Атыраулық жасөспірімде Кавасаки дертінің симптомдары болғаны қаншалықты рас?
Атыраулық жасөспірімде Кавасаки дертінің симптомдары болғаны қаншалықты рас?
Фото ашық дереккөзден алынды
160
оқылды
Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырған балаларда Кавасаки синдромы пайда болғаны туралы хабар тарағалы халықта уайым пайда болды. Бұған медицина саласы мамандарының алдағы күз-қыс айларындағы болжамдары мен жасөспірімдер арасында муль­­ти­­жүйе­лік қабыну синдромының болуы үрейге басымдық беріп тұр. Атыраулық 15 жастағы жасөспірім муль­­ти­­жүйе­лік қабыну синдромы диагнозымен сырқаттанып, дерті асқынған соң Алматыға жеткізілді. Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз-қызметінің хабарлауынша, 2005 жылы туған жасөспірім мультисистемалық қабыну диагнозымен Атырау облыстық балалар ауруханасына 13 тамыз күні түскен. Атырау облыстық балалар ауруханасы бас дəрігерінің орынбасары Орындық Жұбанқызының айтуынша, жасөспірімде ковид инфекциясы нақтыланып отыр. – Бастапқыда жасөспірімді тұрғылықты мекен-жайы бойынша, учаскелік дəрігер емдеген. Науқастың дене қызуы жоғарылап, денесінде бөртпелер, тыныс алу жетіспеушілігі және аяқ-қолы ісіп, жағдайының нашарлауына байланысты, Атырау облыстық балалар ауруханасының реанимациялық бөліміне жатқызылды. Республикалық медицина ұйымдарының бас мамандарымен бірлесіп, кешенді жүргізілген емдеу терапиясының нəтижесінде, соңғы күндері науқастың жағдайында оң динамика байқалды. Тəбеті ашылып, тамақ ішіп, бүйректері өздігінен жұмыс істей бастады. Десе де, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгортимге сəйкес, мұндай диагнозбен ауыр жағдайдағы науқастар орталықта емделуі керек. Сондықтан, жасөспірім кеше Алматы қаласындағы педиатриялық және балалар хирургиясы ғылыми орталығының инфекциялық бөлімшесіне Республикалық санитариялық авиациямен жеткізілді, – дейді Атырау облысы балалар ауруханасы бас дəрігерінің орынбасары Орындық Жұбанқызы. Сайып келгенде, мамандар ковид жұқтырған балаларда кездескен белгілер Кавасаки ауруының нақ өзі емес, тек симптомдары деуге болатынын айтып отыр. Сондықтан әр адам алдымен өзін қорғау арқылы балаларын да қауіпті дерттен сақтай алатынын ескеріп жүрсе, балаларға қауіп болмас еді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы