Балықта бар береке
Балықта бар береке
170
оқылды
Балық және балық өнімі нары­ғының жалпы көлемі 66 мың тонна екен. Бірақ балық өсіргеннен гөрі, аулаған қолайымызға көбірек келеді деп ойлайтын болса керек. Өйткені сандарды сөйлетсек, осы жалпы көлемнің 7,4 пайызы ғана балық өсіргендердің еншісінде. Сондай-ақ экспорттауға 30 мың тонна жіберсек, шетелден әке­летініміз — 43,5 мың тонна өнім. Күні кеше Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев шекараға жақын аудандарды есепке алғанда, біздің 3 млн тонна балық өнімін экспорттауға әлеуетіміз жететінін айтты. Соңғы жылдары балыққа деген сұраныс әлем бойынша артып келеді. Өйткені оның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екеніне көз жетіп отыр. Ғаламдық трендтен Қазақстанның қалғаны жөн болмас. Себебі балық шаруашылығын дамытуға қауқар бар. Тек күрмелген бірнеше мәселені шешіп, дұрыс бағытқа бұрып жіберсе болғаны. Айтпақшы, балық аулап, жеу ғана емес, жасанды су қоймаларында не табиғи ортада балық өсіру де сәнге айналып жатыр. Бұл бір жағы табиғи су қоймаларының ресурстары мен мұхитта балық қорының азайғанын білдіретін болса керек. Себебі табиғи ресурс сарқыла бастағанда орнына соның баламасы – акваөсіру келеді. Мә­селен, осыдан 25 жыл бұрын Қа­зақстанда 100 мың тонна ба­лық ау­лайтын болыпты. Онда да семіз бе­кіре балықтар деседі. Ал қа­зіргі рес­ми деректерге сүйен­сек, ірі деуге келмейтін 35-40 мың тонна балық қана ауланады екен. Енді қайтсе балықты көп өндіруге болады деп басы қатып, өндірушілер жол іздей бастайды. Шетелден алдырайын десе, құйған ақша басқа сайға кететіні бар, халықаралық санкциялар мәселесі бар, қашан жеткізеді деп сарыла күтетіні бар. Бұл – аса тиімді әдіс емес. Жалпы алғанда, балық шаруа­шы­лығында кәсіпшілікпен не аква­өсірумен айналысуға болады. Алғашқысының үлесі әзірге жоғары. Табиғи ресурсты игерудің экстенсив тәсілі кәсіпкер үшін оңтайлы екені хақ. Өйткені уақыт пен қаржы шығыны айтарлықтай көп емес. Квота бойынша табиғи су қоймасынан балық аулауға рұқсат алып, өңдеп, сатып, табыс көлемін есептеумен ғана айналысу қажет. Бірақ оның ең үлкен кемшігілі сол: бағалы балық көзден бұл-бұл ұшуы мүмкін. Балықтың табиғи популяциясына кері әсер етеді. Әрі шамадан тыс көп ауланып кетуі де ғажап емес. Яғни, бұл тәсілдің пайдасынан зияны көп. Күллі әлем қазір кәсіпшілік тәсілден аттап өтіп, жасанды су қоймаларында қолдан өсіруге кірісіп жатыр. Қанша жерден ресурс жетсе де, акваөсіруден ал­дың­ғы орынды Қытай алып отыр­ғаны бұған дәлел бола алады. 1991 жылы әлемдік балық өндірісінде акваөсіру үлесі 20 пайызға әзер жетсе, 2016 жылы жартысына таяп қалған. БҰҰ-ның азық қоры және ауылшаруашылық ұйымының болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай үлесі 54,4 пайыз деседі. Жыл басында Премьер-Министр Асқар Мамин балық ша­руа­шылығының дамуына бөгет болып тұрған себептерді анықтауға тапсырма берген. Нәтижесінде, мынадай үш мәселеге баса назар аудару керегі белгілі болды: балық аулаудан балық өсіруге көшу, заңнамадағы қайшылықтар және мемлекеттік қолдау шара­ларының жетіспеушілігі. Біздегі су қоймаларын зерттей келе жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатын қоймалар белгіленді. Соған сәйкес балық өсіруге