Елордада суық су құбыры жарылып, Пушкин көшесін су басты. Бұл туралы «Астана су арнасы» МКК хабарлады. Бүгін сағат 12-30-да «ҚазГерҚұрылыс» ЖШС мердігер компаниясы жер қазу жұмыстарын жүргізу барысында диаметрі 900 мм-лік шойын құбырды зақымдаған. Қазіргі уақытта аталған аумақта тұратын тұрғындарды басқа құбырға қосу және зақымданған құбырды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Су жеткізу ұйымдастырылды. Су таситын көліктің қай жерде тұрғанын 76-76-76 нөмірі арқылы анықтауға болады. Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - делінген хабарламада. Қазіргі уақытта Еуразия ұлттық университеті мен Отырар кітапханасы аралығындағы жолдың үстін су басқан. Адамдар жолдан арлы-берлі аяқ киімдерін шешіп тастап өтуге мәжбүр.