Мәңгілік стратегиялық серіктестік
Мәңгілік стратегиялық серіктестік
169
оқылды

Қытай қазақ елінің тәуелсіздігін және жерінің тұтастығын мойындайды, ал Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде қабылдайды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары осыны айғақтай түсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған, Мемлекет басшысының Қытайға сапарының қорытындылары баяндалған баспасөз конференциясында айтылды.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, бұл сапар елдеріміз арасындағы екіжақты достық қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне бастау болды.

– Қазақстанның 1782 шақырым шекарасы Қытаймен шектеседі. Бұл құрлықтағы үлкен шекаралардың бірі. Осындай үлкен нарықпен іргелес тұрып, алыс-беріс жасамау жөнсіз. Демек, онымен мәңгілік стратегиялық серіктестік орнатуымыз заңдылық. ҚХР жоғары технологиялар өндіру бойынша жаһандық лидер. Осындай әлеуетті елмен араласпай, шекараны жауып отыру мүмкін де емес, – деді ол.

Берік Уәли қытайды жау көруді негізсіз деді.

– Біз мынаны түсінуіміз керек. Қытай бізге өзінің идеологиялық саясатын таңып, құйтырқы ойын жүзеге асырып отырған жоқ. Біз қайта олардың жаңа технологиясын күнделікті өмірімізде пайдалануға, өндіріске инновациялық жаңалықтарын енгізуге мүдделіміз. Қытай қазақ жеріне ешқашан көз алартып қарамайды. Біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындайды. Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Оның негізгі мақсаты – сауда жасау, сол арқылы пайда табу. Әлемнің қай түкпірінде жүрмесін – бұл олардың басты мұраты, – деген Президенттің баспасөз хатшысы бүкіл әлем қытайлық инвестиция үшін таласып жатқанын, сондықтан одан қашпау керегін жеткізді.

Қалауын тапса, қытай әлеуетін қазақ ұлтының мұрасын насихаттауға да пайдалануға болады. Мәселен, жас қазақ ұрпағының күміс көмей өкілі Димаш Құдай­берген әлемге алдымен шың елі мінберінен танылғаны жасырын емес.

Бұған қоса, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев­тың алдағы 175 жылдығына арналған әдеби эстафета – #Abai175 челленджінің халықаралық деңгейде өрістеуіне жаһандық алпауыт саналатын Alibaba Group негізін қалаушы Джек Ма ықпал етті. Биылғы 2 қыркүйекте мил­лиардер адамзат кемеңгері деп танылған ұлы ойшы­лымыздың қытай тіліне аударылған өлеңін айтып беріп, эстафетаны қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге табыстады.

ҚХР-ге алғашқы мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Alibaba Group негізін қалаушысымен кездескені мәлім. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы кездесу кезінде Джек Маға Абай өлеңін оқып, ұлы ақынға арналған челленджді қолдағаны үшін алғыс білдіріпті.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қыз­меті алаңында ұйымдастырылған, Мем­лекет басшысының Қытайға сапарының қоры­тындылары баяндалған баспасөз конферен­ция­сында айтылды.

Өз сөзінде Президент көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Қытаймен қатынас жайын сөз еткенде бір жайтты естен шығармаған жөн екеніне назар аудартты.

– Адам досты да, жауды да өзі табады. Бірақ көршіні Құдай береді. Құдайдың алдына барғанда, «көршімен қалай тұрдың?» деген сауал қойылады дейді. Біз Тәуелсіздіктің 28 жылында алыс-жақын елдердің барлығымен достық, өзара сенім, әріптестік қарым-қатынастарды жолға қойып, дамыта білдік. Биылғы наурызда елімізде болған белгілі оқиғалардан кейін жаңа сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты сақтап, Елбасы Н.Назарбаевтың көп­век­торлы дипломатиясын пәрменді жалғастыруда. Осы уақыт аралығында біздің күш-жігеріміз, ең алдымен, жа­қын көршілермен, содан кейін Шығыс пен Батыстағы, Оңтүстік пен Солтүстіктегі, яғни төрткүл дүниенің әр бұры­­шын­дағы мемлекеттермен өзара тиімді бай­ланыс­тарды жалғастыруға бағытталуда, – деді Президент кө­мек­шісі.

