EGOV.KZ-тен «енші» алған қызмет бюджетке салмақ салмай ма?
EGOV.KZ-тен «енші» алған қызмет бюджетке салмақ салмай ма?
350
оқылды
Есте болса, былтыр мамыр-маусым айында балабақшадан кезек ала алмаған астаналық ата-аналар шу шығарған-ды. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының сол кездегі басшысы Әнуар Жанғозин балабақшадан орын беретін жүйенің істен шығуын хакерлер шабуылымен байла­ныстырған. Ең қызығы,  проблема бала­бақшадағы бос орындарды 2015 жылы e. astana.kz арқылы беріп келген  басқарма бұл қызметті indigo24.kz порталына (сайтты  «КДС Азия» ЖШС жасаған) ауыстырғанда пайда болды. Тағы бір түсініксіз тұсы, астаналық әкімдік бұл қызмет үшін  келісімшартты қашан  жасағаны белгісіз. Мемлекеттік сатып алу порталынан бұл сұрақтың жауабын табу мүмкін болма­ды. Есесіне, 2018 жылғы 28 наурыз­да «Астана қаласы әкімінің аппа­раты» мем­ле­кеттік мекемесі тендердің жеңім­пазы IT Factory ЖШС-мен ҚҚС-сыз 9 170 000 теңге көлемінде «Электронды қызметтер» ішкі жүйесін қолдау туралы келі­сімге қол қой­ғаны (мемлекеттік сатып алу порта­лындағы келісімшарт нөмірі 010140002030/180101/00) ) туралы дерек бар. Осы шарттың техникалық сипатта­масына сәйкес, қызмет ұсынушы­ға «мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама алу үшін мектепке дейінгі жастағы (7 жасқа дейінгі) балаларды кезекке қою» мем­лекеттік қызметін автоматтандыру жүк­телген. Осылайша, 2018 жылы елорда балабақшаларындағы орындар мемле­кеттік электронды қызметтер жүйесі арқы­лы әкімдіктің e.astana.kz сайтында таратылды. Ал сол жылдың соңында Ас­тана қаласының Білім басқармасы «Коммон Фактор» ЖШС-нің қызметін бір көзден сатып алып, e.astana.kz жүйесін балабақшалардағы орындарды бөлудің жаңа жүйесіне ауысады. Мемлекеттік сатып алу порталында жасал­­­ған келісім­шарт нөмірі 880740000016/180292/00, Шарттың жасал­ған күні: 2018 жылдың 21 қарашасы, шарт сомасы: 35 000 000 теңге, ҚҚС-сыз деп көрсетілген. Осы келісімнің техни­калық сипаттамасы балабақшаға жолда­ма беру үшін жоғарыда көрсетілген мемле­кеттік қызметті авто­маттандыру міндетін си­паттайды. Яғни, бұл қол­даныс­тағы жүйе­ден 4 есе қымбатқа сатып алынған жүйе болып тұр. Ал 2019 жылдың 22 мамырында Білім басқармасы жүйенің кезекті рет жаңар­тылғанын және 10 маусымда балабақша орындарын бөлу басталатынын хабар­лады. Дәл сол күні (22.05.2018 ж) e.astana. kz жұмыс жүйесінен indigo24.kz сайтына ауыс­тырылды. Бірақ 22 мамырдан 10 мау­сымға дейінгі аралықта әлеуметтік желі­лерде және жедел ха­барла­маларда пайда­ланушылар кезек нөмірі кері кет­кенін айтып шу шығарды. Мыса­лы, кезек нөмірі 500 болса, жаңа жүйеде ол кезек 1 500 орынға кері жылжыған. Ал 10 маусымда жаңа жүйе балабақшалардағы орындарды бөлу басталмай жатып, сыр берді. Жауапты мамандар бұған хакерлер кінәлі деуден танбады. Хакердің ша­буылы­на төтеп бере алмайтыны бар, онда электронды үкімет (еgov.kz) платфор­масында қала бермеді ме деген сұрақ туындаған. Кейін мұның жауабы қаржыға келіп тірелгенін түсін­гендейміз. Себебі электронды үкіметтен «енші» алған бұл қызметті ұсыну үшін жеке компаниялар білім басқар­маларымен миллиондардың келісім­шартына қол жеткізген. Мысалы, 2018 жылы Custom solutions center ЖШС Қарағанды облысы, БҚО, ШҚО және СҚО білім бас­қармаларымен 223 774 437,64 теңгеге жалпы 27 келісім­шарт жасайды. Hanali 2013 ЖШС Қоста­най, Атырау және Павлодар облыс­тары­ның білім