Бұл халық не ішпеді?! Қар суы, құртты су, тат, құм мен лай араласқан су, ауыр металдармен уланған су. Кейбір су құбырларының мал өлекселері көмілген орында төселгені туралы сорақы деректер де анықталған. Қазіргі кезде елді мекендерді ауызсумен қамту және су бұру мәселелері мүлдем басқа бағдарламада көзделген. Мысалы, ол Өңірлерді дамыту мембағдарламасының және «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Ауызсу проблемасын шенеуніктер көп ауызға ала бермейді. Мысалы, осы саладағы ахуалды ел Үкіметі былтырғы маусымдағы отырысында қарапты. Бірақ бұл – Қазақстанда кәусарға қатысты бүкіл мәселе түбегейлі шешілді деген сөз емес. Шенділердің марқаятындай жөні жоқ. Тек олар ауызсу жайын қозғауға ұялатын секілді. Айтпайтыны содан. Ал бұқараның қиналысы, азап-мехнаты жалғасуда.
Лайлы суға бөккен өмір
«Халық тәулігіне 24 сағат бойы ауызсумен қамтамасыз етіледі» деп «Ақ бұлақ» бағдарламасында 2020 жылға қарай осы мұрат-межеге жету белгіленген болатын. Одан не шықты? Бірер мысал келтірелік. Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғыны Жомарт Уәлиев облыста біраз ауыл ауызсу мәселесінің зардабын тартып келе жатқанын айтады. «Мысалы, Айыртау ауданындағы Қарақамыс ауылында тұрғындар лайлы, кермек су ішуге және соған тамақ әзірлеуге мәжбүр. Сараптама растағанындай, ол судың құрамында темір шектен тыс көп болып шықты. Ауылдықтар ескірген су шығару ұңғысынан су алады. Онысы ерте кеңес заманында бұрғыланған және күрделі жөндеу көрмеген. Бүгінде ұңғының көзін ішінара батпақ жауып қалған, құбырларын қалың тат басқан. Жергілікті жұртшылық өз күшімен, білгенінше тірлік қылып, жыл сайын жөндеуге тырысады. Алайда су сапасы барған сайын нашарлауда», – дейді ол. Мамандардың айтуынша, бұл істен ештеңе өнбейді, онда қайтадан ұңғы бұрғылау, коррозия мен химиялық ықпалға төтеп бере алатын заманауи материалдардан жасалған құбыр төсеу, сорғы-насосты жаңарту қажет. «Ондай қызмет көрсететін компанияны жалдауға ауылдықтардың ақшасы жетпейді. Сапалы ауызсу халықтың жақсы тұрмысының, ұлт денсаулығының бірінші кепілі ғой. Қарақамыстықтар ішіп отырған шалшықты соның кепілі деу ұят. Керісінше, ондағы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін – әрқайсына денсаулығының одан әрі нашарлауы, ілеспе және созылмалы дерттерге шалдығу қаупі төніп тұр. Бұған жоғарыдағы азаматтар мән берсе дейміз», – дейді ауылдастары атынан қайырылған Жомарт Уәлиев. Аталған ауылдың мәселесімен «жоғарыдағылар» таныс көрінеді. «Айыртау ауданындағы Қарақамыс ауылындағы сумен жабдықтау көзі – су шығаратын ұңғы 2019 жылғы желтоқсанда иесіз ретінде есепке алынды. Оны коммуналдық меншікке алудың тәртібі бар, мерзімі сақталуы керек. Сол мерзім өткесін және ол нысанды сот иесіз мүлік деп танығаннан кейін ұңғы Сырымбет ауылдық округінің балансына қабылданады. Тиісті рәсімдері аяқталған соң сумен қамту нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттік өтінім беріледі. Қолданыстағы ұңғыны жөндеу немесе жаңа сумен жабдықтау көзін салу мәселесі шешіледі», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.Кәусардан қалталылар қанып ішеді
Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылының тұрғыны Аманқос Нұрмағамбетов облыс басшылығына жазған хатында саладағы тағы бір проблемаға назар аудартады. «Жақында су құбыры тартыла бастады. Бүкіл ауыл болып қуандық. Артынша қуанышымыз су сепкендей басылды. Өйткені ол құбырға қосылу үшін әр үй 130 мың теңгеден төлеуі тиіс екен. Неге сонша қымбат екенін сұрағанымызда, құбыр жүйесін жеке компания салып жатқанын, ақысын сол белгілегенін түсіндірді. Тұрғындар бұған қарсы болып, жергілікті әкімге бардық. Ол сырғытпа жауаппен шығарып салды. Мемлекеттің ауылды таза сумен қамтимыз дегені жалған болып шықты. Мемлекеттің өзі айналыспай, жекеменшік секторға беріпті. Қашықтан оқытылатын 2020-2021 оқу жылы келіп қалды, бізде интернет те жоқ, ол туралы жақ аша алмаймыз. Себебі бізде қарапайым судың өзі жоқ», – дейді ол. Үкімет ауыл-аймақты сумен жабдықтау үшін МЖӘ тетігіне жүгінуде. Жұмыс істейтін ауылдықтардың көбі айлықты айлыққа әзер жалғап, «шықпа жаным, шықпа» деп күн көруде. Өзгесі ашықпау үшін дүкеннен азық-түліктің өзін қарызға, жылдам несиеге алатынын білеміз. Ендеше басы артық 130 мың теңгені олар қайдан тапсын?!Ақша игерілді, су келмеді
СҚО-ның Шал ақын ауданындағы Жалтыр ауылының тұрғыны Асылхан Тұяқов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағыммен жүгінді. Оның мәліметінше, 2008 жылы Жалтырда «Ауызсу» мембағдарламасы бойынша орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы басталыпты. «Республикалық бюджеттен 26,8 миллион теңге бөлінді. Алайда оған жыл сайынғы қызмет көрсету жүргізілмегендіктен, сумен қамту көзі 2015 жылы істен шықты. 2018 жылы жаңа ұңғыны қазуға 1,5 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Мұны сол жылғы біздің шағымымызға орай облыс әкімдігі хабарлады. Шынында, жаңасы сол бойы бұрғыланбады. Оның орнына 2016 және 2017 жылдары су іздеген геологтар қазып кеткен ұңғыны іске жаратпақ болған. Онысы ауылдан қашықта, 1,5 шақырымдай алыс жатыр. Ұңғы бензинді генератормен жұмыс істеді. Себебі ауылдан сырт жатқандықтан қуат көздерінен тыс қалды, – дейді Жалтыр ауылының тұрғыны. Кейін әкімқаралар бұл олқылықты жоюға ниеттенеді. 2019 жылы Жалтыр ауылындағы сумен жабдықтау объектісіне электр беру желісін (ЭБЖ) тарту үшін аудандық бюджеттен 2 миллион теңге бағыттайды. Бағаналар тұрғызылып, сым тартылған. Ел сонда игілікке кенелген болар? Жоқ, керісінше түйткіл түйткілді тудырыпты. «Сорақысы сол, әлгі ЭБЖ ұңғының жұмыс істеуі үшін қажет қуаттылықты бере алмайтыны әшкереленді. Мұны әкімдік шағымымызға биылғы 6 қаңтарда берген жауабында айтты. Қазіргі уақытта, яғни 2020 жылы жалтырлықтарға су жеткізу үшін жалпы сомасы 30,6 миллион теңге ел қаржысы шығындалып кеткен. Бірақ бүгінде ауылда су жоқ. Облыстағы жауапты атқарушы органдардың табалдырығын тоздырдық, нәтиже шықпады. Ауылдықтардың барлығы бірдей суды алыстан тасып іше алмайды, салдарынан санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін суды ішуге тура келуде», – дейді Асылхан Тұяқов. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев СҚО бойынша антикоррупция қызметіне жергілікті тұрғындар келтірген деректерді тексеруді жүктепті: «Қылмыс жасалып, заңның бұзылғаны анықталса, сотқа дейінгі тергеу жүргізілетін болады», – дейді ол.Су табу да проблема
Қазақстанның су шаруашылығы қауымдастығының президенті Нұрлан Атшабаров елдегі суға қатысты түйткіл осы ғасырда ушыға түсетініне сенімді. Мемлекет ауыл мен қаланы ауызсумен қамту мәселесін түпкілікті шеше алмады. Оған қазір сумен жабдықталған елді мекендер де қосылуы ықтимал, себебі олар ішіп отырған су қоймалары, өзен-көлдер тартылуы, су құрылысы нысандары бұзылып, істен шығуы мүмкін. – Қазақстанның географиялық орналасуына қарасақ, еліміздегі 8 ірі өзеннің жетеуі – трансшекаралық, яғни олардың бастауында көрші елдер отыр. Тиісінше, біз тұтынатын судың жартысынан астамы республикамыздан тыс жерде қалыптасады. Трансшекаралық өзендер бойынша сыртқа тәуелдіміз, оның қайнарында жайғасқан Қытайды, Орталық Азия елдерін және Ресейді келісімге иліктіріп, олар беретін судың көлемі бойынша ымыраласуға мәжбүрміз. Оның үстіне, Қазақстан бұл өзендердің ортасында да емес, аяғында орналасқан. Соның кесірінен су не аз, не ластанған күйде жетеді. Сондықтан ел басшылығының су шаруашылығына мән беруі бекер емес. Қазақстандықтардың суды үнеммен жұмсауы маңызды. Көктемгі су тасқыны кезінде артық келген ресурсты арнайы су қоймаларына бұрып, сақтауға үйренуіміз керек. Бұл экономика, экология, ауызсумен жабдықтау үшін қажетті су қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – дейді Н.Атшабаров. Сарапшы Үкімет пен әкімдер елді сумен қамту мәселесімен ара-тұра емес, ұдайы айналысуы керегін атап өтті. Биылғы 28 қаңтарда ел Үкіметі Су ресурстарын басқару жөніндегі онжылдық мембағдарлама тұжырымдамасын бекітті. Ол 2020-2030 жылдарда шешілуі тиіс мәселелерді анықтап, осы бағытта атқарылатын шараларды белгіледі. Мәселен, су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру және жаңаларын салу, суару жүйелерін тұрғызу қарастырылған. Сондай-ақ құбырмен тасу кезінде жолай ағып кетіп, ысырап етілетін су көлемін қазіргіден 3 есеге азайту, жаңа су қоймаларын тұрғызу көзделді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, бағдарламаны іске асыру нәтижесінде ұлан-байтақ даламызда жаңа көлдер пайда болып, шамамен 400 мың гектар суармалы егістік іске қосылады, 130 мыңдай жұмыс орны құрылады, ірі және орташа 70 елді мекен су тасқыны қаупінен құтылады. Ауызсу көздері ашылады. Министр жаңа су қоймаларының салынуы Қазақстанның Қырғызстаннан келетін суға тәуелділігін 30%-ға, Өзбекстан мен Ресейден 15%-ға азайтуға мүмкіндік береді дейді. Айта кету керек, біраз жылдан бері Қазақстандағы су тапшылығы мәселесін шешуге Еуропа қайта құру және даму банкі көмек қаржы бөліп келеді. ЕҚДБ өкілдігінің директоры Агрис Прейманис: «ТКШ секторы – осы ұйымның Қазақстандағы жұмысының басым бағытының бірі. Қазақстанның облыстарында іске асырылып жатқан сумен жабдықтау және су тарту жобаларына ЕҚДБ 30 миллиард теңгеден астам қаражат инвестициялады. Бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесінде бірқатар ауылда ауызсу сапасы жақсартылды, су беру көлемі ұлғайтылды, су шығыны төмендетілді». Үкіметтің мәлімдеуінше, Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар 2023 жылы халықты ауызсумен 100% қамту мәселесін шешеді. Өңірлерді салыстырсақ, Қызылорда және Алматы облыстарында таза ауызсуға қол жеткізген ауылдар үлесі жоғары. Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстары артта қалып келеді. Әзірге ауызсуға әкімдер жауап береді. Дегенмен Үкімет ауылдық, топтық су таратқыштар жағдайын жақсарту үшін осы функцияларды олардан алып қойып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне өткізу мәселесін пысықтауда. Себебі жергілікті биліктің бюджеті орталыққа қарағанда анағұрлым шектеулі. Мүмкіндіктері де бірдей емес. 2023 жылы қала мен ауылды сумен жүз пайыз жабдықтау үшін Премьер-Министр Асқар Мамин әкімдер мен министрлерге өңірлік жоспарларға түзету енгізіп, барлық сумен қамту нысанын пайдалануға беру бойынша шара қабылдауды жүктеді. Рас, 3 жылда Министрлер кабинеті де, әкімдер корпусы да толық өзгеріп кетуі мүмкін. Сонда халықты таза суға жеткізу жоспары болғанын еске алатын адам табылса игі.Елдос СЕНБАЙ