Сенат кемтар жандардың тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстар жинауға кірісті. Парламенттің Жоғарғы палатасында мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы болды. Жұмыс тобы Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның тапсырмасы бойынша құрылған.
Оның құрамына сенаторлар, жауапты министрліктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Жұмыс тобына Сенат депутаты Нариман Төреғалиев жетекшілік етеді.
Отырыс барысында ашық айтылғандай, кейінгі кезде жұмыс берушілер тарапынан жарымжан азаматтарға арналған жұмыс орындарын азайту, ал қалғандарының жалақысын кеміту көріністері белең алуда. Сондықтан қолданыстағы заңдарда жұмыс берушілерге қатысты ережелерді қатаңдату қажет болып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жәрдемдесетін әлеуметтік қызметкерлер мәртебесін көтеру жайы да талқыланды. Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы мен білім деңгейі төмен екені әрі олардың «тұрмыстық жұмыстарды атқарушылар» ретінде қабылданатыны тілге тиек етілді. Үкіметтік емес ұйым өкілдері олардың мәртебесін заң жүзінде жоғарылатуды, біліктілігін арттыруды және жалақыларын қайта қарауды ұсынды.
– Бізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген заң бар. Алайда олардың орындалуы ойдағыдай емес. Әсіресе, жауапты органдардың осы мәселені ескермей келе жатқаны байқалуда. Біз барлық ұсыныс пен бастаманы жинақтап, тиісті органдарға құжаттар топтамасын әзірлейтін боламыз, – деді сенатор Н.Төреғалиев.
Сенатор жұмыс тобы биылғы 30 қарашаға дейін жұмыс істейтінін хабарлады.