Ақша жымқырғандар азаймаған
Соңғы жылдары жемқорлық бойынша істі болған шенеуніктерді естіп құлағымыз үйренгендей. Әріден тарқатпай-ақ Қызылорда мен Павлодар облысының әкімдерін айтсақ жеткілікті. Осының бәрін «өте қауіпті симптомға» балаған Мемлекет басшысы былтырғымен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылғандар саны 11 пайызға өскенін тілге тиек етті. Бұл тұста ақша жымқырғаны үшін сотталғандар мен мерзімінен бұрын босап шыққандар санына көз жүгіртсек. Орташа есеппен алғанда, елімізде жыл сайын мыңнан астам адам жемқорлық бойынша істі болады. Мысалы, 2016 жылы 1 693 адам, 2017 жылы 1 574 адам, ал 2019 жылы 1 009 адам жемқорлық әрекеті үшін жауапқа тартылған. Бұдан бөлек, ірі көлемдегі айыппұлмен жазаланғандар бар. 2016 жылы 405 азамат 2,1 млрд теңге, 2017 жылы 402 тұлға 2,5 млрд теңге, 2018 жылы 433 тұлға 4,5 млрд теңге, 2019 жылдың алғашқы тоқсанында 75 азамат 472 млн теңге айыппұлға кесілген. Демек, ақша жымқырушылар саны азаймаған. Әр жыл сайын бір өлшеммен қайталана береді. Жемқорлардың кесірінен 2018-2020 жылдары елге тиген залал 74,6 млрд теңгеге жетіпті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сенсек, соңғы 3,5 жылдың ішінде жемқорлық әрекеті үшін сотталған 111 адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар 2017 жылы – 7, 2018 жылы – 47, 2019 жылы – 30, 2020 жылдың алғашқы 7 айында – 27 адам. Қылмыс санаты бойынша жіктесек, 111 адамның ішінде аса ауыр қылмысы үшін – 14, ауыр қылмысы үшін – 74, орташа – 15, онша ауыр емес қылмысы үшін сотталған 8 адам болған. Мерзімінен бұрын босап шықты демекші, жоғарыда келтірілген мәліметке қарасақ, биыл алғашқы 7 айда 27 адам бостандыққа шыққанын айттық. Жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев департаменттің алқа отырысында сотталған жемқорлар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату, айыппұлдар мен түзеу колониялары болмайтынын мәлімдеген еді. Осыған қарамастан биыл 27 адамға не себепті рақымшылық жасалғаны бізге беймәлім болып отыр. – Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті арттыру бойынша шаралар әзірленеді. Сыбайлас жемқорлықпен айналысатын шенеуніктер бас бостандығынан айыру жазасын колониялардағы елді мекендерде жою, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін мерзімінен бұрын шартты түрде және бірнеше рет айыппұл салу, парақорлық пен әрекетке делдалдық үшін жазаны қатаңдату туралы айтып отырмыз. Біз айыппұлдарды бейқам қабыл-дай бастадық, – деген болатын төраға.Оңай құтылған экс-шенеуніктер
Елімізде жемқорлық бойынша шенеуніктер жиі сотталып, көп жағдайда амнистиямен босатылатыны жасырын емес. 2020 жылы жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында тұр. Бұл көрсеткіш жемқорлардан келіп отырған залалдың әсерінен екені айтпаса да белгілі. Сонымен, жемқорлық бойынша сотталып, ұзақ уақыт өтпей шартты түрде бостандыққа шыққан бірнеше шенеунікке шолу жасап көрсек. Бұл көштің басын Қуандық Бишімбаев бастап тұр. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі ірі көлемде пара алып, ақша жымқырды деп айыпталып, 2018 жылдың наурыз айында 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ бар болғаны 1 жыл 7 айдан кейін экс-министр шартты түрде босатылды. Жемқор шенеуніктердің қатарында Қостанай қаласының экс-әкімі Ахметбек Ахметжанов та бар. 2016 жылдың сәуірінде 13 жылға сотталған ол 3 жылдан кейін босатылды. «Қазақстан инжиниринг» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2018 жылдың ақпанында «ірі көлемде пара алғаны үшін» 10 жылға сотталған. Алайда 2 айдан кейін бостандыққа шықты. Сот оның 10 жыл мерзімін 2 млрд теңге айыппұлға ауыстырған болатын. Пара алды, өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталған БҒМ-нің бұрынғы вице-министрі Э.Суханбердиева айыппұл төлеп құтылды. Ал «Қорғас» ШЫХО президенті болған кезінде миллион доллар пара алған Василий Ни қылмыстық жауапкершіліктен босатылып кетті. Жемқорлық әрекеті үшін бұлайша айыппұлмен сытылып, рақымшылықпен құтылып отырғандардың тарихы жазадан қорықпауды үгіттейтін сияқты.Баптар босатуды қарастырып тұр
Қылмыстық кодексте қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықтардың ішінде 17-бап тікелей жемқорлық қылмысқа қатысты екен. Жаза қылмыстың қалай жасалғанына байланысты болады. Қылмыстың ауырлығы, параның немесе келтірілген зиянның мөлшері, шенеуніктің лауазымы, қылмысты топпен жасау, бірнеше рет жасауы, кінәлі адамның тұлғасы, оның ішінде құқықбұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын жағдайлардың бәрі ескеріледі. Пара алу, беру не парақорлыққа делдал болу (ҚК-нің 366, 367 және 368-баптары), сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызмет бабын пайдалана отырып иемдену немесе ысырап ету (ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы), қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасаған (ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) – осы баптардың санкциялары тек бас бостандығынан айыруды не бірнеше есе үлкен мөлшерде айыппұлдар төлеуге тиіс болады. Сондай-ақ негізгі жазамен қатар, мұндай қылмыстар үшін мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру сияқты жазаның қосымша түрлері де қарастырылған. Ең алдымен сотталған шенеунік мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан, мемлекеттік наградалары мен әскери шенінің барлығынан айырылады. Ал мерзімінен бұрын шартты түрде босау үшін жазасын өтеуші онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің 3/1, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жазаның кемінде 2/1, аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде 3/2 бөлігін өтеуі керек. Қорыта айтқанда, елімізде адамдардың өліміне әкеп соққан немесе аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмысы үшін сотталған адамдар мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыға алмайды екен. Егер жазасын ауырсынбаған жемқорлар азайсын десек, оларды мерзімінен бұрын босатып жіберуге тыйым салған жөн.