Қайтқан «ақшада» қайыр бар
Қайтқан «ақшада» қайыр бар
167
оқылды
 

Бір жылдың «жетістігін» жеті айда қайталаған

Министрдің айтуына қара­ған­да, мемлекет қазынасына қай­тарылған  34 млрд теңге көлеміндегі қаржы өткен жылды толық есептегеннен де көп екен. Яғни, биыл не эко­номикалық қылмыспен күрес нәтижелі болды, не мұндай заң­­сыздық былтырғыдан көп тір­келді деген сөз. Әйтпесе, ми­нистр­лік бұлай мақтанбаған бо­лар еді.  Дегенмен мәселе  сала ма­мандарының ұстағандарына қатысты емес, қоғамда  жем­қор­лықтың, экономикалық қыл­мыстың тым жиі кездесуінде болып тұр. Бәлкім мұның себебін әркім әртүрлі мәселеден іздейтін шығар. Біздің пайымдауымызша,  бірінші кезекте қоғамның экономикалық  қылмысқа тепкі көрсету деңгейінің  аздығында жатқан тәрізді. Ай­талық, Қазақстанда жалған шот-фактура  жасау ісінің тыйылатын түрі жоқ. Бірақ министрлік жалға шот-фактура жасап,  қолма-қол ақ­шаны иемденіп кететіндер қа­тары соңғы бес жылда 36 пайызға азайғанын алға тартады. Сөйте тұра,  министр Қаржы мониторингі комитетіне шетелге шығарылатын капиталға,  мұнай өнімдерінің заң­сыз сауда-саттығына,  ауыл шаруа­шылығын субсидиялау кезінде қаражатты жымқыруға қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Бұл тапсырмадан біз елде әлі де болса заңсыз қаржы айналымы бар деген байлам жасадық. Өйткені былтырғы деректер соған айқын дәлел. Мәселен, бірнеше жылға со­зылған тергеу кезінде  құқық қорғау органдарының қызметкерлері  бір ғана Қарағанды қаласынан 350 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдыруға  көмектескен  топты анықтаған. Олар 2009 жылдан бері  5 мыңға жуық компанияға  қызмет көрсетіпті. Топтың 457 жалған компаниясы, 5000-нан астам контрагенті  болған. Яғни, осыншама фирма  қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып беруді сұрап, әлгі топқа өтініш жасаса керек. Қылмыстық топтың құрамында шенеуніктер де, банк, Халыққа қызмет көрсету ор­талығы қызметкерлері де болған. Тергеушілер қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратындардың үлесі 5 пайыз, сыбайлас банкирлердің үлесі 0,1-0,5 пайыз болатынын ай­­тады. Әрине, бұдан да асып кетуі мүмкін. Бірақ көп жағдайда осындай «тариф» бар. Қаржы министрлігі Қаржы мони­торингі комитетінің Эко­номикалық тергеу қызметі былтыр жалған шот-фактураларды жазу­мен, қолма-қол ақшаға айнал-дырумен айналысқан 15 ұйымдасқан қыл­мыстық топты анықтаған. Сот­қа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестрінде Қылмыстық кодекстің 216-бабы бойынша 269 қылмыстық іс тіркелген. Сотқа 123 миллиард теңгеден аса сомаға күмәнді компаниялар арқылы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы 820 талап-арыз түскен, 179 іс шешімін тапқан. Мәселен, былтыр  Finbet және Olimp бук­мекерлік кеңселерінің заң талаптарын бұзғаны анықталған еді. Олардың алғашқысы Ал­маты, Шымкент қалалары мен Ал­маты, Атырау, Батыс Қа­зақстан, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарында орналасқан 43 букмекерлік кең­седе ұйымдастырылған заңсыз ойын өткізіп келген. Ал олардың заңсыз қызметінің жылдық табысы 3 млрд теңгеге жуық соманы құраған. Екінші кеңсе болса заң нормаларын бұзып, интернет-ресурстар ар­қылы лицензияланбаған қызмет көрсеткен, табыстан салық төле­мей, шетелге заңсыз қаржы шы­ғарып отырған. Бұлардан бөлек, заңсыз фирмалар Алматы, Өс­кемен, Қарағанды және өзге де қалаларында, облыстарда  ақша жымқырумен айналысыпты. Ай­талық, 2017-2019 жылдары алматылық бір азамат өзі бас­қаратын 7 компания арқылы 3,9 млрд теңгені банк есепшоттарынан қолма-қол ақшаға  айналдырған. Бұл туралы «Айқында» көлемді мақала да жарияланған болатын. Ал мұндай деректер биыл да азай­май тұр. Мәселен, биыл наурызда Қарағандыда ұйымдасқан қыл­мыстық топ қолға түскен болатын. Олар 30 жалған фирма құрып, 22 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдырғаны белгілі болды. Әдетте мұндай фирмаларды «біркүндіктер» деп атайды. Олар қандай да бір қызмет көрсетіп, тауар жеткізбестен жалған шот-фактура жазып береді. Мұндай тәсіл өз кезегінде сатып алушы-контрагенттердің салықтан жал­таруына көмектеседі. Сөйтіп, атал­ған топ «әріптестерінің»  мемлекетке 7 млрд теңгеден астам сомада салық төлемей кетуіне мүмкіндік жасаған. Тағы бір мысал айтсақ, ол маусым айында Солтүстік Қазақстан облысында анықталған жағдай. Теріскейлік пысықайлар биылдың өзінде  500 млн теңгенің салығын төлеуден жалтарған. Схема әдеттегідей. Жалған шот-фактура, «біркүндік» фирмалар құру... jemkor  

«Обналдың» зияны шаш-етектен

Экономист Сапарбай Жобаев­тың  пікіріне қарағанда,  есеп­шоттағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып алу Қазақстан  экономикасына  орасан зиян келтіріп жатса керек. Бұл жерде бірінші кезекте  мемлекет қаржысы  талан-таражға түссе, екіншіден мемлекет тапсырған жұмыс орындалмай қалады.  Үшіншіден, белгілі бір қызмет көрсету  үшін мемлекет қаржысын алған ком­паниялар салықтан  жалтарады. «Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып алу   деп орындалмаған жұмыс немесе қызметті орындалды деп банкке атқарылған жұмыстың жасанды актілерін көрсетіп, сон­дағы шот­тан мемлекет (бюджет) ақ­шасын  «шешіп» алуды айтады. Бұл өте үлкен масштабта жүзеге асырылғаны үшін экономикалық айрықша зиян келтіреді», – дейді экономист. Оның сөзіне қарағанда, бізде қаржыны қолма-қол ақшаға айырбастауда түрлі схемалар  пайдаланылады екен. Барлығы дерлік  сыбайластық арқылы жасалады. Тіпті, тендерлер арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айыр­бастаудың ерекшеліктерін Қаржы мониторингі комитетінің мамандары болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Сондықтан  қоғамдық бақылау орнату  қиын. Тіп­ті, бюджеттің қаржысының қайда кетіп,  жобалардың қалай орындалып жатқанын зерттеп жүрген Zertteu Research Institute тәрізді қоғамдық ұйымдар да  қаржыны қолма-қол ақша ай­налдырудың қитұрқылығын зерт­теуге қауқарсыз. Өйткені әдетте мұндай тәсілге жүгінетіндер  про­цестерді мейлінше  жабық жүргізеді. Оның үстіне, бюджет қаржысын қолма-қол ақшаға ай­налдыру  тәсілдерін құқық қор­ғаушылар айта  қоймайды. Ал бірқатар сарапшы Қазақстанда  қар­жыны қолма-қол ақшаға айнал­дыратын кемі 80 топ бар деп бол­жайды.  

Көлеңкелі экономиканың кө­рінісі

Қаржы  министрлігінің дерек­теріне  қарағанда,  қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру былтыр 2018 жылға қарағанда әжептәуір төмендеген. 2018 жылы қаржыны қолма-қол ақшаға ай­налдырудың өсімі 52 пайыз болса, 2019 жылы ол 14 пайызды құрапты. Былтыр ҰҚК, Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі 15 ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеген. Биыл да сондай топтарды анықтауға тиісті құ­рылымдар барын салып жатыр. Ұлттық банк те тиісті қадамдарға барды. 1 маусымнан бастап  шоттағы қаржыны  қолма-қол ақ­шаға айналдырудың лимиті  бел­гіленген. Ұлттық банк енгізген тәртіп бойынша, бір айда  шағын бизнес субъектілері 20 млн,  орта бизнес 120 млн,  ірі бизнес 150 млн теңгеге дейінгі қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыра ала­ды. Бірақ бұл талап  жеке тұл­ғаларға,  жеке кәсіпкерлерге, микро­кә­сіпкерлік субъектілеріне,  ауыл шаруашылығынан алынатын азық-түлік, балық өнімдерін сатып алатын заңды тұлғаларға қатысты емес. Одан бөлек, сусындар, тамақ өнім­дері, фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарлардың  бөлшек саудасымен айналысатын заңды тұлғаларға  да бұл шектеудің әсері болмайды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банк қаржыны қолма-қол ақ­шаға айналдыратын бизнес құ­рылымдарының әрекет ету алаңын біліп отыр деген сөз. Жалпы, соңғы жылдары  қар­жыны қолма-қол ақшаға айнал­дыратындардың ісін ҰҚК де назардан тыс қалдырмай ке­леді. Өйткені бір ғана Қаржы мо­ниторингі комитетінің Эко­номикалық тергеу қызметінің күші  мұндай қылмыспен толыққанды күресуге жете қоймайтын сыңайлы. Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Ол – көлеңкелі экономика. Қаржыны қолма-қол ақшаға айнал­дыру көлемінің  ұлғаюы соны айғақтайды. Кейбір мамандар  соң­ғы жылдары көлеңкелі  эко­номика  көлемі ЖІӨ-нің  40 па­йызына жақындағанын айтып жүр. Ал 2018 жылы қолма-қол ақшаға ретінде алынған 2,4 трлн теңгенің 60 пайызы осы көлеңкелі экономикаға кетсе керек.   ТҮЙІН:

Елімізде сауда-саттық пен  қыз­мет көрсету ақысы толықтай электронды төлем әдістерін қа­былдап жатқанда, қолма-қол ақша не үшін керек дейтіндер де та­былар. Оның да жауабы бар. Қолма-қол ақша  ең алдымен ше­неуніктерге пара ретінде беру үшін керек, одан қалса  шетелге шығаруға, тіпті экстремистік топ­тарды қаржыландыруға қажет. Одан бөлек, салықтан жалтарғысы келетіндер де қаржыны  қолма-қол ақшаға айналдыруға құмар келеді. Міне, мәселенің төркіні – осында.

 

Ардақ СҰЛТАН