Бір жылдың «жетістігін» жеті айда қайталаған
Министрдің айтуына қарағанда, мемлекет қазынасына қайтарылған 34 млрд теңге көлеміндегі қаржы өткен жылды толық есептегеннен де көп екен. Яғни, биыл не экономикалық қылмыспен күрес нәтижелі болды, не мұндай заңсыздық былтырғыдан көп тіркелді деген сөз. Әйтпесе, министрлік бұлай мақтанбаған болар еді. Дегенмен мәселе сала мамандарының ұстағандарына қатысты емес, қоғамда жемқорлықтың, экономикалық қылмыстың тым жиі кездесуінде болып тұр. Бәлкім мұның себебін әркім әртүрлі мәселеден іздейтін шығар. Біздің пайымдауымызша, бірінші кезекте қоғамның экономикалық қылмысқа тепкі көрсету деңгейінің аздығында жатқан тәрізді. Айталық, Қазақстанда жалған шот-фактура жасау ісінің тыйылатын түрі жоқ. Бірақ министрлік жалға шот-фактура жасап, қолма-қол ақшаны иемденіп кететіндер қатары соңғы бес жылда 36 пайызға азайғанын алға тартады. Сөйте тұра, министр Қаржы мониторингі комитетіне шетелге шығарылатын капиталға, мұнай өнімдерінің заңсыз сауда-саттығына, ауыл шаруашылығын субсидиялау кезінде қаражатты жымқыруға қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Бұл тапсырмадан біз елде әлі де болса заңсыз қаржы айналымы бар деген байлам жасадық. Өйткені былтырғы деректер соған айқын дәлел. Мәселен, бірнеше жылға созылған тергеу кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері бір ғана Қарағанды қаласынан 350 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескен топты анықтаған. Олар 2009 жылдан бері 5 мыңға жуық компанияға қызмет көрсетіпті. Топтың 457 жалған компаниясы, 5000-нан астам контрагенті болған. Яғни, осыншама фирма қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып беруді сұрап, әлгі топқа өтініш жасаса керек. Қылмыстық топтың құрамында шенеуніктер де, банк, Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері де болған. Тергеушілер қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратындардың үлесі 5 пайыз, сыбайлас банкирлердің үлесі 0,1-0,5 пайыз болатынын айтады. Әрине, бұдан да асып кетуі мүмкін. Бірақ көп жағдайда осындай «тариф» бар. Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі былтыр жалған шот-фактураларды жазумен, қолма-қол ақшаға айнал-дырумен айналысқан 15 ұйымдасқан қылмыстық топты анықтаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестрінде Қылмыстық кодекстің 216-бабы бойынша 269 қылмыстық іс тіркелген. Сотқа 123 миллиард теңгеден аса сомаға күмәнді компаниялар арқылы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы 820 талап-арыз түскен, 179 іс шешімін тапқан. Мәселен, былтыр Finbet және Olimp букмекерлік кеңселерінің заң талаптарын бұзғаны анықталған еді. Олардың алғашқысы Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарында орналасқан 43 букмекерлік кеңседе ұйымдастырылған заңсыз ойын өткізіп келген. Ал олардың заңсыз қызметінің жылдық табысы 3 млрд теңгеге жуық соманы құраған. Екінші кеңсе болса заң нормаларын бұзып, интернет-ресурстар арқылы лицензияланбаған қызмет көрсеткен, табыстан салық төлемей, шетелге заңсыз қаржы шығарып отырған. Бұлардан бөлек, заңсыз фирмалар Алматы, Өскемен, Қарағанды және өзге де қалаларында, облыстарда ақша жымқырумен айналысыпты. Айталық, 2017-2019 жылдары алматылық бір азамат өзі басқаратын 7 компания арқылы 3,9 млрд теңгені банк есепшоттарынан қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұл туралы «Айқында» көлемді мақала да жарияланған болатын. Ал мұндай деректер биыл да азаймай тұр. Мәселен, биыл наурызда Қарағандыда ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түскен болатын. Олар 30 жалған фирма құрып, 22 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдырғаны белгілі болды. Әдетте мұндай фирмаларды «біркүндіктер» деп атайды. Олар қандай да бір қызмет көрсетіп, тауар жеткізбестен жалған шот-фактура жазып береді. Мұндай тәсіл өз кезегінде сатып алушы-контрагенттердің салықтан жалтаруына көмектеседі. Сөйтіп, аталған топ «әріптестерінің» мемлекетке 7 млрд теңгеден астам сомада салық төлемей кетуіне мүмкіндік жасаған. Тағы бір мысал айтсақ, ол маусым айында Солтүстік Қазақстан облысында анықталған жағдай. Теріскейлік пысықайлар биылдың өзінде 500 млн теңгенің салығын төлеуден жалтарған. Схема әдеттегідей. Жалған шот-фактура, «біркүндік» фирмалар құру...«Обналдың» зияны шаш-етектен