Ол бұған дейін Қ.Тоқаевтың Ресейге ресми сапармен, ал Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барғанын еске салды.

Шығыс көршімен ынтымақтастықта сауда-эконо­ми­калық байланыстарға жаңа серпін беруге екпін тү­сі­рілуде. Бұл ұлттық мүдделерді ілгерілетуге ықпал етеді.

«Қытай тарапы да Қазақстан Президентінің мемлекеттік са­­парына үлкен мән-маңыз және жоғары баға беріп отыр. Олар да халық игілігі үшін біз­бен етене жұмыс істеуге, тығыз ық­палдасуға, бірге дамуға да­йын екенін растады. Бұл са­пар Нұр-Сұлтан мен Бейжің ара­сындағы қатынастардың қазіргі деңгейін және маңызын көрсетумен қатар, оның болашақ траекториясын да айқындау тұрғысынан ерекше басымдыққа ие. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастықты сақтай оты­рып, өзара байланыстар мен ын­тымақтастықты тың белес­ке шығаруға Қазақстанның мүдделі екенін мәлімдеді», – деді М.Нұртілеуов.

Әрине, ҚХР қазақ елімен өза­ра іс-қимылдан бұрыннан кетәрі еместігін білдіріп келеді. Бұл сапарда алдағы қарым-қа­ты­н­астың қай бағыттары нақты айқындалды? Қандай жаңа жоба­лар қолға алынбақ?

– Олар бізбен сауда-эконо­ми­калық, көлік-логистикалық, өндірістік, сонымен қатар жаңа салаларда жұмыс істеуге әзір еке­нін растады. Қ.Тоқаев тағы бір басымдыққа мән беріп, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тал­қылады. Жалпы, бұл сапар дүние­жүзілік саясат пен эконо­ми­кадағы аумалы-төкпелі ке­зең­де өтуде. Сондықтан осы са­пар көрші екі елдің қарым-қаты­насының стратегиялық си­пат­қа толық сәйкестігін тағы да паш етті. Сәйкесінше, ке­ліс­­сөздер барысында екі мем­ле­кет басшылары аймақтық және халықаралық мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасты, сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымдарын топшылады, – деді Мұрат Нұртілеуов.

Ол Қ.Тоқаев пен Си Цзинь­пин арасындағы әңгіме жылы және достық райда өткенін айтты:

– Қазақстан Президентінің ҚХР төрағасымен кездесуі си­па­ты жағынан ауқымы кең, маз­­мұнды және стратегиялық се­ріктестікті толық қамтитын са­ли­қалы сұхбаттасу болды деп айту орынды. Екіжақты ын­ты­мақ­тастық аясын кеңейтіп, өзара тиімді жобалар санының көбеюі­не екі ел басшысы да­йын екенін растады. Өзара мүмкіндіктер мен әлеуетіміз, дәстүрлі бағыттар жаңа әріптестік архитектурасын қалыптастастыруға берік негіз қалау үшін жағдай туғызатыны туралы тұжырым-тезис қос мемлекет басшылары қол қойған Бірлескен мәлімдемеде көрініс тапты. Осылайша, 2019 жылғы 11 қыркүйектен бастап, Қазақстан мен Қытай қатынастары ұзақ­мер­зімді, басқа сөзбен айт­сақ, мәңгілік стратегиялық серік­тестік деңгейіне көтерілді, – деді Президент көмекшісі.

Сапар аясында мемле­кета­ралық саяси диалогты дамыту, аймақтық және халықаралық күн тәртібі, трансшекаралық өзендер және экологиялық мәселелер төңірегіндегі ортақ жұмыс алгоритмдері дәйектелген екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қол қойған Бір­лескен мәлімдемеде егемен­дікті құрметтеу, жер тұтастығын сақтау, елдің ішкі істеріне араласпау, өзара сенім секілді базалық қағи­даттар расталыпты.

Экономика саласындағы бай­ланыстар да жаңа мазмұнға ие болатыны хабарланды. Айт­қан­дай, сапар қарсаңында бірқа­тар ақпарат құралдарында, әлеу­мет­тік желілерде Қытайдан кө­ші­рі­летін кәсіпорындардың эко­­логияға ауыр зардап келтіре­тіні, олармен бірге қаптаған қы­тай жұмысшылары ере келетіні ту­ра­лы әңгімелер тарағаны бел­­гілі. Президент көмекшісі М.Нұр­ті­ле­уов ел басшылығы ха­­лықтың осы алаңдаушылығы жай­лы білетінін және ескеретінін білдірді.

– Қ.Тоқаев азаматтардың бар­лық сындарлы өтініш-тілек­терін жедел әрі тиімді қарас­ты­ратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын ұсынғанын білесіздер. Ашық болу, қоғаммен диалог құру басымдық болады. Сыртқы саясатымызға қатысты да біз осы қағидатты ұстанамыз. Қолы­мыздан келгенше БАҚ өкіл­дерімен жиірек кездесіп, ақпа­рат алмасып, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, мемлекеттік мүддеміздің мұқалмауына бірге жұмыс істейміз, – деп уәде етті Мұрат Нұртілеуов.

Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев­тың ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді Қазақстанға са­пар­мен келуге шақырғаны жария етілді.

М.Нұртілеуов жоғары дең­гейдегі келіссөздер барысын­да Қытайда 4,5 келі есірткі тасы­малы үшін 2014 жылдан бері тұтқында отырған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты мәселені көтергенін мәлімдеді: «Түйт­кіл СІМ желісі бойынша талқы­ланады. Проблема оң шешілуі үшін барлық күшімізді салатын боламыз», – деді Президент көмек­шісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Қа­зақстанның цифрлануы және осы бағытта өркендеуі үшін мемлекеттік сапар өнімді әрі нәтижелі болды» деп санайды.

– Біз мемлекет басшылары келіссөзіне қатыстық. Оның барысында цифрландыру, жаңа озық цифрлық технологиялардың дамуы сөз болды. Қытай ақпа­рат­тық технологияларды Қазақ­станмен бірге Астана ІТ хабы аясында дамыту ниетін растады. Осыған орай, бірлескен алаң құру ұсынылды. Қазір Қытайдың Еу­разиялық одаққа мүше бір­қа­­­тар елмен ұқсас алаңы бар. Са­пар аясында сонымен қа­тар «Қазпоштамызбен» ара­да транзиттік электронды ком­мер­цияны дамыту жөніндегі құжатқа қол қойылды. Бұл келісім Қы­тай­дан Қазақстан арқылы Еуро­паға өтетін электронды коммерция тран­зитінің көлемін ұлғайтуға мүм­кіндік береді. Отандық ко­м­паниялар үшін бұл өте маңызды, себебі тиісті биз­нес­ке кең тартылып, ол тран­зит­ті та­сымалдаудан табыс табуға жол ашылады, – деді Асқар Жұмағалиев.

Ол «Қазпошта» Alibaba Express, China Post, Grand Post және басқаларымен келісімге келгенін айтты.

Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ҚХР-дың Қазақстанға суперкомпьютер ұсынатынын қаперге салды. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға берілмек. Бұл жайында биылғы 26 шілдедегі санында «Айқын» толығырақ жазды (Суперкомпьютер үшін «суперми» керек»).

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Роман Скляр «Қорғас» құр­ғақ порты үлкен әлеуетке ие еке­ніне тоқталды.

– 2004 жылдан бері тасымал­дау көлемі 15 есеге артты. Егер 2004 жылы бұл көлем 21 мың контейнерді құраса, 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша 310 мың контейнерге жетті. Соны­­мен қатар соңғы 4 жылда кон­тей­нерлік тасымалдардың көлемі 15 есеге артты. Жыл са­йын­ғы өсім 50 пайыздан асады, – деді министр.

Ол 2 миллион тонна қазақ­стандық көмір Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жө­нелтілетініне сендірді. Әйт­песе, көрші Ресейдің шек­теу­лері кесірінен отандық көмір өндірісінің экспорты құлдырап, сала дағдара бастаған болатын.