Оқытушылар арасындағы байқаудың нәтижесі шықты
Оқытушылар арасындағы байқаудың нәтижесі шықты
193
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен оқытушылар арасындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өтті.

Басты мақсат Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларының сабақтастығын жалғастыру. Ұлы тұлғаның әдістемелік идеяларын, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін ұлықтау мен қолданылу аясын кеңейтудегі оқытушылар ісін дәріптеу.

Ұлт тілі – қазақ тілі жанашырларының ең үздігін таңдау арқылы оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін таратуға негіз болары сөзсіз.

Ашылу салтанатында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар «Бұл байқаудан күтіп отырған нәтижеміз, қазақ тілін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін анықтау және тарату, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру және өзара тәжірибе алмасуы, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыру» – деп ойын түйіндеді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

Байқау төріне бірінші болып ақтөбелік Алтынгүл Тәңірбергенова, қызылордалық Әсел Бақытова, нұрсұлтандық Еркебұлан Ерболатұлы, павлодарлық Қазына Қадас, қарағандылық Мунира Ағымбаева, оралдық Индира Баймолдина, атыраулық Әйгерім Қойтановалар көтеріліп өздерін таныстырып, педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмалары мен озық сабақ үлгілерін көрсетіп, әдіс-тәсілдерін көрермен назарына ұсынды.

Ал филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Шерубай Құрманбайұлы бастаған әділ қазылар алқасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

Бас жүлдені Рудный қаласы «Қалалық тілдерді оқыту орталығының» оқытушысы Жанат Досубаева иеленді. Ал бірінші жүлде Нұр-Сұлтан қаласы Руханият орталығы Идеологиялық жұмыстары және жобаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Еркебұлан Ерболатұлы, екінші Қарағанды облысының Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Мунира Ағымбаева, үшінші Шығыс Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әсем Мамыранова иеленді. Сондай-ақ ынталандыру сыйлығын Қызылорда облысы Тілдерді оқыту орталығы Оқу-әдiстемелiк бөлімнің басшысы Әсел Бақытова, Жамбыл облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ақмарал Тұрсынбекова, Шымкент қаласы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айсұлу Оспановаларға бұйырды. Барлық байқауға қатысушыларға сый-сияпат жасалды.

Ендігі міндет – ұлттық педагогикамыздың тарихи, мәдени әрі рухани аспектілерін және білім берудің заманауи жетістіктерін ұштастыра отырып, еліміздің білім беру саласын дамытуға үлес қосу. Осы орайда, республика көлемінде оқытушылардың кәсіби біліктілігін артыруды ұлт зиялыларының педагогикалық тәжірбиесіне негіздеп жүргізу кезек күттірмес іс.