Экономист Сапарбай Жобаевтың пікіріне қарағанда, есепшоттағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып алу Қазақстан экономикасына орасан зиян келтіріп жатса керек. Бұл жерде бірінші кезекте мемлекет қаржысы талан-таражға түссе, екіншіден мемлекет тапсырған жұмыс орындалмай қалады. Үшіншіден, белгілі бір қызмет көрсету үшін мемлекет қаржысын алған компаниялар салықтан жалтарады. «Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып алу деп орындалмаған жұмыс немесе қызметті орындалды деп банкке атқарылған жұмыстың жасанды актілерін көрсетіп, сондағы шоттан мемлекет (бюджет) ақшасын «шешіп» алуды айтады. Бұл өте үлкен масштабта жүзеге асырылғаны үшін экономикалық айрықша зиян келтіреді», – дейді экономист. Оның сөзіне қарағанда, бізде қаржыны қолма-қол ақшаға айырбастауда түрлі схемалар пайдаланылады екен. Барлығы дерлік сыбайластық арқылы жасалады. Тіпті, тендерлер арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айырбастаудың ерекшеліктерін Қаржы мониторингі комитетінің мамандары болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Сондықтан қоғамдық бақылау орнату қиын. Тіпті, бюджеттің қаржысының қайда кетіп, жобалардың қалай орындалып жатқанын зерттеп жүрген Zertteu Research Institute тәрізді қоғамдық ұйымдар да қаржыны қолма-қол ақша айналдырудың қитұрқылығын зерттеуге қауқарсыз. Өйткені әдетте мұндай тәсілге жүгінетіндер процестерді мейлінше жабық жүргізеді. Оның үстіне, бюджет қаржысын қолма-қол ақшаға айналдыру тәсілдерін құқық қорғаушылар айта қоймайды. Ал бірқатар сарапшы Қазақстанда қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын кемі 80 топ бар деп болжайды.Көлеңкелі экономиканың көрінісі
Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру былтыр 2018 жылға қарағанда әжептәуір төмендеген. 2018 жылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырудың өсімі 52 пайыз болса, 2019 жылы ол 14 пайызды құрапты. Былтыр ҰҚК, Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі 15 ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеген. Биыл да сондай топтарды анықтауға тиісті құрылымдар барын салып жатыр. Ұлттық банк те тиісті қадамдарға барды. 1 маусымнан бастап шоттағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырудың лимиті белгіленген. Ұлттық банк енгізген тәртіп бойынша, бір айда шағын бизнес субъектілері 20 млн, орта бизнес 120 млн, ірі бизнес 150 млн теңгеге дейінгі қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыра алады. Бірақ бұл талап жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, микрокәсіпкерлік субъектілеріне, ауыл шаруашылығынан алынатын азық-түлік, балық өнімдерін сатып алатын заңды тұлғаларға қатысты емес. Одан бөлек, сусындар, тамақ өнімдері, фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарлардың бөлшек саудасымен айналысатын заңды тұлғаларға да бұл шектеудің әсері болмайды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банк қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын бизнес құрылымдарының әрекет ету алаңын біліп отыр деген сөз. Жалпы, соңғы жылдары қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратындардың ісін ҰҚК де назардан тыс қалдырмай келеді. Өйткені бір ғана Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметінің күші мұндай қылмыспен толыққанды күресуге жете қоймайтын сыңайлы. Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Ол – көлеңкелі экономика. Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру көлемінің ұлғаюы соны айғақтайды. Кейбір мамандар соңғы жылдары көлеңкелі экономика көлемі ЖІӨ-нің 40 пайызына жақындағанын айтып жүр. Ал 2018 жылы қолма-қол ақшаға ретінде алынған 2,4 трлн теңгенің 60 пайызы осы көлеңкелі экономикаға кетсе керек. ТҮЙІН:Елімізде сауда-саттық пен қызмет көрсету ақысы толықтай электронды төлем әдістерін қабылдап жатқанда, қолма-қол ақша не үшін керек дейтіндер де табылар. Оның да жауабы бар. Қолма-қол ақша ең алдымен шенеуніктерге пара ретінде беру үшін керек, одан қалса шетелге шығаруға, тіпті экстремистік топтарды қаржыландыруға қажет. Одан бөлек, салықтан жалтарғысы келетіндер де қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға құмар келеді. Міне, мәселенің төркіні – осында.
Ардақ СҰЛТАН