Жасыл желек қалпына келе ме?

Жасыл желек қалпына келе ме?

Ақтау қаласында бірнеше ықшамаудандағы екі мыңнан ас­там ағаш газ тарту желісінің құрылысы үшін жойылады. Газ құ­бырын тарту бойынша жер қазу жұмыстарын «Ақтау­Энерго­Сер­вис-2007» ЖШС мердігер мекеме ретінде жүр­гізеді. Жоба бойынша берілген дәліздер қаладағы жаяу жүргіншілер мен жасыл желектер отырғызылған жерлерге тұспа-тұс келген. Ком­пания басшылығы 2316 дана ағаштың тамырымен қопа­ры­латынын ескертіп, жайсыздық үшін тұрғындардан кешірім сұраған. Өркениетті елдерде құрылыс жүретін аймақта ағаштар болған жағдайда тамырымен алып, басқа жерге отырғызатын үрдіс қалып­тасқан. Мердігер компания «Жұ­мыс аяқталған соң жасыл желек­терді қайта қалпына келтіреміз» деп отыр. Дегенмен «уәдесінде тұр­май кеткен мердігер компа­ния­лар қан­шама» деген сұрақтың ма­залай­тыны белгілі. Ақтау қала­сы­ның әкімдігі барлық іс-жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын айтып, қайта қалпына келтіру ­мә­селесін міндетті түрде қадаға­лай­тынын жеткізді. Табиғатты сақтау – адам денсау­лығын сақ­таудың бір жолы. Елі­мізде кей ме­кемелер мен азамат­тардың жа­сыл желектерге бейжай қарауынан табиғатқа айтарлықтай зиян кел­гені туралы оқиғалар да аз емес. Осы тақырыпты арқау етіп, та­биғатты қорғау мәселесі жайында сөз қозғауды жөн көрдік. Жуырда Ақтөбеде ағаштарды заңсыз отаған компанияға байла­нысты сот үкімі шықты. Өзен ар­насын тазартып, кеңейту кезінде «Берекелді» компаниясы Қызыл кітапқа енген ағаштарды кесіп, та­биғатқа зиян келтіргені анық­талған болатын. Сот шешімімен мердігер компания жетекшісіне 4 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. 2019 жылы қаңтар-ақпан ай­ла­рын­да мердігер компания Бұтақ өзені жағалауынан 37 түп кү­міс түстес терек пен 1 түп қара қан­­дыа­ғашты кесіп тастаған. 2019 жы­лы тамызда Ақтөбе облыстық про­ку­ратурасы экологиялық заң­нама­лардың бұзы­луына байла­ныс­ты 7 қылмыстық іс қозғаған, оның бе­сеуі жоғарыда аталғандай, мер­дігер компания­ларға қатысты. Ал Шы­ғыс Қа­зақстан облы­сында соң­ғы үш жыл­да ағашты заңсыз ке­суге бай­ла­нысты 400-ге жуық дерек тір­келген. 2007 жылдан бері өңірде 33 мың текше метр алқап жа­нып кет­кен. Кесілген ағаш са­ны отырғы­зылған көшет саны­нан көп. Қы­зылорда облысы ай­мағында сек­сеуіл мә­селесі табиғат жанашыр­ларының бас ауруына айналғалы қашан?!

Өзге елдердің табиғатты қор­ғау­дағы әдістері сан қилы. Мыса­лы, Германияда заңсыз кескен ағаш үшін кез келген азамат 25-50 мың евро мөлшерінде айыппұл төлейді. Жасыл желектен бөлек, бұл елде құс ұяларын қорғау мәсе­лесі де қарастырылған. Сол себепті әр жыл сайын 1 наурыз бен 30 қыр­күйек аралығында құс мекендейтін ағаш­тарды кесуге мүлдем тыйым са­лы­нады. Тағы бір қызық ақпа­рат – ағаштар да тұрғындарға ке­дергі келтірмеуі тиіс. Кедергі бол­ған ағаштар оталып немесе бұтағы қырқылады. 2007 жылы Фран­ция­ның Париж қаласында қайғылы оқиға болды. Жаз кезінде көгал­дан­дырылған алаңның болма­уы­нан күннің ыстығына шыдамай 580 адам көз жұмған. Осыдан соң ел билігі көгалдандыру жұмыс­та­рын қада­ғалап, заңсыз ағаш кескен азамат­тарға жазаны күшейтті. Қала алаң­дарын көгалдандыру бо­йынша Па­риж қаласы (9,5%) Еу­ропа қала­ла­рының ішінде әлі де соңғы орын­дар­дың бірінде тұр. Көш басында – Испанияның Мад­рид (35%) пен Англияның Лондон (33%) қаласы. Италияда Ұлттық орман мұрасы ел аумағының 39 па­йызын құрайды. 2030 жылға дейін 3 миллион түп ағаш отырғызу көзделген. Сондай-ақ көне эколо­гиялық ұйымдардың бірі – Ха­лықаралық табиғатты қорғау одағы 2019 жылдың қыр­күйегінде еуро­палық ағаштардың «қызыл тізімін» жариялады. Одақ­тың дерегіне сүйенсек, еуропалық ағаш түрле­рінің 58 пайызы түбе­гейлі құрып кетуі мүмкін.

Жыл басында жер шарының «өкпесі» саналған Австралияда 6 миллион гектардан астам аумақ өртеніп кетті. Жүздеген миллион аң-құс жапа шекті. Адамзат үшін катастрофаның біріне саналған оқиға жасыл желек пен көгалдан­дыру мәселесін қолға алу керегін әлем жұртшылығының есіне сал­ға­ны анық. Орманды, ағаштарды қорғау – гигиеналық, эс­тетикалық және мәдени маңызы бар ұғым. Сол себепті ел азаматтары жасыл желектер «ғұмырына» бейжай қарамаса екен дейміз.   Мадияр ТӨЛЕУ