Бизнестің алуантүрлі бағыттарының өкілдерін жинаған «Сәттілік марафоны» ауқымды шарасына Маңғыстау, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері қатысты. Осынау маңызды әрі пайдалы іс-шара Қазақстанда үшінші рет өткізіліп отыр. Биылғы жылдың 20 тамызында «Сәттілік марафонына» Атырау қаласы қосылды. Ал бұл дегеніңіз форумның географиясы күн сайын өсіп, сонымен қатар оқып жатқан кәсіпкерлер де артып келе жатқанын білдіреді. Биылғы марафон жаңа форматта, тұңғыш рет онлайн түрде өткізілді. Шараның ұйымдастырушылары Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «Шелл Қазақстан» компаниясы. Марафонның бағдарламасы Қазақстанның батыс аймақтарындағы ісін жаңадан бастаған және бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлердің инновациялық дамуы мен бизнес идеяларын қолдауға барынша бағытталған. Жобаның басты мақсаты кәсіпкерлердің басқарушылық білімі мен дағдысын дамытып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға күш салу арқылы бизнесті жүргізуде бәсекеге қабілеттілік пен тиімділіктерін арттыру. Онлайн форумның хэдлайнері, «Меломан» және «MARWIN» компаниялар тобының негізін қалаушысы әрі ортақ иесі Александр Дериглазов өзінің сәттілікке жету тарихымен бөлісті. Нақтырақ айтқанда, ол облыс орталығындағы кішкентай ғана дүкен елдегі кітап, аудио, видео өнім мен басқа да тауарлар ассортименттері сатылымы бойынша ірі компанияға қалай айналғанын, тұрақты өзгеріс режимі кезіндегі әрекет ету алгоритмі, онлайнға шұғыл өту жағдайында бизнес жүргізу әдісі, сонымен қатар жеке кәсіпкердің құпиялары туралы айтып берді. Сонымен қатар марафонда Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жергілікті әкімдік кәсіпкерлерге әрдайым көмектесуге дайын екенін жеткізді: «2020 жыл күн сайын бізге тосын сый алып келіп жатыр. Дағдарыс – қашан да жаңа мүмкіндіктердің уақыты. Біз қазіргі уақытта жаңа секторлар пайда болып, жаңа шынайылық қалыптасып жатқанын, оған қоса адам капиталының дамығанын бақылап отырмыз. Бұл ретте «Сәттілік марафоны» аймақтағы орта, шағын және микробизнесті сапалы түрде дамыту үшін өткізіліп отыр. Әлеуметтік жауапкершілікті жоғары деңгейде танытып, Қазақстанның батысы, тіпті жалпы Қазақстанның экономикасына белсенді түрде атсалысқан Шелл компаниясы мен ЕҚДБ-ға жеке алғыс айтқым келеді. Жобаның үшінші жылы сәтті өтсін деп тілеймін. Біз алдағы уақытта да жергілікті билік тарапынан барлық бастамаларға қажетті барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз».
«Сәттілік марафонының» маңызды бөлігі – бес модуль бойынша бірегей оқыту бағдарламасы өтеді: 1 модуль – «Жаңа бизнес-идеялардың генерациясы мен өткізу нарығын іздеу»; 2 модуль – «Жаңа бизнестің қаржылық моделі»; 3 модуль – «Жобаны және команданы басқару, бизнесті дамытудың стратегиясы»; 4 модуль – «Жаңа бизнесті таныстыру»; 5 модуль – «Цифрландыру».Бағдарламаның қатысушыларына табысты бизнестің негіздері бойынша тегін тренингтен өту мүмкіндігі беріледі. Ал бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлерге ол өз ісін дамытып, инновациялық бағыттарды ашу үшін өзінің басқарушылық дағдысын көтеруде бірегей мүмкіндік болып табылады.