Samsung тәжірибе жасауға бейім, Huawei – орынбасар, iPhone – жетекші смартфон. Жасалған түрлі зерттеулер осылай сөйлейді. Ассортименті жағынан қиындық тудырса да, айфонға құмарлар көп. Оқуының ақшасын төлемесе де, смартфонға ақша табатындар бар.
Apple – әлемдік бренд. Компания 2007 жылы iPhone смартфонын шығарып, дүниежүзінде таңданыс тудырды. iPhone жанкүйерлері жаңа модель шыға салысымен, ескісін ауыстыруға дайын. Құнын айта бергенде тіліңіз күрмелуі мүмкін.
iPhone 11 сатылымға шықты. 10 қыркүйек күні Apple компаниясы iPhone, Apple Watch және iPad жаңа моделін таныстырды. Ендігі қолданушылар iPhone 11, 11 Pro және 11 Pro Max түрлерін сатып ала алады.
Әлем Apple-дің жаңа өніміне екіұдай баға берді. Бірі – енді instagram-ға жоғары сапалы сурет жүктеймін десе, екіншісі – фотоаппарат фотоаппарат, смартфон смартфон күйінде қалуы керек дейді. Желіде iPhone-ның жаңа түріне қатысты келемеждер қаптап жүр. Мультфильм кейіпкеріне теңеп сынап, «сатып алу үшін бүйрегімді берсем бола ма?» дейтіндер табылды. Әлеуметтік желіде Apple-ге қатысты жазба қалдырғандардың ішінде танымал адамдар мен бизнесмендер бар.
Apple-дің жаңа смартфоны Қазақстан нарығына келген жоқ. Ел дүкендерінде 27 қыркүйектен бастап сатылымға шығады. АҚШ-тағы бағасы 699 доллардан басталады. Ал Ресей нарығында iPhone 11 – 359 мың теңге, 11 Pro – 538 мың теңге, 11 Pro Max 538 мың теңгеге бағаланды.
iPhone 11 алдыңғы iPhone XR сияқты LCD экранымен ерекшеленеді. iPhone 11 Pro және iPhone 11 Pro Max-те iPhone XS және iPhone XS Max-тағыдай заманауи әрі сапалы OLED дисплейі бар. Сондай-ақ 3D Touch орнына Haptic Touch келеді. Face ID одан ары жетілген. Бұдан былай экранға бетіңізді тосудың қажеті жоқ. Смартфон сізді қашықтан сезетін болады.
Apple смартфоны бірегейлігімен ерекше. Инженерлер iPhone-ның жаңа түрін жасағанда, ескісіне әлдебір элементтерді қосумен шектеледі. Дизайндағы тістелген алманың өзі брендтің әлемдік сатылымына ықпал етеді. Соңғы кезде сарапшылар Apple-дің инженерлерін «жалқауға» балап жүр. iPhone 11-дің жетістігі – камерасында. 2019 жылы смартфондар арасындағы ең күшті камера Huawei P30 Pro-да болды. Енді iPhone 11 Pro Max – көш басында. іPhone 11 Pro және iPhone 11 Pro Max-та үш модульді, iPhone 11-де екі модульді камера бар.
iOS – бірегей операциялық жүйе. Тек осы жүйеге бола iPhone ұстайтын адамдар бар. Тұтынушылар камера қуатына назар аудармай, жүйені жетілдірсе екен дейді. Ыңғайлы жүйенің одан ары дамығанын қалайды. iPhone-ның камера-бәйгесінен шаршағандар, тың өзгеріс күтеді екен.
Статистика Apple-дің нарықта әлсірегенін көрсетіп тұр. 2018 жылдың төртінші тоқсанында сату бойынша Samsung 18 %, Huawei 15 %, Apple 17% жинады. 2019 жылдың бірінші тоқсанында смартфон нарығында Samsung 21%, Huawei 17 %, Apple 12% сатылды. Екінші тоқсандағы нарық ахуалы – Samsung 22 %, Huawei 16 %, Apple 10%.
Counterpoint көрсеткішіне қарасақ, Samsung жыл сайын даму үстінде. Нарықтың 5/1 бөлігін кореялық компания жаулап алды. Huawei-дің көрсеткіші 4,6 пайызға өскен. Ал осы күнге дейінгі статистикаға мән берсек, Apple-дің нарықтағы күйі 11 пайызға түскен. Жылдық жиынтық 12 пайызға төмендеген.
Мұның бәрі ақша айналымына әсер етеді. 2017 жылдың бірінші тоқсаны Samsung-ке пайда әкелді. 80,4 млн дана смартфон сатты. Бірақ төртінші тоқсанға қарай көрсеткіш тура 6 пайызға түсті. Өйткені 2017 жылдың аяғында Apple-дің сату көрсеткіші көбейді. 77,3 млн дана смартфон сатылды. 2018 жылы сатылым төмендесе де, Samsung көш бастады. Бірінші және екінші тоқсанда Huawei мен Apple арасында 2-3-орынға талас болды. Бірінші тоқсанда 52,2 млн дана сатып Apple 2-орынға шыққанымен, екінші тоқсанда 41,3 млн-мен Huawei-ге жол берді. Осылайша, сарапшылардың сөзі шындыққа айналды. Олар сатылым көрсеткіші бойынша Huawei Apple-ді ығыстыратынын жазған еді.
Соңғы мәлімет бойынша, Apple қазан-желтоқсан айында 71,7 млн дана iPhone сата алды. Бірақ Strategy Analytics есебінде 65,9 млн деп көрсетілген: 22 млн дана iPhone XR, 14 млн дана iPhone Xmax және 9 млн дана XS. Нарық iPhone X-ты жылы қабылдады. Apple-дің аталған өніміне сұраныс көп болды. 2018 жылдың сатылым көрсеткішіне iPhone X-тің әсері бар.
Қазіргі бәсекелестер: Huawei P30 Pro, Galaxy S10, iPhone XS Max. Нәтижесін 2019 жылдың төртінші тоқсанында білеміз. iPhone 11-дің смартфондар шеруіндегі жолы 2019 жылдың аяғында басталады. Әзірге смартфондардың нарықтағы аяқ алысы жаман емес.