Таразда питбуль тұқымды ит 54 жастағы әйелді талап өлтірген.
Қайғылы жағдай кеше кешкі беске таман болған. Оқиға Сухамбаева көшесінің бойындағы жер үйлердің арасында орын алған.
Әйелдің айқайын естіген көршілер көмекке бірден келген. Сөйтсе, қоршаудағы үлкен ит әйелді тап беріп, талаған екен. Көршінің бірі итті сүйменмен ұрып жіберсе де, әйелдің жанынан кетпеген.
Сол кезде жедел жәрдем дәрігерлері келіп, зардап шегушіге көмектесу үшін жарты сағаттай күткен. Ол кезде әйел әлі тірі болған. Артынша келген полицейлер итті тыныштандыра алмаған соң, оны атып тастаған. Онда да бір емес, алты рет атқан. Сол кезде әр атқан сайын ит үйге кіріп, қайта әйелді талаған екен.
Сөйтіп, келіншек көп жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер әйелді ота залына апарғанымен, оны құтқара алмады. Зардап шегуші 2 литр қан жоғалтып, қайтыс болды.
Марқұм жалғызбасты туған әпкесінің үйінде қонақта болған екен. Иесі сіңлісіне араша түспек болғанымен, онысынан түк шықпапты. Әйелді талап тастаған питбуль үш жасар болған екен.