"Министрлік келтірген мәлімет қате" – Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев
"Министрлік келтірген мәлімет қате" – Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев
374
оқылды
– Елімізде 2019 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 14%-ға өскен. Биылғы көрсеткіш қандай? Карантин құрылыс саласына қалай әсер етті? – Былтыр құрылыс саласындағы көрсеткіш бұрын соңды болмаған межеге жетті. Салынған үйлердің аумағы 13 млн шаршы метрді құрады. Бұндай көрсеткіш бұған дейін 1990 жылы тіркелген болатын. Ал биылғы жағдай сәл қиындау. Өйткені пандемия кезінде құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Ірі қалалардағы блок бекеттердің қойылуына байланысты құрылыс алаңындағы жұмысшылар бір қаладан екінші қалаға жете алмай қалды. Көрсеткіштердің төмен болуына қарамастан Үкімет мақұлдаған Ұлттық экономика министрлігінің статистикалық мәліметі бойынша құрылыс саласындағы көрсеткіш 6 есе өсті делінген. Біз мұнымен келісе алмаймыз. Методикалық есептеу дұрыс емес. Елде төтенше жағдайдың енгізілуі барлық жоспарланған бастамаларды тұралатты. Ал 2021 жылы құрылыс саласындағы жоспарлы меже орындалмай, статистика төмен цифрды көрсетуі мүмкін. Ескереті, құрылыс неғұрлым ұзаққа созылған сайын баспананың шаршы метрі де қымбаттайды. – Әр қазақстандыққа 10 сотық жер берілетін болса, бұл бастама тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді? – Баспанаға мұқтаж 2 млн 800 мың адамға тұрғылықты мекен жайы бойынша 10 сотық жер берілген жағдайда, адамдарға қаланың ішіндегі көп қабатты үйлерді сатып алғаннан гөрі, 10 сотық жерге үй салған арзанға түседі. Елдің бәрі жаппай жер үй сатып алуға көшкен кезде, қалалардағы пәтерлерге сұраныс төмендеп, нарық заңдылығы бойынша баға өздігінен арзандайы. Дал қазіргі пандемия белең алған тұста, әлем елдерінде қала сыртындағы жер үйлерге сұраныс артқанын көріп отырмыз. Бұл бастама биылдан бастап қолға алынса, 7-8 жылдың көлемінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыссыздық мәселесін шешу, экономиканы тұрақтандыру сынды бірнеше мәселенің басын қайыруға болады. – Тәуелсіздік жылдарынан бері елдегі құрылыс саласында қандай өзгерістер орын алды? Мемлекет бұл салаға қаншалықты көңіл бөлді? – Тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл. Батыс елдері 20 жыл ішінде бүтін бір елді толықтай баспанамен қамтудың құрылыс жоспарын орындады. Мысалы, 80 млн халқы бар Германия толықтай баспанамен қамтудың түйіткілді мәселелерін алдын ала ойластырған. Бүгінде бұл елде үй-күйсіз жүрген адам жоқ. Бұл тізімде дамыған бірқатар батыс елдерінің озық үлгілерін атауға болады. Ал біз 30 жылдың ішінде әлі баспана мәселесін толық шеше алмай жатырмыз. Осы қарқынмен жүре беретін болсақ, алдағы 30 жылда да халықты баспанамен қамту мәселесі оң шешім таппайды. Сондықтан қауымдастық атынан ұлттық жоба ұсынып отырмыз. Ұлттық экономика министрлігі келтірген мәлімет бойынша елімізде 2 млн 800 мың баспанаға мұқтаж адам бар екен. Бұл адамдардың банкте қаражат жинауға мүмкіндігі жоқ. Оларды баспанамен қамту үшін жыл сайын мемлекеттік қазынадан 3 трлн теңге бөлу керек. 10 жылда 30 трлн теңге қажет. Ал біз ұсынған Ұлттық жоба бойынша баспанаға мұқжат әр қазақстандыққа қаланың сыртынан 10 соттық жер беру тиімді болмақ. Мысалы, инфрақұрылым үшін 6 трлн теңге қажет болады. Бұл жол салуға және электр қуатын өткізуге кететін ақша. Осы ретте 30 трлн теңге мен 6 трлн теңгенің арасында айырмашылық бар ғой. Қаланың сырты болғанымен несиелендіру көзі болса, мектеп пен балабақша мәселесі де оң шешім табады. Өйткені бұл кәсіпкерлер үшін тиімді бизнес. – Халықтың басым бөлігі қолма қол қаражатқа үй сатып ала алмайды. Ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болуға ниетілер саны көп. Мысалы, 7-20-25 сияқты бағдарламалар тек бастапқы жаңа үйлерді береді. Белгілі болғандай, еліміздің кейбір өңірлерінде жаңа үйлер тапшы. Түркістан облысында 7-20-25 арқылы бірде бір үй берілмеген. Себебі, жаңадан салынған үй жоқ. Осындай мәселелерді сіздердің қауымдастық қалай шешуді жоспарлап отыр. – Біздің қолымызда билік те, қаражат та жоқ. Біздің қауымдастықта 800-ден аса әртүрлі мекеме бар. Оның ішінде инвесторлардың қаражатымен Үкіметтің бағдарламасы бойынша я болмаса жекелей үйлер салып жатқан компаниялар бар. Расымен, сіз атып отырған 7-20-25 дайын үйлерге арналған. Ескеретіні, қазіргі кезде банктер ұсынып отырған несиелердің пайыздары үлкен. Төлем жоғары болғаннан кейін әркімнің қалтасы көтере бермейді. Тиімді бағдарлама ретінде «Нұрлы жерді» атап өтуге болады. Тек бұл бағдарлама бойынша дайын үйлер сатылуы керек. Жасыратыны жоқ, дайын баспаналардың саны аз. Сол үшін қазіргі кезде дайын бар тұрғын үйлерді босқа қаңыратпай, қолжетімді етіп беру керек. Бұл ретте қауымдастық тарапынан талай ұсыныс та айтқанбыз. – Құрлыстағы мердігер компаниялар салымшылардың қаражатын қайтармай, я болмаса тұрғын үйдің құрылысы уақытында аяқталмай жататын жайттар жиі орын алады. Осы ретте, компаниялардың реитингін шығару, компаниялардың тарихын жасау сияқты бастамалар бар ма? Сіздіңше қазіргі кезде халықтың сеніміне кіріп үлгерген алғы шептегі компаниялар қандай? – Әрине, қай салада болсын кемшіліктер бар. Барлық бағдарламалар мен бастамалардың толықтай сәтті жүзеге аспайтыны сияқты компаниялардың да бірі жақсы болса, енді бірінің кемшіл тұстары көрініп қалып жатады. Нарық заңдылығы бойынша бірі оза шапша, енді бірі қалыс қалуда. Тек қай ортаны да бәсекелестік дамытады. Сонда ғана нәтиже болады. Құрылыс компанияларының ішінде мынау артық, мынау кем деп бөле алмаймын. Қай компания болсын бағыты дұрыс, ниеті таза болса, қолдауға дайынмын. – Құрлыс саласында тендер жүргізу ісі қаншалықты ашық, жариялы түрде жүргізіледі. Қандай кемшіл тұстары бар? Қандай өзгерістер енгізу керек? – Байқаудың талаптарында кейбір қателіктер орын алып отыр. Мысалы, қай компания салықты көбірек төлейді, соның басқаларға қарағанда конкурсты жеңіп алу мүмкіндігі жоғары. Әрине ірі компаниялардың салықтары көп. Соған сайкес жобалар да солардың еншісіне бұйырады. Сол себепті, ірі я болмаса орта компаниялар бәсекелестікке түсе алмайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Ірі компаниялардың ғана ығына жығыла бермей, басқаларына да мүмкіндік беру керек. Салықты кім көп төлесе, соны жеңімпаз ететін қағиданы алып тастау керек. – Құрылыс саласындағы отандық өнімнің үлесі қанша? Қандай материалдарды толықтай өзіміздікі деп айта аламыз? – Ресми органдардың ақпаратында құрылыс материалдарының 90 %-ы отандық өнім деп айтылып жүр. Бұл да жалған ақпарат. Шын мәнінде біздің құрылысқа қолданып жүрген материалдардың 40-45%-ы өзіміздікі. Негізгі құрылысқа қажетті заттардың барлығын сырттан аламыз. Әрине, баға доллардың бағамына байланысты болады. Көк қағаз қымбаттаса, құрылыс заттары шарықтап шыға келеді. Әрине бұл баспана бағасының аспандап кетуіне әкеп соғады. Негізінде барлық өнімді өзімізде дайындауға қабілетіміз жеткілікті ғой. Тек айналып келіп қаражат мәселесіне келіп тірелеміз. Ол үшін ішкі кәсіпкерлікті дамыту үшін төмен пайызбен несие берілуі керек. Кәсіпкерлікті ынталандырып, бәсекелестік орта қалыптастырған жағдайда ғана «отандық өнім» деп ауыз толтырып айтуға болады. Министрлік пен жергілікті атқарушы органдар ашық жобалардың санын арттыруға мән беретін уақыт жетті. Әсіресе өңірлерді дамыту маңызды. – Үй бағасына әсер ететін факторлар қандай? – Құрылыс саласындағы компанияларға бәсекелестікті дамытуға басымдық беру маңызды. Бағаның түсуіне ең алдымен әсер ететін фактор осы. Әлем елдеріндегі экономиканы дамытқан салалар бәсекелестіктің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ол үшін алдымен таза, ашық, біреудің ырқыны жығылып кетпейтін әділ жүйе болуы керек. Мемлекет кәсіпкерлікке жалданған жұмысшы сияқты емес, әріптес ретінде қарауы тиіс. Кәсіпкерлік өз пайдасын, билік өз мүддесін ойламауы керек. Қысқа мерзімді емес, ұзық мерзімді келісімдердің орнауы үшін ең алдымен сенім, жауапкершілік болуы тиіс. – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Еркежан АЙТҚАЗЫ