Мал бағуға шыққан 6 жасар бала қайтыс болды
Мал бағуға шыққан 6 жасар бала қайтыс болды
Фото: Төтенше жағдайлар басқармасынан алынды
Оқиға бүгін таңертең сағат 09:20-да ауданның сол жағалау елді мекенінен 1 шақырым жерде орналасқан Қызылқұм магистралды каналында болған. 6 жастағы Айдос есімді бала мал бағып жүріп, абайсызда биіктігі 3 метр болатын, қоршаусыз тұрған көпірден құлап кеткен. Ені – 50 метр, ал тереңдігі 2,5 метр болатын каналға батып кеткен баланы сол маңдағы жеткіншектер құтқарып алмақ болған. 9 жастағы Жанболат Рахатұлы суға секіріп, оны сол маңда жүрген жергілікті тұрғындар құтқарып қалған. Досын құтқарамын деп өзі суға батып кете жаздаған бала шұғыл ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайын дәрігерлер орташа деп бағалауда.
«Қызылқұм каналына батып кеткен баланы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құтқарушылары және Шардара аудандық полиция бөлімінің 10 қызметкері іздестірген. Оларға ауыл тұрғындары да қолғабыс етіп, 15 адам 1 жүзу құралымен көмек көрсеткен. Нәтижесінде, 6 жастағы баланың денесі сол маңнан табылып, судан шығарылды» делінген хабарламада.