Пандемия біраз биік орындықты шайқады
Пандемия біраз биік орындықты шайқады
129
оқылды
Ең әуелі Байзақ аудандық ор­талық ауруханасына тоқталсақ. Биыл 4 шілдеде аурухананың про­визорлық бөлімінде пневмония диагнозымен А. есімді азамат қайтыс болады. Алайда мәйіттің денесі 9 сағат бойы ауруханада қа­лып қойған. – Мәйітті кешке дейін ұстап, тек 9 сағаттан кейін  шығарғаны бойынша Байзақ аудандық ор­талық ауруханасының бас дәрігері  Р.Сапарбековке қатаң сөгіс түрін­дегі тәртіптік жаза белгіленді. Қазіргі таңда  Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы Ересектерге арналған оңалу орталығында мәйітхана ашылды. Оған штат­пен 2 санитар беріліп, аудан әкім­дігінен мәйіт тасымалдайтын бір автокөлік бөлінді. Мәйіттер уақытында жеткізіліп, уақытша сақталу жұмысы заңнамаға сәй­кес жүргізілуде, – дейді Хамит Мырзақасымов. Карантин кезінде Шу қа­лалық ауруханасынан да шу шықты. Емханада  емделіп жат­қан  Р.Анлаусова әдеуметтік желі арқылы ме­дициналық мекеме­нің  уақытша оқшаулау бөлмесі санитарлық-эпидемиялық талап­тарға сәйкес келмейтінін қатаң сынға алды. Алайда Денсаулық сақтау бас­қармасының бұл жайтқа қатысты айтар өз уәжі бар. – Науқас Р.Анлаусова Шу қа­лалық ауруханасына жедел жәр­дем бригадасы арқылы қа­былдау бөліміне жеткізілген. Түс­кен кездегі шағымы – дене қызуы­ның жоғарылауы, ентігу, жөтел. Науқасты  кезекші дә­рігер И.Латифов қарап, ба­қылау бөліміне оқшаулаған. Аурухананың қа­былдау бөлімінде науқастардың полимеразалық тізбекті реакциясы дайын болғанша науқастарды уақытша бақылу  бөлімшесі ұйымдастырылған.  Ал арнайы 10 төсек-орынға арналған про­визорлық стационар жұмысы басқарма басшысының №435-ө бұйрығы негізінде  9 шілдеде ашыл­ды. Науқас оқшаулау бөлімінде ауызсудың жоғы, дәретхананың істен шыққаны  және жатын бөлмелердің ластығы туралы шағымданған. Алайда ауруханада жазғы мерзімде жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ауызсу кесте бойынша берілуде. Оның науқастарға кедергісі жоқ. Себебі кесте бойынша ауызсу берілгенде бөлімшеде су қоры дайындалады, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы. Пандемия кезінде байзақ­тық медицина маманы Ф.Жан­батырова тіпті Мемлекет бас­шысына бейнеүндеу жолдады. Ол шағымында аудандық ару­хананың бас дәрігері заңсыз ақша жинап жатқанын жайып салады. Бұл дерекке қатысты  Хамит Мырзақасымов нақты қабыл­данған шараларды айтты. – Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа жолдаған Ф.Жан­батырова­ның бейнеүндеуінде көрсетілген мә­селелерді зерделеу мақсатында облыс әкімі ап­паратының бас­шысы 2020 жылғы 30 маусымда жұ­мыс­шы топ құрып, жергілікті жер­ге шығу арқылы тексеру  жұмыс­тары жүргізілді. Зерделеу ба­рысында Жуалы аудандық орта­лық аурухананың бас дәрі­гері Б.Алпысбай, орталық ауру­хана бас дәрігерінің эко­номика ісі жөніндегі орынбасары А.Байтөреев, орталық аурухананың әкімшілік бөлімінің басшысы Х.Оманов және  орталық ауру­хананың касса қызметкері Э.Мырза­лиевадан түсініктеме алын­ды. Жұмысшы топ аурухана қыз­меткерлерімен кездесу барысында жасырын сауалнама жүргізіп, сауалнама нәтижесі бойынша 37 қызметкердің 21-і  ақша жинау факті­сін растады. Сонымен қатар аурухана қызметкерлері Тілеуберді Бақытжан, Ырысалды Оразбакова, Жанар Исмайлова  аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің экономика ісі жөніндегі орынбасары Абзал Байтөреев және әкімшілік бөлімінің басшысы Хамза Оманов тарапынан ай сайын 29 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейін ақша жинау фактілері болғаны туралы ашық мә­лімдеді. Ф.Жанбатырова орталық ауру­хана бас дәрігерінің эко­номика ісі жөніндегі орынбасары Байтөреевтің айтуымен касса қызметкері Эльми­раға  Мырза­лиеваға осы жылдың  сәуір айын­дағы үстемеақысынан 39 000 теңге бергенін, ал  мамыр айындағы үстемеақысынан 150 000 теңге сұраған кезде қарсы болып, беру­ден бас тартқанын айтты. Жоғарыдағы мәселелерді қо­рытындылай келе, аталған өтініш бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жам­­был облысы бойынша де­партаментінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Орталық аурухана бас дәрі­герінің экономика ісі жөніндегі орын­басары Абзал Байтөреев  жұмыстан босатылды, – деді Ха­мит Саттарқұлұлы. Естеріңізде болса, оқиға бол­ған тұста Жуалы аудандық ор­талық аурухананың бас дәрігері Б.Алпысбай да жұмыстан боса­тылатыны туралы айтылған бола­тын. Алайда  бас дәрігер дәл қазір соттасып жатқан көрінеді. Сол себепті Хамит Мырзақасымов ол туралы ештеңе айтпады. Меркі ауданындағы дәрігерлер дауын да көпшілік ұмыта қойған жоқ. Әлеуметтік желі арқылы жанайқайын білдірген  медицина мамандарының шағымы толық­тай дәлелін тауып,  жұмыс то­бының жүргізген қорытындысы бойынша Меркі аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаевтың №135-ө бұй­рығымен бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жаңыл Шойбекова мен  бас есепші Замира Мұқаева  қызметінен босатылды. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен бас дәрігердің міндетін уа­қытша ат­қарушы, бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары Данияр Нүсіпбаевтың өзі жұмыс­тан шы­ғарылды. Міне, осылайша әлемдік пан­демияның алғашқы толқыны ме­дицина саласындағы  біраз былғары  орындықты шайқады. Күні кеше өз еркімен қызметтен кеткен Денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Марат Жұманқұловты бұл тізімге қос­сақ, шынында, коронавирус өңір медицинасын аямағанын аңғару қиын емес. Енді медицина мамандары пандемияның екінші толқынына дайындық үстінде. Бұл кезең Жамбыл облысы үшін жеңіл өтіп, ақ халаттылардың  арызы да  азаяды деп үміттенеміз.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы