Шымкент қаласында алғаш рет жастар ұйымдарының нетуоркингі және тәжірибе алмасу шарасы өтті. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Bolashaq қауымдастығы жобасын жүзеге асыру аясында өткен бұл шара «Достық» қонақүйінде қазақстандық спикерлердің қатысуымен жүзеге асты.
Шараға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан 200-ге жуық жас қатысты. Аймақтардағы жастардың үкіметтік емес ұйымдарын қолдау мақсатында өтіп жатқан жиында алдымен түрлі тақырыпта тренингтер, мастер-кластар және семинарлар болды. Одан соң, түстен кейін Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов аймақтардан жиналған белсенді жастармен кездесті.
Жиында сөз алған Ерлан Қуанышұлы Президенттің жуырда халыққа арнаған Жолдауында азаматтық сектордың белсенділігін арттыру туралы айтылғанын, ол үшін жастардың белсенділігі мен креативтілігі өте қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды бизнеске бейімдеу қажеттігіне тоқталды. «Қай салада да білім мен тәрбие бірінші орында тұрса, жастарымыз қоғамдық жұмысқа, азаматтық секторға тартылса, еліміз озық мемлекеттердің қатарына қосылады. Мен жастардан нақты ұсыныстар күтемін» деді Е. Айтаханов.
Басқосуда GR-кеңесшісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрлан Өтешов жастарды кәсіпкерлікке баулу туралы сөз қозғаса, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ерасыл Төлебаев Шымкентте болашақтықтардың филиалын ашсақ деген ұсынысын жеткізді.
«Жетіген» мектебінің директоры Камила Есқараева Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Аль-канун аспабында ғұлама ғалымның туындыларын жаңғыртып жатқанын атап өтті.
Қазақстандағы Жастар ұйымдарының нетуоркингі және тәжірибе алмасуы жобасы аясында өткен еркін жүздесу барысында бұдан бөлек көптеген ұсыныс айтылды. Бұдан былай қаланың қоғамдық кеңесі жиынына мемлекеттік емес ұйым мүшелері де қатысса деген тілек те, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласындағы сияқты жастардың ауқымды коуоркинг орталығы ашылса деген ниет те жеткізілді. Сондай-ақ белсенді жастар әкімнен «Ақын мен әнші» жобасының тірілуін, пікірсайыс клубының ашылуын сұрады.
Қала әкімі Ерлан Айтаханов барлық ұсыныс-тілекті мұқият тыңдап, қолдау білдіретінін жеткізді. Одан соң, келер жылы өтетін Абай Құнанбаевтың 175 жылдық және Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларында атқарылар шараларға жастарды белсенді болуға шақырды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы