Қарағандыда қымыздан рекорд орнатылды
Қарағандыда қымыздан рекорд орнатылды
237
оқылды

Бір сәтте 10 000 литр қымыз пісіліп, рекорд жасалды.


Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында рекорд орнатылды. Бір мезгілде тұрғындар 10 000 литр қымыз пісті. Бұл жетістікті ресми түрде халықаралық сарапшылар тіркеген. Бұл жайында «ҚазАқпарат» хабарлады.



Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының 90 жылдық мерейтойы және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы ерекше ауқымда аталып өтті. Бұл күн тарихта қалу үшін аудан тұрғындары қымыз пісу бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бір уақытта 1000 күбіге құйылған 10 000 литр бие сүтін ұлттық киім киген қыз-келіншектер пісіп шықты.

«Бүгін Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы мен Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай үлкен шара өтуде. Осыған байланысты қымыздан рекорд жасалды. Қазақстанда мұндай рекорд алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл өте қиын. Себебі, қазіргі заманда күбі табу оңай емес. Ал мұнда мың күбі болды. Бұл рекордты болашақта жаңарту қиын болады», – деді Гиннестің рекордтар кітабының Қазақстандағы ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков.

Кітаптың редакциялық алқасы бар. Оларға бейне және фото материалдар, есептеу нәтижелері жіберіледі. Алқа осы рекордты қарастырып болған соң, ол кітапқа енгізіледі. Гиннестің рекордтар кітабы екі жылда бір рет шығарылады. Биыл ол өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай қараша айында кезектен тыс нөмір шығады.

Сол кезде Жаңаарқа ауданы тұрғындарының ұлы жетістігін оқуға болады. Қарағанды облысына рекордты белгілеу үшін Гиннестің рекордтар кітабының ресми халықаралық өкілдері келді.

– Рекорд осы іс-шараларға қатысатын адамдардың ең көп саны, қымыз және күбі саны бойынша есептелді. Нәтижелер бүгін дайын болып, бұл рекорд алғаш рет орнатылды. Әртүрлі секция өте көп. Бірақ осы іске қатысушы адамдардың ең көп саны және қымыз көлемі мен күбі саны бойынша осы рекорд ең алғашқысы, – деді Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Идельгес Диаз.

Шараға қатысу үшін Жаңаарқа ауданының 12 ауылдық округі және 2 кентінен тұрғындар жиналған. Ұйымдастырушыларға рекорд орнатылғанын куәландыратын сертификат берілді.