басқарма­ларымен 306 757 592 теңгеге 63 келісім жасаған. Бір назар аударарлық жайт,  Hanali  2013 ЖШС-мен келісімшарт жасаған өңірлік білім бөлімдері, балалар мен олардың ата-аналарының жеке деректе­рі Hanali 2013 ЖШС-нің ғана емес, сонымен қатар үшінші тарап – Custom solutions center ЖШС-нің директорына тиесілі indigo24. kz сайтына да берілген. Жеке бас дерек­терін бір сайттан екінші сайтқа ауыстыру жеке дерек иелерінің рұқса­тынсыз жүзеге ас­қаны қалай? Мұн­дайда ақпараттық қауіп­сіздік мәсе­лесі неге ескерілмеген? «Электронды үкіметтің құзыреттілік орталығы» ЖШС Қарағанды мен Шым­кент қалаларының білім бөлімдерімен жалпы сомасы 167 668 475,44 теңгеге 8 келісім жасаған. Осылайша, 2018 жылы аталған компаниялар 698 200 504 теңге сомасында келісімшарттар жасады. Был­тыр­ғы келі­сімшарттарда да шамамен осындай сома­ларды көреміз. Ең таңға­ларлық жағдай – мемлекеттік сатып алу порталында Нұр-Сұлтан қаласымен рес­ми келісімшарт жоқ. Сонда indigo24. kz сайты республика астанасындағы ба­ла­бақшалар орындарын қандай негізде таратып жатыр? Бәлкім, бұл сұраққа ел­орданың бүгінгі әкімінің аппаратынан жауап келіп қалар. Себебі біз айтқан «өзгерістер» бұрнағы әкімнің тұсында болған. Егер электронды мемлекеттік қыз­мет­тің басқа түрлері де осылай жеке плат­­фор­маларға көшсе, жеке бас дерек­тері­міздің жария болып кетпеуіне кепіл бар ма де­ген сұрақ мазалайды. Ондайда қайт­пек керек? Ақпараттық технологиялар маманы, сарапшы Аршат Ораз ақпараттық қауіп­сіздік тұрғысынан балабақшаға орын үлестіретін мекемелер бір платформада болғаны жөн деп санайды. «Бүгіндері барлық мемлекеттік меке­мелер бір платформаға кіргізіліп жатыр. Бұрын әрқайсының бөлек сайты бо­латын. Бірізділік, бір стиль болмайтын. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздік үшін де бұл дұрыс қадам. Ал енді мемлекеттік қызметтер де дәл сондай принципте бо­луы керек. Бір орталық, бір деректер қоры болуы керек. Сондықтан түрлі сайт, қо­сым­шаларға бөлмей, біртұтас жерге жи­нақ­талғаны дұрыс шешім болады. Тек балабақша кезегі емес, медицина бойын­ша да, білім саласы бойынша да барлығы бір платформада болуы тиіс. Сонда ғана на­ғыз электронды үкімет болмақ», – дей­ді ол. Біз өз кезегімізде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына «Балабақша орнын үлестіру қызметі элек­­трон­ды үкіметтен неге бөлініп жа­тыр?» деген сауал жолдадық. Себебі бұл ком­пания «электронды үкіметтің» ақпа­рат­тық-коммуникациялық инфра­құры­лымы­ның операторы саналады. Ком­пания жа­уа­бы қысқа-нұсқа болды: «Пай­даланушы баласын балабақшаға кезекке Нұр-Сұлтан қаласынан басқа кез келген аумақ бойын­ша eGov.kz порталы арқылы қоя алады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қызметті өзге ресурс арқылы жүзеге асыру Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігінің және Білім және ғылым министрлігінің шешімімен ұйым­дасты­рылды». Болды. Басқа бірауыз сөз жоқ. Сонда аталған компания мамандары indigo24.kz сайты арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Шымкент қаласы мен 8 облыстағы балабақша орындарын үлес­тірумен айналысып келе жатқанынан бейхабар болғаны ма? Біз бұл деректі жол­даған сауалымызда анық көрсеткен едік. Ендеше indigo24.kz сайтын ашып, «сіздің қалаңыз» деген батырманы басса, бұл платформаны қанша қаланың пайда­ланып отырғанын көре алатынын ес­керткіміз келеді.  

халима Халима БҰҚАРҚЫЗЫ