беделін қатты көтермеу, оларға өздерінің қателескендерін мойындап, өкініш білдірген мақалаларын БАҚ құралдарында, әлеуметтік желілерде аты-жөндерін көрсетіп жариялап тұру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Алтыншыдан, «Жусан» операциясымен елімізге келгендер тұрғылықты жерлеріне орналасқан соң олармен жұмыс жүргізетін теологтарды тоқсан сайын жинап, тәжірибе алмасу және жұмыс жүргізу әдістемелерін жетілдіру бойынша семинарлар ұйымдастырып отыру қажет
Сұқбаттасқан: Қалиева. А