Коронавирус: Балаларды емдейтін хаттама әзірленді
Коронавирус: Балаларды емдейтін хаттама әзірленді
© сурет интернеттен алынды
163
оқылды
Балалар арасында COVID-19 індетін емдеудің клиникалық хаттамасы әзірленді. Бұл туралы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы, медицина ғылымының докторы Риза Боранбаева айтты.
«Хаттаманы әзірлеу жақында іске асырылды. Осыған дейін Қазақстанда бірыңғай хаттама болған еді, онда ересектерді, балаларды және жүкті әйелдерді диагностикадан өткізу мен емдеу қамтылды. Соңғы екі аптада біз жеке хаттаманы даярлаумен айналыстық», - деді Р. Боранбаева Орталық коммуникациялар қызметінде.
Осы орайда ол Қазақстанда енді 3 хаттама болатынын атап өтті. Бірінші хаттама ересектерге, екіншісі жүкті әйелдерге, сондай-ақ үшінші хаттама балалар арасындағы COVID-19 індетіне арналған.
«Хаттама дайын, оны осы аптада қарастырып, бекітеміз деп ойлаймын. Атап айтқанда, балаларды емдеу жүріп жатыр, себебі COVID-19-дың диагностикасы мен ем-дом шаралары жалпы хаттамада болды. Қазір біз оны кеңейтіп, жүйелендірдік, сондай-ақ мультиқабыну синдромын (Кавасаки тәрізді синдром) енгіздік. Менің ойымша, хаттама апта ішінде бекітілетін болады», - деді Риза Боранбаева.