Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы – балық шаруашылығын дамыту ісі ерекше қолдауды қажет етуде. Атырау өңірінде балық шаруашылығын дамыту мәселелерінде түйіні шешілмеген мәселелер көп. Өзен астын тереңдету, балық қорын браконьерлерден қорғау, заңсыз айналымына тосқауыл болу кешенді жоспарды талап етеді. Жуырда аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте балық шаруашылығын дамыту мен балық қорын көбейту мәселелері талқыланды. Жиында өңірде жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспары туралы айтылды. Бағалы балыққа қатысты жиында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау өңірі республиканың тек мұнай астанасы ғана емес, сондай-ақ балық өнеркәсібін дамытуға қолайлы аймақ екенін айта келіп, еліміз бойынша ауланатын балықтың шамамен үштен бір бөлігі Атырау облысына тиесілі екеніне тоқталды. «Жыл басында Үкімет басшысы Асқар Маминнің өңірге жұмыс сапары барысында Атырау облысында балық өнеркәсібін дамыту мәселесі бойынша арнайы жиын өткізіліп, қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілген болатын. Үкімет отырысында да балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды. Сондықтан Атыраудың балық шаруашылығы – күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі.Облысымызда осы салада 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде 14 мың тонна балық ауланған», – деді Махамбет Досмұхамбетов. Кеңес барысында баяндама жасаған Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы биыл «Жайық-Каспий бассейні» бойынша көктемгі балық аулауға 7 434 тонна квота бөлінгенін мәлімдеді. «Күні бүгін бөлінген квота бойынша 6 492 тонна балық ауланды, яғни лимит 87 пайызға игерілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 794 тоннаға артық. Балық аулау рұқсаттары арқылы көктемгі маусым ақпан айында басталды. Бұрын квотаның кеш бөлінуіне байланысты балық аулау маусымы сәуір айында басталып, көктемгі лимиттің игерілуіне кедергі болатын еді. Биыл көктемгі науқан коронавирус инфекциясының таралуына тұспа-тұс келсе де, өз деңгейінде өтті», – деді ол. Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылы ауланған 13 099 тонна балықтың 12 900 тоннасы өңделіп, 89 64,3 тоннасы Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Франция, Литва және Израиль елдеріне экспортталған. Биыл ақпан-шілде айлары аралығында ауланған 6 492 тонна балықтың 5 000 тоннасы өңделіп, аталмыш елдерге экспортталған. Қазіргі уақытта облыста 18 балық шаруашылығы кәсіпорнында 617 тұрақты және 4 385 адам маусымдық жұмысқа тартылған. Бекіре тұқымдас балықтарының қорларын сақтап қалу және олардың санын молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 7,5 миллионнан астам бекіре тұқымдас шабақтар жіберіледі. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл ауланған бекіре балығының көлемі 1,2 есеге артып отыр. Нақты айтсақ, өткен жылы Жайық өзенінен 259 дана бекіре тұқымдас балықтар ауланды. Оның ішінде 111 балық аналық болып шықты. Биыл ақпан-шілде айлары аралығында 312 дана балық ауланып, оның 116-сы аналық балық болып шықты. «Қазіргі уақытта «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты мен «Атырау бекіре балық өсіру» зауытын біріктіріп, қайта құрып қуаттылығын арттырып, жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспарлануда. Атырау қаласында орналасқан Caspian Royal Fish жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Сумен қамтудың тұйықталған жүйесінде тауарлы бекіре тұқымдас балығын өсіру және азықтық уылдырық алу» жобасы бойынша жұмысын атқарып келеді. Өткен жылы 12,5 тонна тауарлы балық және 620 кг азықтық уылдырық шығарды. Бұдан басқа облыс көлемінде тоғанда балық өсіру жобасы басталды. Бұл мақсатта «Восток» және «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Абдулов» шаруа қожалығы тауарлы бекіре және тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіру жұмыстарын қолға алуда. Балық өсірумен айналысатын тауар өндірушілер үшін бекіре, албырт және тұқы тұқымдас балық түрлерін және олардың будандарын өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алуға арналған шығыстардың 30 пайызын өтеуге субсидия қарастырылған», – деді облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы. Сонымен қатар кеңесте Жайық және Қиғаш өзендерінде су маржандарының қолайлы тіршілігі үшін өзен түптерін тереңдету және балық қорын сақтау мәселелері айтылды. Қазіргі таңда Атырау облысының халқы үшін су мәселесі стратегиялық, әлеуметтік-экономикалық аса маңызы бар үлкен мәселе болып отыр. Атап айтсақ, Жайық өзеніне көктемгі өр суының тым аз мөлшерде келуі, өзектерге судың шықпай қалуы, каналдардың құрғап қалуы балық шаруашылықтарының дамуына кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты, Балық шаруашылығы басқармасының сұранысы бойынша Жайық және Қиғаш өзендерінде балық көлемін ұлғайту, балықтардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету, балық қорын сақтап қалу және балықтардың тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында Атырау қаласында Яицкий арнасы, Құрманғазы ауданында Шарон өзенінің Ганюшкин және Жарқосы каналдарын түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар биыл аяқталады деген жоспар бар. Айта кетелік, бүгінгі күні Жайық өзені түбінің 40 шақырымын тереңдету бойынша жұмыс басталды. Қазіргі күні 33 шақырымының жұмыстары жасалған. Ал Қиғаш өзенінің 127 шақырымын тереңдету жұмыстары жоспарланған болса, оның 80 шақырымы тереңдетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Балық шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша өткен жиында браконьерлікпен қарсы күрес, ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы да айтылды. Бүгінгі таңда Жайық өзенінің ихтиофаунасын зерделеу мәселесі өзекті болуымен ерекшеленіп тұр. Балық шаруашылығы саласындағы атқарылған жұмыстар мен балық қорын көбейту мәселесі жан-жақты талқыланған жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов балық шаруашылығын одан ары дамытуға қатысты тиісті лауазым иелеріне тапсырма берді. Бұл тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы, балық шаруашылығы саласын дамытып, ел экономикасына үлес қосылуына жағдай жасайтыны сөзсіз.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы