Questra World басшысы ұсталды
Questra World басшысы ұсталды
5,107
оқылды
Құқық қорғау органдарының дерек­теріне сүйенсек, Ольга Клейнард біздегі алаяқтарды басқарған. «Ақшаның астында қаламын» деп алданғандардың есебі мың­нан асып жы­ғылады. Ал одан келген залал­дың сомасы болса, тіпті миллиард теңгеден асады. Қазақстан төңірегіне жауапты ұйымдас­тырушы Беларусь аумағында ұсталған. Экстрадиция нәтижесінде ол бүгінде Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген. Күдікті тер­геу изоляторында. Бұған дейін Questra World компаниясының тобына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сегіз адамның тұтқындалғаны белгілі болған. Оның ішінде төртеуі – қазақстандық аза­мат­. Олар қаржы пирамидасының аумақ­тық филиалдарын басқарған. Алаяқтардың жұмысы былайша өрбі­ген: инвестициялық портфельдер сатыла­тыны туралы ақпарат веб-сайтқа салынады. Ал ондағы ақпарат, әлбетте, шындыққа жанаспайды. Сөйтіп, ауадан ақша табуды көздегендер компанияға адам тартып, инвестициядан түсетін табысты жылына 300 пайыздан астам деп сендірген. Осы­лайша, оңай табысқа жүгіргендер ақша құйып, артынша қолда барынан қағылған. Questra World Қазақстаннан бөлек, бірнеше елде де жұмыс істеген. Біздегі қаржы пирамидалары тұтынушы коопера­тивтері, жалған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, түрлі коммерциялық интер­нет-жобалар түрінде іске асырылады. Алаяқ­тар тұрғындардың аңқаулығы мен табан астында байып кетуге құмарлығын пайдаланып, алдап-арбайды. Қатысушылар болса, мұның соңы заң­мен қудаланатынын аса бағамдай бермейді. Қаржы пирамидасы – жаңа салымшы­лардың есебінен табыс табудың заңсыз түрі. Сондықтан мұндай қадамға барып алданып қалмас үшін заңдық және қаржы­лық сауат қажет. Олай болмаған жағдайда сан соғып қалатындардың қатары толыға береді.  

Айша ЕРСҰЛТАН