Сатылған диплом сан соқтырмасын
Сатылған диплом сан соқтырмасын
329
оқылды

Соңғы кездері сапасыз білім, сатып алынған диплом, бағыт-бағдарсыз білім беріп отырған оқу орындарының мәселесі ушықты. Бұған Елбасының өзі Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ерекше тоқталып, «Жастардың өзі де жемқорлыққа қарсы әрекеттерге белсенді түрде қатысуы тиіс. Сатып алынған білім, ақшаға алынған сынақ не болады?» деді.

Ең өкініштісі, бұл мәселенің – білімнің, ұрпаққа адалдық, адамгершілік, тазалық дәрістерін беретін ұстаздықтың айналасында белең алып отырған. Осы бір ескертуден кейін, «сатып алған дипломның» жемісін көріп жүргендер белгілі бола бастады. Бір апта бұрын ғана Ақмола облысы Біржан сал ауданының прокуратурасы жалған дипломмен сабақ беріп жүрген 15 мұғалімді анықтаса, күні кеше жалған құжат рәсімдеген ақтөбелік 34 педагогтың жұмыс істейтіні анық­­талды. Оның 13-і – мектепке дейін­гі білім саласында, 11-і – орта мектеп­терде сабақ беріп келсе, 7 адам – колледж оқытушысы ретінде, 3-еуі – өзге де білім мекемелерінде еңбек етеді. Мәселен, бес оқытушының фортепиано мамандығы бойынша жоғары білім алғаны туралы дипломы бар. Олар қазір музыка колледжінде еңбек етеді. Ал Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де мұн­дай мамандық оқы­тылмайтын болып шықты.

«Қазір ақша үшін, бөлінген гранттарды ие­леніп, диплом беру арқылы студенттер мен мем­ле­кетті алдау оңай. Оқу орындарын сырттан тәуел­­сіз бақылау жоқ. Өздері оқу бағдарламасын жасап, өздері бақылап, өздері диплом ұсынатын дәл қазіргі білім жүйесіне үлкен өзгеріс керек», – дейді «Серпін» ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов.

«Ұсталмаған ұры емес» дейтін қазақ, өзі­нің пара алғанын ғана емес, бергенін де жасырады. Жоғары оқу орындарындағы ашық парақорлықтың жабық түрде өтетіні сондықтан. Ал оларды ашық саудаға салып отыратын интернет сайттардың әңгімесі өз алдына бір бөлек. Осы кезге дейін жүгенсіз кеткендерді жөнге салуға бірде-бір құзырлы органның шындап кіріспегені де рас.

Кешегі оқиғадан соң, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры жоғары білім туралы жалған құжаттарды әзірлеу және сатумен айналысатын 19 интернет-сайттың қызметін тоқтату үшін сотқа жүгінді. Об­лыстық прокуратураның бас­пасөз қызметінің мәлім­деуінше, бұл талап-арыз Ақтөбе қаласы №3 сотының шешімімен толық көлемде қанағаттандырылып, осы сайттардың қызметі заңсыз деп танылған. Бұдан ары оларға Қазақстан аймағында тыйым салынатын болды.

Айта кету керек, барлық ЖОО-ға тән жемқорлық кө­біне – рейтинг, сынақ, емтихан тапсыру кездері, дипломдық жұ­мысты қорғау, гранттар мен жеңілдіктерді бөлу, дип­лом «сату», диссертация, жоба қорғау кезінде орын ала­ды. Ресейдің Мемлекеттік ду­масы қабылдаған ғылыми жұ­мыстарды жазу қызметтерін жарнамалауға тыйым салатын заң бізде де болса, бұл бы­лықтың төбесін көрмеген де болар едік.

Білімді ұрпақты білімсіз маман қалай тәрбиелейді?