қа­тысты типтік жобалар жасалды. Демек, балықты кәсіп етемін деушілерге жол ашылып жатыр. bekire Бұдан кейінгі мәселе – заң. Қазіргі заңнама бойынша балық ша­руа­шылығы құрылысына тыйым салынған. Екіншіден, ба­лық өсірушілер алған суға түгел төлей­ді. Бірақ шын мәнінде, сол су­дың негізгі бөлігі қайта құйы­лады. Сондықтан төлем жүйе­сін бу­лану мен фильтрлеуге байла­нысты алатындай етіп өзгерту қажет. Осы сияқты мәселелерден бүгінде министрлік хабардар. Тіпті, Мырзағалиев «Акваөсіру туралы» бөлек заң қабылданса, артық болмайтынын тілге тиек етіп қалды. «Казахрыбхоз» қауымдастығы басқармасының төраға орын­басары Серік Темірхановтың айтуынша, бірінші кезекте мем­лекет тарапынан мол қолдау қажет. «Бізде малға субсидия сұраса дұрыс қарайды да, балыққа келгенде ала алмай қалып жатады. Өйткені кәсіптің бұл түрі аса танымал емес. Мемлекет тарапынан қаржылай да, насихат түрінде де қолдау қажет. Мысалы, көрші Өзбекстанмен салыстырып көрелік. Былтыр 75 мың тонна балық өсірген. 2030 жылға қарай — 100 мың, он жыл­дан кейін 150 мың тонна өсіруді жос­парлап отыр. Ол жақта ар­найы мемлекеттік бағдарлама қабыл­данған. Тиісті шаралар жасалса, біз одан да көп өсіре аламыз. Бас­тысы, халықтың түсінігі мен қабыл­дауына өзгерту керек. Одан соң мамандар да тапшы». Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жылына адам кемі 16 келі балық жеуі керек деген ұсыныс айтады. Біз ол нормадан 4 келіге аз жейді екенбіз. Ресейліктер 20 келі жесе, Қытай тұрғындары, тіп­ті 40 келі жейді. Балық өсіру ша­руа­шылығын танымал етіп, ауыл ша­руа­шылығы құрылымында беделін арттыру арқылы тұрғын­дардың денсаулығын түзеуге де жол ашылады. Мамин әр аумақта балық шаруашылығын ұйымдастыру қажетін айтқан. Осылайша, әр бизнес субъектісіне су қоймаларын бекітіп, жаңа ауланған балық сататын орындар көбейтілмек. Премьер-Министр 1 қарашаға дейін аймақтық даму бағдарламаларын әзірлеуді тапсырған болатын. «Қазақстанның балық өсіруді дамытуға әлеуеті жоғары. Соңғы жеті жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін өсті. Елімізде осы шаруашылықпен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады. Бірақ олардың саны жеткіліксіз. Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Ол үшін бүгінгі таңда су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге қайта жасақтап, қолданыстағы заңнаманы жетілдіріп, мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп жатыр. Аталған шараларды негізге ала отырып, облыстарда өңірлік ба­лық шаруашылығын дамыту бағ­­дар­ламары әзірленетін болады», – дейді Балық ресурстарының өсімін молайту және акваөсіру басқармасының басшысы Мирас Ғаббасов. Біздегі су ресурстарын есепке алсақ, жылына 600 мың тонна балық өсіріп, экспорт көлемін он есе көбейтуге мүмкіндік бар. Одан 500 млрд теңге инвестиция тартылса, соның 28 млрд теңгесі бюджетке салық түрінде түседі. Ол аз болса, кем дегенде 100 мың­ға жуық қосымша жұмыс орны ашылып, ауылдық жерде тұратын халықтың табысы артуына мол мүм­кіндік туып отыр. Бұл – сала ми­нистрлігінің болжамы. Жос­пар жақсы, енді орындалу бары­сы ұқып­ты жүргізілсе, келесі жылы жо­ғары көрсеткішпен сүйін­ші­лей­міз деген сенім мол.  

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР