Педагогтар кеңесі кезекті жиналыс па?
Педагогтар кеңесі кезекті жиналыс па?
223
оқылды
 

Республикалық педагогтар кеңесі құрылады

Қазақстанның білім беру жүйесі де аталған бәйгеден қалмай, тырысып, қам-қарекет жасап келеді. Алайда кемшіліктер жоқ емес. Қазіргі таңда ұстаздың білім беру саласында қабылданып жатқан  істерге белсене араласуына, оның пікірімен санасып, ойын ашық бүкпесіз ортаға салуына жағдай жасалуы тиіс секілді. Басты мәселенің бірі – кері байланыс. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген бар. Барлық мүдделі тараптың пікірлері ескеріліп, сала мамандары талқыға салынып барып тиісті шешім қабылдаудың маңызы зор. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында республикалық педагогтар кеңесі құрылмақ. Оны жақында өткен педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің рес­публикалық тамыз кеңесінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтқан еді.  «Білім беру саласындағы негізгі проблемалардың бірі –  барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін кері байланыстың жетіспеушілігі. Республикалық педагогтар кеңесін құруды тапсырамын. Оған әрбір өңір өз өкілін тағайындайды. Педагогикалық кеңес бү­кіл педагогикалық қоғамдастықтың үні­не айналуы тиіс. Білім беру саласында қабылданатын барлық шешім ең алдымен осы кеңесте талқылануы керек. Сонымен қатар білім беру мәселесіне қатысты барлық нормативтік құжаттарға сараптама жүргізуді тапсырамын», – деді Ералы Тоғжанов. Республикалық педагогикалық кеңес­­тің болғанын көпшілік қалайды. Серік Керей инженерлік, технологиялық са­ланың маманы ретінде педагогикалық кеңестің болғанын қолдайды. Алайда ол қатардағы көп кеңестің бірі емес, білім са­ласындағы маңызды шешімдерге ықпал ете алатын кеңес болса дейді. Ғылымдағы ұрпақ сабақтастығы үздіксіз жаңалану арқылы жалғасатынын уақыт та көрсетіп отыр. Ал аталған кеңес  шынымен маман кеңесі мен пікірлерін ескеретін болса, көптеген күрмеулі мәселе ортаға салынып, дұрыс шешім табуына негіз болады деген ойда. Және көкейде жүрген бірнеше мәселені ұсыныс ретінде де айтып қалды. «Біріншіден, оқу орындарындағы, әсіресе техникалық, жаратылыстану ғылымдар саласындағы кафедраларды 30-40 жылдан бері ұстап отырған қарттарды зейнетке жіберу қажет. Биотехнология, электроника, радиотехника, нанотехнология деген салаларда жасы келген адамдар отыр. Олар докторлық қорғаған кезеңді қазіргі секунд сайын өзгеріске түсіп жатқан жағдаймен мүлде салыстыруға келмейді. Оның үстіне, жаңа өзгерістер мен жастардың білімі мен біліктілігін пайдалану маңызды. Сондықтан барлық жоғары оқу орындарындағы 63 жастан асқан азаматтарды жаңа буын өкілдерімен алмастыратын кезең келді», – дейді  Серік Керей. Оның сөзінше, екіншіден,  ғылымға бөлінетін қаржының қандай жобаларға, не үшін және нәтижесі қандай болатыны ашық,  жариялы түрде өтуі тиіс. «Сиыр сүтінен қымыз жасау» деген сияқты жалған, құны жоқ жобаларды тоқтату керек. Ал үшіншіден, елімізде техникалық, технологиялық сала көштен қалмас үшін білім беру саласына сұранысқа ие жаңа мамандықтарды уақытында енгізе білу қажет.  Педагогикалық кеңес әлі құ­рылған жоқ. Тек құрылатыны жөнінде ғана айтылды. Білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен ұсыныс, пікірлер қабылданып, білім беру саласында жүрген жандардың пікіріне құлақ түре білсе, кеңестің босқа құрылмағаны болар еді. Себебі Мемлекет басшысы айтқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін тек білім саласы емес, барлық салада кері байланыс орнауы тиіс. Өкінішке қарай, бұл әлі жүзеге аса қоймады.  

Кеңес мүшелігінде басшы адам болмауы тиіс

Білім және ғылым министрлігі тарапынан түрлі кеңес пен мәселелерді ортақ талқылайтын шығармашылық жұмыс топтары бар. Мәселен, педагогтардың тамыз кеңесі өткен жылды қорытындылап, алдағы  оқу жылына дайындықты пысықтайтын республикалық кеңес екенін білеміз. Ал былтыр қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заң шеңберінде   педагогтардың этикалық нормаларға сай қызмет етуіне ықпал ететін әдеп жөніндегі кеңес бар. Қазіргі күнде әрбір білім мекемесінде педагогикалық білім кеңесі бар.  Ал жалпы республикалық деңгейде қалай жұмыс істеп жатқаны әзірге белгісіз. Бірінші – кеңес оқу процесіне дайындық, ал екінші кеңес тек педагогтар тарапынан этикалық норманы бұзған жағдайда соны қарап, шешім шы­ғарады.  Республикалық педагогтар кеңесі Ералы Тоғжанов айтқандай, педагогикалық қоғамдастықтың үніне айнала ала ма? Елордадағы №76 мектеп-лицей ди­ректоры Сафура Төлекова түрлі жұмыс тобындағы ұсыныстарды бір алқалы орган арқылы нақты бекітіп алу үшін республикалық деңгейде педагогикалық кеңес қажет екенін айтады. Кеңес мү­шелігінде өңірлік білім басқармаларының өкілдері, жалпы басшы адам болмауы тиіс деген пікірде. «Бұл бір жағынан республика бойынша педагогтардың үнін естуге, солардың ойын тыңдауға мүмкіндік болатын кеңес болады деп сенемін. Шын мәнінде, біз қазір түрлі саладағы  жұмыс топтарында істейміз. Алайда ол барлық республиканың педагогтарын қамти алмайды. Республикалық педа­гогикалық кеңес болатын болса, онда оның әр аймақтан бір-бір өкілі болады. Сол өкілдері арқылы аймақтардағы педагогтардың ой-пікірлерінің жетуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Оның мү­шелері тек білім басқармалары мен білім бөлімдері басшыларының тарапынан болса, педагогтың үні сол қалпында жете ме, жетпей ме, ол да сұрақ. Сондықтан кеңеске мүше болатын адам басшы болмауы тиіс деп ойлаймын. Мәселен, мен директор ретінде кірсем, тек өзімнің директорлық позициямды айтып, мұ­ғалімдердің ойы қалып қоюы мүмкін», – деді Сафура Төлекова. Жалпы, педагогтар республикалық педагогикалық кеңес білім саласындағы келелі мәселелерді талқылайтын алаң болатынына сенім артып отыр.  Аталған кеңестің әлі нақты ережесі бекітілген жоқ. Педагогтар үміт артқан кеңес сенімнің үдесінен шыға ма? Ол – уақыт еншісінде. Күтейік.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=