Бекіреге де бап керек
Бекіреге де бап керек
197
оқылды
Еліміздің агроөнеркәсіп ке­шен­інің маңызды бір саласы – балық шаруашылығын дамыту ісі ерекше қолдауды қажет етуде. Атырау өңірінде балық шаруа­шылығын дамыту мәселелерінде түйіні шешілмеген мәселелер көп. Өзен астын тереңдету, балық қорын браконьерлерден қорғау, заңсыз айналымына тосқауыл болу кешенді жоспарды талап етеді. Жуырда аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің  төра­ғалығымен өткен селек­торлық кеңесте балық шаруа­шылығын дамыту мен балық қорын көбейту мәселелері тал­қыланды. Жиында өңірде  жылы­на 12 миллион шабақ өсіру жос­пары туралы айтылды. Бағалы балыққа қатысты жиын­да Атырау облысының әкі­мі Махамбет Досмұхамбетов Атырау өңірі республиканың тек мұнай астанасы ғана емес, сон­дай-ақ балық өнеркәсібін дамы­ту­ға қолайлы аймақ екенін айта келіп, еліміз бойынша ауланатын балықтың шамамен үштен бір бөлігі Атырау облысына тиесілі екеніне тоқталды. «Жыл басында Үкімет бас­шысы Асқар Маминнің өңірге жұмыс сапары барысында Атырау облысында балық өнеркәсібін дамыту мәселесі бойынша ар­найы жиын өткізіліп, қорытын­дысы бойынша бірқатар тап­сырма берілген болатын. Үкімет отырысында да балық шаруа­шылығын дамыту мәселесі қа­рал­ды. Сондықтан Атыраудың балық шаруашылығы – күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі.Облысымызда осы салада 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде 14 мың тонна балық ауланған», – деді  Махамбет Досмұхам­бетов. Кеңес барысында баяндама жасаған Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы биыл «Жайық-Каспий бассейні» бо­йын­ша көктемгі балық аулауға 7 434 тонна квота бөлінгенін мә­лім­деді. «Күні бүгін бөлінген квота бо­йынша 6 492 тонна балық ауланды, яғни лимит 87 пайызға игерілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 794 тоннаға артық. Балық аулау рұқ­саттары арқылы көктемгі маусым ақпан айында басталды. Бұрын кво­таның кеш бөлінуіне бай­ланысты балық аулау маусымы сәуір айында басталып, көктемгі лимиттің игерілуіне кедергі бо­латын еді. Биыл көктемгі науқан коронавирус инфек­циясының таралуына тұспа-тұс келсе де, өз деңгейінде өтті», – деді ол. Басқарма басшысының ай­туынша,  2019 жылы ауланған 13 099 тонна балықтың 12 900 тон­насы өңделіп, 89 64,3 тоннасы  Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзір­байжан, Грузия, Франция, Литва және Израиль елдеріне экспорт­талған. Биыл ақпан-шілде айлары аралығында аулан­ған 6 492 тонна балықтың 5 000 тоннасы өңделіп, аталмыш ел­дер­ге экспортталған. Қазіргі уақытта облыста 18 балық шаруашылығы кәсіп­орнында 617 тұрақты және 4 385 адам маусымдық жұмысқа тар­тылған. Бекіре тұқымдас балық­тарының қорларын сақтап қалу және олардың санын молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 7,5 миллионнан астам бекіре тұқымдас шабақтар жібер­іледі. Өткен жылмен салыстырған­да, биыл ауланған бекіре балығы­ның көлемі  1,2 есеге артып отыр.  Нақты айтсақ, өткен жылы Жайық өзенінен 259 дана бекіре тұқымдас балықтар ау­ланды. Оның ішінде 111 балық аналық болып шықты. Биыл ақ­пан-шіл­де айлары аралығында 312 дана балық ауланып, оның 116-сы ана­­лық балық болып шықты. «Қазіргі уақытта «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты мен «Атырау бекіре балық өсіру» зауытын біріктіріп, қайта құрып қуаттылығын арттырып, жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспарлануда. Атырау қаласында орналасқан Caspian Royal Fish жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі «Сумен қамтудың тұйық­талған жүйесінде тауарлы бекіре тұқымдас балығын өсіру және азықтық уылдырық алу» жобасы бойынша жұмысын атқарып келеді. Өткен  жылы 12,5 тонна тауарлы балық және 620 кг азықтық уылдырық шығарды. Бұдан басқа облыс көлемінде  тоғанда балық өсіру жобасы басталды. Бұл мақсатта «Восток» және «Тілекші» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестіктері мен «Абду­лов» шаруа қожалығы та­уарлы бекіре және тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіру жұмыстарын қолға алуда. Балық өсірумен айналысатын тауар өндірушілер үшін бекіре, албырт және тұқы тұқымдас балық түрлерін және олардың будандарын өсіру ке­зінде пайдаланылатын азықтарды сатып алуға арналған шығыс­тардың 30 пайызын өтеуге субси­дия қарас­тырылған», – деді об­лыстық Балық шаруашылығы бас­қармасының басшысы. Сонымен қатар кеңесте Жа­йық және Қиғаш өзендерінде су маржандарының қолайлы тір­шілігі үшін өзен түптерін терең­дету және балық қорын сақ­тау мәселелері айтылды. Қазіргі таңда Атырау облысы­ның халқы үшін су мәселесі стратегиялық, әлеуметтік-эко­номикалық аса маңызы бар үлкен мәселе болып отыр. Атап айтсақ, Жайық өзеніне көктемгі өр суының тым аз мөл­шерде келуі, өзектерге судың шық­пай қалуы, каналдардың құрғап қалуы балық шаруа­шылықтарының дамуына кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты, Балық шаруашылығы басқармасының сұранысы бойынша Жайық және Қиғаш өзендерінде балық кө­лемін ұлғайту, балықтардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету, балық қорын сақтап қалу және балықтардың тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасау мақ­сатында  Атырау қаласында Яицкий арнасы, Құрманғазы ауданында Шарон өзенінің Ганюшкин және Жарқосы каналдарын түп тереңдету жұ­мыстары жүргізілуде. Бұл жұ­мыстар биыл аяқталады деген жос­пар бар. Айта кетелік, бүгінгі күні Жа­йық өзені түбінің 40 шақырымын тереңдету бойынша жұмыс басталды. Қазіргі күні 33 ша­қырымының жұмыстары жасал­ған. Ал Қиғаш өзенінің 127 ша­қырымын тереңдету жұмыстары жоспарланған болса, оның 80 шақырымы тереңдетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Балық шаруашылығын да­мыту мәселесі бойынша өткен жиында браконьерлікпен қарсы күрес, ғылыми-зерттеу жұмыс­тары туралы да айтылды. Бүгінгі таңда Жайық өзенінің ихтио­фаунасын зерделеу мәселесі өзек­ті болуымен ерекшеленіп тұр. Балық шаруашылығы сала­сындағы атқарылған жұмыстар мен балық қорын көбейту мәсе­лесі жан-жақты талқыланған жиын­да  облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов балық шаруа­шылығын одан ары дамытуға қатысты тиісті лауазым иелеріне тапсырма берді. Бұл тапсыр­малардың мүлтіксіз орындалуы, балық шаруашылығы саласын дамытып, ел экономикасына үлес қосылуына жағдай жасайтыны сөзсіз.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы